» » » Бәбіш-Молла қалашығы

Бәбіш-Молла қалашығы

Қармақшы ауданында ежелгі және ортағасырлық қалалардың орнына археологиялық зерттеу жұмысы жүйелі жүргізілуде. Археологиялық қазба кезінде көне қалалардың орнынан табылған жәдігерлер – біздің мәдениетіміздің өте ерте дамығанының тарихи дәлелі. Осы көне қалалардың тұрғындары мен қазақ халқының арасындағы тектестікті, ұрпақтар сабақтастығын зерттеуді тереңдете түссек, аймағымыздың көне тарихының әлі де болса айқындала қоймаған тұсын ашуға мүмкіндік алар едік. Бұл қазақ халқының Сыр бойындағы ежелгі қалалар өркениетінің заңды мұрагері ретінде ата-бабаларының ерлікке, бірлікке, елдікке ұмтылған өткен тарихы мен шежіресіне мақтаныш сезіммен қарауға тәрбиелейтіні сөзсіз. Өйткені жерімізде әлі күнге құпиясы ашылмаған тарих және мәдениет ескерткіштері аз емес. Қазақстан Республикасының материалдық және рухани мәдениетінің тарихында сәулет ескерткіштері мен қала құрылыстары айрықша орын алады. Көне қалалардың орыны, керуен сарайы, діни орын мен мешіт, мавзолей, қорымды-мінәжат кешендері кең байтақ қазақ даласын мекен еткен байырғы бабаларымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің нақты айғағы. Мұндай мұралар аудан аумағында көптеп саналады.
Бәбіш молла қалашығы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 47 шақырым жерде орналасқан. Ол бірнеше қоныстан тұратын кешен. Бәбіш молла ескерткіш кешеніне Жаңадарияның сағаларының арасында ендік бағытта 40 шақырым және меридиандық бағытта 15-20 шақырымға дейін созылып жатқан үлкен қоныс ортасында орналасқан Бәбіш молда-1 қалашығы және Бәбіш молла-2 (ғибадатхана) жатады. Алғаш рет 1950 жылы С.Толстовтың жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген.
Қоныстарды сумен қамтамасыз ететін негізгі магистральді арна Бәбіш молладан оңтүстікке қарай 6 шақырым жерден бастау алады. Осы арна бойынша 3 қоныс орналасқан, бірі – бекініс жанында, екіншісі– солтүстікке қарай 1 кмшақырым, үшіншісі – оңтүстікке қарай 1,5 шақырымда.
Жанадария өзенінің оң жақ жағалауындағы төбеде, Шірік-Рабаттан жоғары, көне дәуірге жататын білікпен қоршалған тік бұрышты жайлар және құм қорғанның қалдықтары табылды. Солтүстігінде төртбұрышты қамал орналасқан, ауданы 100х100 м, бұрыштарында және шығыс қабырғасының ортасында кішкентай жұмырланған мұнаралары бар пахсадан жасалған қабырғамен қоршалған. Қамалдың төртбұрышты нысанына төртбұрышты ғимарат қосылған. Қамал мен осы ғимараттың қабырғаларында хорезмдік типті желпуіш тәрізді үш қабатты атыс ойыстары бар. Оның сыртқы қабырғасының оңтүстік-шығыс жағына тағы бір қираған ірі құрылыстың мықты қабырғасы жалғасып жатыр, ауданы 30х30 м, қабырғасы 4-5 м биіктікте сақталған. Қамал мен құрылыстың оңтүстігінде мықты қабырғамен қоршалған қала аумағы іргелес жатыр, оның қалыңдығы кейбір жерлерде 5,3 м дейін жетеді, күйдірілмеген кірпіштен қаланған мұнараның қабырғалары пахсалы жертөле қабатына орналастырылған. Қала ішіндегі қоныстар оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.
Бәбіш молла-1 қалашығының ішінде, негізінде оңтүстік-батыс бөлігінде құрылыс орны көптеп кездеседі. Бөлмелері пахсалық блоктардан қаланған – сыртқы (4 метрге дейін) және ішкі (1,5 метрге дейін) қабырғалары үлкен қалыңдығымен ерекшеленеді. Әр қазылған бөлмелердің ортасында кешкене тікбұрышты ошақ қатары кездеседі. Кешенде қола сынықтары, малдардың сүйектері, сондай-ақ ескерткіштің орташа қабаттарына тән жерге көмілген хумдар кездеседі. Қазба жұмысы барысында қамал бірнеше құрылыс кезеңін өткергені анықталды, хронологиялық шегі б.з.д. IV – II ғ.ғ. жатады.
Барлық орында тұрғынжайлар болған, оларда тұрмыстық шұңқыр, диірмен тасын орнату үшін жасалған қатар, мәдени қабатта жануардың сүйегі және тұрмыстық қыштардың қалдықтары көптен кездеседі. Бұл қабаттарда табылған қыш ыдыстардың пішіні ерте парфяндық кешенге сәйкес, ернеуі ішке қарай тартыла келген және шеттері тегіс. Қалған қыш ыдыстар (ернеуі дөңгелекше келген хумдар мен құтылар т.б) жоғарғы мәдени қабаттарда кездеседі. Кейбір бөлме қойма болған, олардан хумдар табылған.
Қалашыққа тікелей жақын жерде Бәбіш молла – ІІ жерлеу ғимараты орналасқан. Бұл төрт бұрышты ғимарат, аумағы 21х21, 6 қатар пахсалы блоктан құрылған жертөле іргетасымен (30х30 м) жазықтық бетінен 7 м биіктікте орналасқан. Бөлмелер күмбездермен жабылған және дәлізбен бір-бірімен жалғасқан, крест тәрізді айқасатын және қораға шығатын аркалы есіктері бар жерлеу бөлмелерінен құралды. Оның ауданы 4.4х5 м-ден 5,3х6 м-ге дейін жетті. Ішінде арнайы жерлеуге арналған тақтайларда жерленген адамның сүйегі табылған. Көптеген жерлеу бұйымдары табылды, бұл жерленгендердің жоғарғы әлеуметтік ахуалына ие болғандығын дәлелдейді. Қазба жұмысының нәтижесінде табылған материалдар кешеннің ең көне ескерткішерінің б.з.д. IV–II ғ.ғ. жататынын анықтауға мүмкіндік берді.
Бәбіш молла – ІІ құрылысы Бәбіш молла – І қалашығымен тығыз байланысты болғандықтан үлкен қызығушылық тудырады. Екі ескерткіштің ерекшелігін олардан табылған қыш ыдыстардан байқауға болады. Бәбіш молла – ІІ нысанының қолмен жапсырылған және қолөнерлік қыштары хорезмдік жұпыны пішінімен айрықша. Жапсырмалы қыш ыдыстар арасында құты, тегеш, хумдар мен хумчалар бар. Бәбіш молладан табылған ыдыстардың барлық түрі қаңлылар кезеңіндегі Хорезмде кездеседі. Өрнектелген құмыралардың аздаған бөлігі сазды келген, ұзын және тік ұңғымамен өрнектелген және саусақпен басып өрнектелген ірі құмыралар табылған. Бұл әдісті төменгі Сырдарияның жетіасарлық қышшылары пайдаланған.
2018 жылы Алматы қаласы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері, археолог Ж.Утубаевтың жетекшілігімен Бәбіш молла қалашығында өткізілген қазба жұмыстарына аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қатысып, анықталған тың деректер бойынша ғылыми тұжырым жасады. Сондай-ақ тарихи деректердің дәлелі ретінде табылған археологиялық заттарды көпшілікке кеңінен насихаттауда аудандық музейге өткізілді.
Шаруашылық мақсатта астық немесе сұйық заттарды тасымалдау, сақтауда пайдаланылған үлкен көлемді ыдыстар шарық көмегімен дайындалып, сапалы күйдіріліп жасалған. Түсі қызыл, қанық қызыл түсті ангоб іздері жақсы сақталған. Қысқа мойынды ернеуі жалпақтанып, сыртқа қайрылған қимасы дөңгелек пішінді. Сыртқы беті бұдырланып келген. Ернеу диаметрі 36 см, қабырға қалыңдығы 1,5-2 см аралығында. Бүйірі кең, иығы түсіңкі құмның сыртқа қайрылған ернеуінің диаметрі 54 см. Бүйірінен аузына қарай тарыла түскен құмның ернеу жиегі кертіктеліп безендірілген белдемшесі бар, ұқыпты әрі сапалы жасалған.
Атап айтқанда үлкен көлемді құмыралар мен басқа да тұрмыстық заттар жасалу технологиясы мен сапасы жағынан ерекшелігін, біздің заманымызға дейінгі кезеңдерде Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойында өркениеттің гүлденгенін көрсетеді.
Жоғарыда айтылған экспонаттар коллекциясы қазіргі таңда музей залына қойылып, келушілердің қызығушылығын тудырып таңқалдыруда.

Т.ЛЕДЕНЁВ,
Қармақшы аудандық
тарихи- өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
22 қазан 2019 ж. 2 301 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031