» » » Алтынның сынығы

Алтынның сынығы

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ЖЫРАУЛЫҚ, ЖЫРШЫЛЫҚ, ӘНШІЛІК РУХАНИ ҚАЗЫНАСЫ ДӘСТҮРЛІ МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАЙТЫНЫН ӨМІРДІҢ ӨЗІ ДӘЛЕЛДЕУДЕ. ҰРПАҚ ЖАЛҒАСТЫҒЫ ҒАСЫРЛАР БОЙЫ БОЙЫН ДА, ОЙЫН ДА ТҮЗЕП, ЕЛ ІРГЕСІН БЕРІК ҰСТАП, ХАЛҚЫМЫЗҒА ҚЫЗМЕТ ІСТЕП КЕЛЕДІ. ЖЫРАУДЫҢ, ТЕРМЕШІ, ЖЫРШЫНЫҢ ОРЫНДАУЫНДАҒЫ ҚИССА, ДАСТАН, ЖЫР ТОЛҒАУЫМЕН АУЫЗДАНЫП, СОДАН ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ АЛЫП, ӨРКЕНДЕП ӨСКЕН ЕЛМІЗ. ҚЫСТАУ МЕН ЖАЙЛАУДАҒЫ ҚАНДАЙ БІР КЕШ БОЛМАСЫН ЕЛ ЖИНАЛЫП ЖЫРАУ ӨНЕРІН ТАМАШАЛАЙТЫН. ҚАНДАЙ ДА БІР ТОЙ, ҮЛКЕН АС ЖЫРАУСЫЗ ӨТКЕН ЕМЕС. МЫНА АУЫЛДА МЫНАДАЙ БІР КІСІНІҢ ҮЙІНДЕ ЖЫРАУ ӨЛЕҢ АЙТАДЫ ЕКЕН ДЕГЕН ХАБАР ТЕЗ ТАРАЙТЫН. СОЛ КЕЗДЕ ХАЛЫҚ СОНДАЙ СӘТТІ ҚУАНА, ТАҒАТСЫЗДАНА, АСЫҒА КҮТЕТІН.
Бала кезімізде жалаң аяқ, жалаң бас, жолдың шаңын бұрқыратып, жаңағы жырау жырлайтын ауылдан бір-ақ шығатынбыз. Жырау жырлап жатқан үйдің іші сырты тыңдарманға, жырсүйер қауымға лық толатын. Киіз үйдің түндігі ашылып, біз ұқсаған сыймай қалған бала-шаға, жас­тар сыртта тұрып-ақ тыңдайтын едік. Содан ел тапжылмай отырып, таң атып, күн шыққанын білмей қалатын. Сол жерден үйді-үйлеріне тарап жататын. Осылай қалыптасқан жыр тыңдау ауылымызда жиі-жиі болып, бір жыраудан кейін екіншісін, екіншісінен кейін тағы басқа орындаушы жыршы, термешілерді тыңдап өстік. Кейде, үйге сыйған кезімізде есікке таяу жерде немесе үйді жылытуға салынған аузы ашық пеш қасында ұйықтап та қалатынбыз. Міне, біз сол кезде терме, қиссада айтылатын сөздерді жыраулардың аузынан тыңдап өскен ұрпақпыз. Есімізді біліп, етек-жеңімізді жинағаннан кейін білгеніміздей сол кезде Үбісұлтан, Нұрмахан, Рүстембек, Мұзарап, Зайыр, Сабыт, Берман, Сүйінбай, Сағынтай, Жаппар секілді белгілі жырауларды өз ауылымызда тыңдайды екенбіз. Ол кісілердің жыр, терме айту мақамдары әртүрлі, өзіндік шеберлігімен айтатын. Кейіннен мектеп қабырғасында жас айырмашылығымыз бір жас шамасы Көшеней ағамызбен бір мектепте оқыдық. Ол – атақты Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың бел баласы. Көшеней мектеп сахнасында сол кездің өзінде жыраулық дәстүр бойынша нақышына келтіріп термелер орындайтын. Ал жас айырмамыз төрт жас Көшенейдің туған інісі Рүстембек жыраудың бел баласы Бидас та осы мектепте оқып, бала кезінен жыр-терме айтатын. Олардың орындауындағы айтылатын терме, жыр, қиссалардың мақамдары ерекше, орындаулары бөлек болып, тыңдарманды тәнті етіп отыратын. Мен бұл кішкене естелік мақаламды «Алтынның сынығы» деп ата­уым тегін емес. Термені өз мәнінде нақышына келтіріп, тыңдаушысының жүрегіне жеткізе орындау және мақамның бұзылуына жол бермей, қаз-қалпында сақтап отырып айту екінің бірінің қолынан келе беретін дүние емес. Ал Сыр бойында орындалып жүрген терме сазымен, мақамы онша көп емес, саусақпен санағандай ғана. Терменің тектілігі де, киелілігі де сонда. Көрінген көшедегі термешімін дегендер тепкілей беретін көшенің көк аты емес. Термені өз қалпында сазымен, мәнерімен кейінгі ұрпаққа қалдыру бүгінгі ұрпақтың төл міндеті.
Терме – тұлпар секілді сонау көз ұшынан шаңдатып көрінеді. Екінің бірінің қолынан келе бермейтіні содан болар. Термешінің, жыраудың тектілігі бұл киелі өнерді өз қалпында, бұзылып орындалуына жол бермей, келер ұрпаққа жеткізуінде. Осы мақсатпен Алматы қаласында тұрса да Бидас Рүстембеков Қармақшы ауданында республикалық «Көкіл» мектебінің ұйымдастыруымен ашылған жырау, термешілер, мектебінде дәріс беріп, Сыр бойы мақамын кейінгі ұрпаққа өз мәнінде үйретуде.
Жастайынан күміс көмей атанып, Сыр сүлейлерінің саңлақ жырларын алыс, жақынға паш еткен даңқты жырау Бидас Рүстембековтің 60 жылдық мерейтойы рес­публика, облыс көлемінде атап өту жөнінде нақ­ты іс-шаралар жасалып, «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде атқарылуы тиіс болатын. Мерейтой қарсаңында сонау 1974 жылы жыраулар мен термешілердің мақамдарын арнайы нотаға жазып алу үшін (ол кезде студенттер, қазіргі кезде бірі – белгілі композитор, бірі – белгілі музыка зерттеуші ғалым) Бейбіт Дәлденбаев пен Алма Құнанбаева осы Қармақшыға келді. Ол кезде мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатынмын. Осы Қармақшыда тұратын белгілі ақын-жырау Кете Жүсіптің немересі Сабыт ағаны, белгілі жырау Шамшат Төлепованы, Ақжарда тұратын Бидасты алып, сол кездегі Ленин кеншарындағы (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) белгілі жырау Сүйінбай Ақбаев ағамыздың үйіне сол елдегі белгілі жыраулар Берман Бисенбаев, Зайыр Рахатов, Жаппар Тұңғышбаев, Алшынбек Сәрсенбаев, Орақ Дәнекеров, Қуандық Бүрлібаев, Зәуре Қосжанова және тағы басқа жырауларды жинап, қызықты ән-кешін өткізгеніміз есімде қалыпты.
Ол кезде атақты жырау, күміс көмей Кө­шенейдің өзі өмірде болмағанымен, оның өз орын­дауында пластинкаға жазылған тер­ме­­лері шыққан кез болатын. Сол кездегі тер­ме-жыр айтуға талабы бар жастар сол Кө­шенейдің орындауындағы күйтабаққа жа­зы­л­ған термелерді сол қалпында қайта-қайта қойып, үйреніп жүргенін білетінмін. Кейіннен аудандық кеңестің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенімде көршілес Өзбекстанның Бұқара облысына қарасты Үшқұдық ауданының «Авангард» кеңшарында тұратын туысымыз КСРО Жоғарғы Кеңесі шақырылымының депутаты Қуаныш Даңбаев және ол кісінің туған ағасы Оңғар Даңбаевтардың шақыруы бойынша мен, Бидас және жырау ағамыз Зайыр Рахатов үшеуміз Өзбекстанға барғанбыз.
«Барған жерімізде өлең, қиссалар айт деп өтініш, сұраныс жасағанда өзің білген жерге дейін «Көрғұлы» дастанын айт және өзіңе күш түсіп бара жатқанда маған белгі беріп қой, мен әрі қарай жалғап отырамын. Бірақ бұл жер, ертеректе Рүстембекті, кешегі кезде Көшенейді тыңдаған ел, сондықтан бұл «Көрғұлы» дас­танын айтуды олардың орындағанындай етіп айтуға бар күшіңді сал» деп Бидасты жігерлендіріп, Зәкең ағамыз өз тапсырмасын жол үстінде беріп отырды.
Біз діттеген жерге жеткен соң «Авангард» кеңшарындағы Оңғар ағамыздың үйіне түсіп жайластық, жақсылап демалдық. Елді мекеннің директоры таңертең келіп үйіне шақырды. Сол үйге біз азанғы сағат 10 шамасында бардық. Барғаннан кейін аздап шайланып алдық. Бидас әуелі қысқа термелерден бастап «Көрғұлы» дастанының саласына түсіп кетті. Тыңдармандар үйге сыймады. Уақыттың қалай өткені белгісіз қиқулаған дауыстар, «Өй, пәлі!» деген көтерме айқайлар жырауды қанаттандырып жіберді. Тек анда-санда шай ішіп қойып, 5-6 сағат бойы сол «Көрғұлы» дастанын толық өзі білетін жерге дейін бірнеше мақаммен кәдімгі аттың жүрісі сияқты бірде жорғалатып, бірде желдіре шауып, бірде ауыздығымен алысып, бірде басын қоя берген тұлпарларша кең демалып, еркін шаба жырлады. Жұрт сол кезде де қиқуға салып шуласады. Кеудесінде жаны бар адам селқос қарап отыра алмайды. Міне, жыршылық дәстүрінің киесі сол – қалың қолға, жауға қарсы шауып бара жатқандай сезінесің. Сол кезде мен Бидастың Зайыр ағаның сейістігі мен бапкерлігі нәтижесінде «Көрғұлы» дастаны саласын бірінші рет айтқанын тыңдаған едім. Әрине, жыраулық атадан балаға, баладан немереге жалғасып келе жатқан киелі шаңырақ Жиенбай әулетінде. Оны ел тарихтан жақсы біледі. Бұл өмірде сирек кездесетін құбылыс. Міне, сол Құдай берген аруақты жолды жалғап келе жатқан тек қана Бидас десем, артық айтпаған болар едім.
Сонау 1973 жылы Көшеней өмірден оз­ғаннан кейін арындап ағып жатқан дарияның ағ­ын суы тоқтағанындай, гүл жарып жаңа гүл­зарға айналып түлеп, көктеп келе жатқан жырдың тоқтап қалғаны да есімізде. Мәскеуден қайтқан қара домбыра 2-3 жыл бойы қақсып төрде ілулі тұрды. Сол уақытта ол бір рет те шертілмеді. Киелі оттың басынан ешкім домбыра ұстамады.
Сол қара домбыраға қайта жан бітірген Бидас болды. Дәл осылай болуды қалаған біз, біраз жанашыр жан жиналып, Көшенейдің шаңырағына барғанбыз. Сөйтіп Көшенейді еске алып, естеліктер айтып, сол оттың басын желпіндіріп тастадық. Данагүл халық әндерін нақышына келтіріп орындап, оны Бөкең домбырамен сүйемелдеп отырды. Сыбағалы тамақ ішіліп болғаннан кейін, жыр құмар екі ағамыз Нағмадин мен Болатбек ұзақ жыр, тарихи терме, жыраулық дәстүр қазақтың мақтанышы болған Көшеней жайлы айта келіп, жеңгеміз Әнапиядан рұқсат сұрап, төрдегі ілулі тұрған домбыраны алып қабынан ашты.
Әнапия жеңгеміз Көшеней мен Бидастың туған анасы, атақты Жиенбай жыраудың бел ба­ласы Рүстембек жыраудың Құдай қосқан қо­сағы. Баласы Көшенейге осы жыраулық өнер­ден тіл, көз тиді деп кіші баласы Бидасқа өлең ай­туды жалғастыруға рұқсат етпеген кезең болатын. Домбыра қақсып кетіпті. Құлағы келтірулі тұрғанын байқадым. Нағмадин, Болатбек ағаларымыз домбыраны қолына ұстап, көзіне жас алып, сәл үнсіздіктен кейін қайта жігерленіп, аруақты бабалар салған сара жолдың үзілмеуіне сәттілік тілеп, домбыраны Бидасқа ұсынды. Бидас та біраз толқып, көңілі босап домбыраны қолына алып қарап, көзіне жас келіп үнсіз отырып қалған еді.
Жыраулық дәстүрдің жалғасын тап­қанына іштей қуандым. Бидас қолына алған Көшенейдің домбырасы қайта сөйлеп, жауқазын гүлдер қайта көктеді. Сыр бойының құба жоны гүлзарға қайта айналып, киелі топырақта жатып қалған дән секілді термеші, жыршылар Көшенейдің өз даусы жазылған күйтабақты қайта-қайта айналдырды. Жыр күмбезінде ән қайта қалықтаған кезде жыраулықтың жалғасын тауып келе жатқанына қуанбағанда қайтеміз. Балалардың жанұяның жағдайымен сонау Алматы қаласына қоныс аударса да киелі өнерді өз қалпында кейінгі ұрпаққа жеткізіп кетуді алдына үлкен мақсат етіп, өзінің кіндік қаны тамған жерде аты алты Алашқа мәлім болған, қайталанбас тұлғаға айналған Жиенбай жыраудың мектебін екі жерде ашып, арнайы пәтер жалдап жемісті жұмыс істеген Бидасқа халқы да, ата-баба аруағы да риза.
Көшеней көзі тірісінде Бидасты қасынан тастамай, қандай бір дүбірлі үлкен жиын мен республика көлеміндегі болатын шараға қатыстырып, баулып жүргенін байқайтын едім. Бидас әкесі Рүстекең дүниеден өткенде небәрі 15 жаста болатын. Дегенмен Рүстекең сол кездің өзінде Бидасты осы киелі жыраулық өнерді игеруде «құлыннан тай шығарып» кетіп еді. Жоғарыда айтқандай, сонау жиырмасыншы ғасырдың 70 жылдары өнерге берілген қаршадай жас қыз Алма Құнанбаева өзінің дипломдық жұмысында ғылыми тұрғыдан жыраулық өнерді зерттеп, айтулы дәстүрдің әрі қарай қалыптасуына өзіндік үлесін қосты. Құнды ойлар жас ғалым Алма Құнанбаева сынды жан сарайы, жан жүрегі жыраулық өнер деп соққан қызды бей-жай қалдырмайды. Сонау Ленинградтан Қармақшыға қайта-қайта алып келіп, жергілікті жырау термешілермен дидарласып, өнер шеберлерінің әрқайсысының орындау мақамына ден қойды. Көбісінің мақамын, әуезін үнтаспаға жазып алып, өзінше ғылыми талдау жасады. Ең алғаш болып атақты жырау Бидас Рүстембековті Мәскеу қаласында өткен халықаралық фестивальге алып барған да осы Алма болатын. Сонда Бидас жүлделі І орынды жеңіп алған-ды. 2009 жылдың желтоқсанында сол Алма Бидасты Америкаға шақыртып, бар жол шығынын өзі көтеріп, оған «Көрғұлы» дас­танын айтқызып, үнтаспаға түсірді.
Ауданда тұңғыш жыраулар мектебінің ашыл­уына, қалыптасуына ықпал еткен ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың еңбегін айтуға тиістіміз. Ол кісі қандай шара болмасын Бидас пен Шамшат апаны алып барып, ән-жыр думанына айналдыратын. Бірде Елеу ағаның жолдасы Дәнеш апамыз белгілі ақын Әбдікәрім Ахметовтің «Дос жүрегі – шарайна» өлеңін Шамшат апаға Рүстембектің мақамымен алғаш орындатқанын қалай ұмытамыз.
1990 жылы ауданда «Базар жырау ізімен» атты тұңғыш жыраулар экспедициясы ұйымдастырылды. Базар атамыз жерленген Өзбекстанға сапар шегіп, Бұқара облысының үш ауданын бір ай бойы аралап, өнер көрсеттік. Сонда тұратын қандастарымыздың, ағайын-туыстың Бидасқа деген ықыласының ерекше болғаны жасырын емес. Мұнан 60-80 жыл бұрын Бидастың әкесі Рүстембек жырау сол жерде болып, өз өнерін паш етсе, туған ағасы Көшеней 40 жыл бұрын қандастарымызды таңырқатып қайтқаны белгілі. Ал, мұнан соң сол дәстүрлі жолды жырау Бидас Рүстембеков жалғады. Мен осы сапар туралы Шамшат апа жөнінде жазылған естелігімде толық айтқан едім. Сөз басында Бидастың ағасы Көшенейдің домбырасын қалай алғанын айтып едім ғой. Сол Өзбекстанда Бұқара облысының Тамды ауданында жүргенімізде «Май бұлақ» деген кеңшарға өнер көрсетуге келгенімізде бұл жерде екі көз жанары қатты адам барын, олардың ықыласы ауған адамға тиетінін ескерткен. «Абайлаңыздар!» деген хабарды алдын ала естігенде бойымызды қорқыныш билегені рас. Шамшат апаның Көшенейге көз тиеді, «Бидасты сахнаға шығармаңдар» деп үзілді-кесілді ескертуінің өзіндік мәні болатын. Сөйтіп, сол Шамшат апаның ескертуін жеткізу үшін Бидасты іздеп жүрсем, ол да қарап қалмапты. Көйлегін шешіп, мәйкесін теріс киіп, қазақтың көз тиюге қарсы қолданатын ырымын жасап жатқанының үстінен шықтым. Сөйтіп қасына барғанымда Бидас: «Мына Орақ Дәнекеров, Алшынбек Сәрсенбаев ағаларымыз мәйкесін теріс киіп жатыр. Осы кісілер бірдеме білер деп мен де қарап қалмай жатқаным» деп ішек сілесі қатқанша күлгені кәдімгідей есімде.
Сонымен не керек, сол күні клубта 6-7 сағат жыр жырлап, көз тиюдің қайда кеткенін байқамай қалып едік. Иә сонымен Бидастың Құдай берген төрт ұлы бар. Қазір үйлі-баранды Биекең Рыстай екеуі немере сүйген бақытты шаңырақ иелері, бұған шүкіршілік етеміз. Бидастың баласы Барбол 6 жасында қолына домбыра ұстап, белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаев «Бала жырау» фильміне түсірді, мұнан соң ол тағы да басқа бірнеше фильмге түсті. Кейіннен көз тиіп қатты ауырып, өлең айтуды қойып кетті.

Нұртілеу САЛЫҚОВ
16 тамыз 2019 ж. 1 380 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 030

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031