» » » Сырға толы дәптер

Сырға толы дәптер

Қай жылдар екені есімде қалмапты. Ұмытпасам, 1980 жылдар болуы керек. Атақты Жиенбай жыраудың баласы Рүстембектің бел баласы, Жиенбай немересі Бидас жырау екеуміз Алматы қаласында ұшырасып қалдық. Бидас Алматыға сол уақыттағы мәдениет министрлігінің шақыруымен келгенін айтып, бірнеше күн осы Алматыда, өзін арнайы шақырған құзырлы министрліктің жоспарлап қойған жерінде болатынын айтты. Сонымен не керек, екеуміз осы Алматы қаласында тұратын теміржол институтының деканы, ортақ ағамыз Зарқұм Сартайұлының үйіне барып сәлем берейік деп шештік.
Сөйтіп түс ауа Интернационал кө­ше­сінде тұратын ағайдың үйіне келіп, есіктің қоңырауын бастық. Алдымыздан күле қарсы алған марқұм Дәмеш жеңгеміз бәйек болып, ауылдың амандығын сұрап жатты. Ша­йын шапшаң дайындап, жұмыстағы Зар­құм ағамызға телефон шалып, ауылдан інілерің келді» деп көрпеше салып, бәріне үлгеріп жатыр. Біз шайға отыра бергенде Зарқұм ағамыз да келіп, мәре-сәре болып қалдық. Шай ішіліп жатқанда ол маған қарап: «Нұртілеу, мына Бидастың үйге келуі біз үшін үлкен қуаныш. Осы үйде майдангер-ақын Әбзәли Егізбаевты зерттеп, ол кісі туралы көп еңбек жасап жүрген Көбей Сейдаханов деген ғалым тұрады. Ол кісі кім көрінгеннің шақырғанына бара бермейді. Мен барып «Бидас келіп отыр, бірге болыңыз десем, келетіні анық», – деп тез үйден шығып сәлден соң Көбей ағамызды ертіп келді. Біз Бидас екеуміз ұшып тұрып, ол кісіні төрге оздырдық. Күнде көріп жүрген кісіше қызу әңгімеге араласып кеттік. Ауылдағы Нағымет ағайдың, Қаншай апайдың, Амангелді ағайлардың барлығын қалдырмай-ақ сұрап жатыр. Бидас та қолына домбырасын алып, Әбзәли әкеміздің майданда жүріп елге жазған өлеңдерін бірінен соң бірін иірімді мақамдарға салып айтып жатыр. Ағамыз болса теа­трда отырғандай орнынан тапжылмай тыңдап қалған. Көбекең әңгіме барысында мұнан бұрын Көшенейдің Алматыға келген бір сәтінде үйі­не шақырып, өлең-жырларын тың­дағанын айтты. Сол кезде осы үйдің төменгі қабатында тұратын сатирик ақын Оспанхан Әубәкіров Көбей ағаның үйіне ентігін баса алмай кіріп: «Ой, Көбеке, мынау не деген дауыс, не деген көмейі ашық адам, төменде тұрған менің төбемнен аяғыма бір-ақ жеткен мына дауыс үшін жүгіріп келдім», – деген екен. Арадағы шамалы үзілісте Көбей ағамыз Әбзәли Егізбаев жөніндегі тың дерек пен зерттеулерін қолмен ұстап, көзбен көргендей етіп баяндағанда біз таңғалған едік.
«Әбзәли Егізбаев 1942 жылдың маусымында майданға аттанған. Ол оған дейін «Ақтайлақ кезеңдегі» Тұр­мағамбет ашқан мектепте Тұр­мағамбеттің өзінен тәлім алады. Онан кейінгі жылдары Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын педучилищені сырттай оқып бітіреді. Онан кейінгі жылдарда комсомол, кеңес жұмыстарында болып, мұғалімдікке ауысады. Өте сауатты, білімді мұғалім болады. Асыра сілтеу, қуғын-сүргін жүз жырауымен ақынның мекені болған Ленин кеңшарын да аттап өте алмады. Әбзәли директор болып жүрген Ленин атындағы мектептегі жаңа оқу жылына мектептің жөндеу жұмысы әуелі қасақана кешіктірілді деген айыппен сол ауылдан бірнеше ағайынымен Магаданға айдалады. Одан 1940 жылы ақталып шығып, мұғалімдік жұмысына кіріскен уақытында көп кешікпей соғыс басталып, майданға аттанады. Соғыстың аты соғыс. Өлім мен өмір шайқасы. Воронеж шайқасына алғашқылардың бірі болып кіріп, қараша айында басынан, қолынан ауыр жарақат алып, әскери госпитальда емделеді. «Жорық жолында» атты ұзақ өлеңін және бірнеше арнау, хат өлеңдерін сол әскери госпитальда жазады. 1943 жылдың ақпан айында тағы да майданға кіреді. Сол кезден бастап жеңіс күніне дейін майданның алғы шебінде болады.
1945 жылы 8 тамызда Жапон империа­листеріне қарсы соғыс бас­талады. Жауынгер-ақын батыстан шығысқа жол тартып, осы соғыстың қызу жүріп жатқан кезіне тап болған. Сол қиянкескі шайқастардың бірінде 1945 жылдың 29 тамызында қаза тапқан. Кеңес империясының жабық саясатына сәйкес қаза болды деген «қара қағаз» 1945 жылдың 12 желтоқсанында Қармақшыға келеді. Ал мына «Алға талпын» деген 1945 жылдың 5 тамызында жазылған ақырғы өлеңі болса керек», – деп Кө­бей ағамыз оның бір шумағын жатқа айтып еді.
Жарты әріп жалғаны жоқ, жан дос­тарым,
Сағындым, сұлу Сырдың суын салқын.
Көктөбе, Жетіасар мен Жосалының,
Көремін құмын күміс, тасын алтын.
Осы өлеңді Бидас домбырамен аяғына дейін түрлі иірімге, мақамға салып орындағанда Көбей ағамыз көзіне жас алды. Сосын ауыр күрсініп, әңгімесін әрі қарай жалғастырды. «Жаңағы Бидас орындаған «Алға талпын» өлеңі жастарға қалдырған өсиет, «ғылым мен техниканы меңгер, талаптан, ізден, үйрен, ұмтыл, қатарыңнан қалмай, алға талпын» деген. Бұл хат – ақынның елге, ұрпаққа, келе­шекке, болашаққа жазған соң­ғы өсиеті. Әбзәли Егізбаевтың шығар­машылығын көп зерттеп жүріп, май­дандағы «Дала поштасынан» жіберген хаттары мен ел аузында сақталып келген шығармалары менің қолыма түсті. Кейіннен арнайы экспедициямен Қармақшыға барып, көптеген зерттеу жұмысын жүргіздім. Ақынның көзі тірі замандастарын, өзі сабақ берген шәкірттерін, майдандас болған кісілерімен кездесіп, пікірлестім. Сонда мен «Қарумен қатар қалам ұстаған қайбір солдат болмасын асығыс жазып, асылдай сақтап жүрген жазба дәптері, өлең дәптері болуы да мүмкін-ау, әттең, ол табылар ма еді» деген едім. Сөйтіп, жауынгер-ақынның туған-туыстарымен қоштасып, Алматыға қайт­қанмын. Сол жерде сондай болжалды білгендей айтқан екенмін. Дәптер табылды».
Көбекең осылай дегенде біз елең ете қалдық. Мұнан әрі қызық әңгіме жалғаспай қалатындай жаңа демделіп келген шайдан жаңалап, Көбекеңнің алдындағы кесесіне шай құйып қойдым. Өйткені сағат таңғы 5-тің шамасы болып қалып еді. Бір жақсысы Көбекең әңгімесін әрі қарай жалғастырды. Мен іштей қуанып қалдым. Мынау – сол әңгіме.
...Бір күні, 1973 жылдың көктемі болса керек, мен отырған кабинетке жасы 40-ты еңсеріп қалған қараторы бір жігіт кіріп:
– Көбей Сейдаханов сіз боласыз ба? – деді.
– Иә, мен.
– Сізге бір аманатты тапсырғалы келіп едім, – деді ол.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынадай екен. 1945 жылы 3 қыркүйек­те Жапон империалистерімен соғысқа қатысып, тірі қалған жауынгерлерді елге қайтара бастаған. Шамасы, сол жылдың қараша айының ортасы болса керек, күн ызғарлы, суық болғанға ұқсайды. Іңір болса керек, бірінші Алматы вокзалына шығыстан келе жатқан ұзын эшолон тоқтады. Сұр шинель киген бір солдат қос балдақпен вагоннан ешқандай көмекшісіз әрең түсіп, жан-жағына жалтақтап қарай береді. Сол уақытта солдатты бақылап тұрған жол қараушы: «Шырағым, кімді іздедің?» – дейді. Сонда жарымжан солдат: «Майданда мерт болған қарулас серігімнің қойын дәптерін кімге тапсырып кетерімді білмей тұрмын. Сізге берейін», – дейді. Сөйткенше болмай эшолон жүре бастайды. Қос балдақты сол­датты қолтығынан демеп, пойызға асығыс мінгізген жол қараушы дәп­тердің де, оның иесінің де, әлгі сол­даттың да мән-жайын сұрап білуге мұр­шасы келмей, аң-таң күйде қала береді.
Осы жағдайлардан хабар берген әлгі жігіт бұл дәптердің өзінің қолына тигеніне де 5-6 жыл болғанын айтты. Демек, оның айтуы 1966-1967 жылдар шамасына келеді. Алматы вокзалына түскен жарымжан солдаттан дәптерді алған жол қараушы кісі арабша әріпті танымайтын кісі болыпты. Дәптердегі жазудың не туралы екенін білмесе де жоғалтпай 20 жылға жуық сақтапты. Бір күндері ол менің алдыма келіп тұрған жігітке кездейсоқ кездесіп, оның Қытайдан келіп, арабша оқи алатынын біліп, болған жағдайдың бәрін айтып аманатты осы жігіттің қо­лына тапсырыпты. Ол дәптерді қолына алғаннан кейін түгел оқып шығып, соның бәрін маған келіп жа­йып салды. Сөйтсем, оның өзінің де өлең жазатыны бар екен. Дәптерде ешқандай мекен-жай жазылмаған, қай жердікі екені де көрсетілмеген. Оның маған келу себебі, мен сол кездері «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде майдангер-ақындардың өлеңдерін іздестіріп, сұрау салған мақалаларым көбірек жарияланып тұратын. Сол мақалалар көзіне түсіп, мені газеттегі мақалада көрсетілген қызметтік орныма іздеп келген беті екен. Сонымен не керек, ол жігітпен таныстық. Алматы мақта-мата ком­бинатының жұмысшысы Тауфиқ Жексенбеков деген жігіт болып шықты. Мен Тауфиқтан «осы дәптерді өзіңе берген кісімен қалай жолығуға болады» деп сұрағанымда ол кісі қайтыс болғанын, әйелінің басқа жерге кө­шіп кеткенін айтты. Менің па­йымдауымша, майдангер-ақын Әбзәли ауыр жараланғаннан соң уақыт алдырмай дәптерін қасындағы жолдасына өз қолымен тапсырған сияқты. Әрине, ауыр жарақат мекен-жайын айтуға үлгертпеген. Сондықтан қасындағы жолдасы аманатқа адалдық жасап, Алматыға жеткізсем, осындағы бір мәдени шығармашылық мекемесінің бірінің қолына түссе назар аударар деген ниетпен жолына жолыққан жол қараушыға беріп кеткен. Балдақты соғыс солдаты қателеспепті.
Көбей ағай осыны айтқанда таң ата бастаған. «Ау, қазір жұмысқа кешігеміз ғой. Әңгімені ертең жалғастырамыз» деп, Бидас екеумізді ертеңге тағы да үйіне шақырды. Біз пойызға отыратынымызды айтып, жаңағы әңгімені не болса да аяқтаңыз деп қолқа салдық.
Сонымен төсқалтаға сиятындай шағын дәптердің 67 беті майда шрифпен жазылған. Өлең шумағы 1942 жылдың күзінде басталған дәптердің соңғы өлеңі 1943 жылдың қаһарлы қысында бітеді. Небәрі 1300 жол шамасы. Кейбір өлеңдері және «Мақсұт» дас­таны болмаса, бірсыпыра бұрын бізге белгісіз шығармалар болды. Ақынның жырлары 1978 жылы шыққан «Жыр аманат» 1974 жылы «Оқ үзген жырлар» жинағындағы «Майдан жырлары» атты тарауы, майдан поэзия­сынан арналған еңбектерінде Әбзәли жырлары көбірек басылып шықты. Ә.Егізбаев көрнекті майдангер-ақын ретінде «Қазақ совет энциклопедия­сынан» лайықты орын алды. Ақын есімі Қазақстан Жазушылар одағының еңселі ғимаратының кіреберіс залдағы Ұлы Отан соғысында қаһармандық көрсетіп, қазаға ұшыраған қалам­герлердің қатарында алтын әріппен жазулы тұр. Майдангер-ақын Ә.Егіз­баевқа Қызылорда қаласынан, туған жері Қармақшы ауданы орталығынан көше берілді. Өзі оқыған Қызылорда қаласындағы педучилищеге тақта қойылып, Қармақшы ауданы орта­лығынан мектептің аты берілді. Ақын­ның 80, 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Ал 1996 жылы «Елімнің сырын еттім жыр» атты өлеңдер жинағы жарық көрді, – деп сөзін аяқтады Көбей ағамыз.
Бұл кезде түс мезгілінің болып қалғанын Дәмеш апаның алдымызға ас алып келген кезінде бір-ақ сездік. Түскі асты ішіп, Көбей ағамен қимай қоштастық.
Отан үшін құрбан болған жа­уынгер-ақынның жан қалтасында жү­ріп, ащы тері сіңген дәптері 28 жылдан кейін өзінің іздеушісін табуы сол кездің бір үлкен жаңалығы болса, 46 жылдан кейін сол сарғайған дәптердің сыры жайындағы естелік өткенімізге бас иіп, өшкенімізді қайта тірілткендей болды.

Нұртілеу САЛЫҚОВ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
16 қыркүйек 2019 ж. 1 304 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 030

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031