» » КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ЖАҢҒЫРЫҚ НЕМЕСЕ ЖЫРАУЛАР ҮЙІНДЕГІ ТІРШІЛІК

КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ЖАҢҒЫРЫҚ НЕМЕСЕ ЖЫРАУЛАР ҮЙІНДЕГІ ТІРШІЛІК

Қармақшыда 2006 жылы дүркіреген той өтті. Өнер десе өре түрегелетін Сыр бойы халқы үшін бұл елеулі оқиға болды. Ел тарихында тұңғыш рет мемлекетіміздің «Мәдени мұра» және «Өнер жылы» аясында Жыраулар үйінің тұсауы кесіліп, оған даңғайыр жыраулар ұрпағы, күміс көмей Көшеней Рүстембековтің есімі берілді. Осы салтанатта сүлейлер жолын жалғаған жыр жампозының 60 жылдық мерейтойы аталып өтіп, дәстүрлі өнер мен өнер иесіне мемлекет тарапынан айтулы қамқорлық жасалды. Содан беріде өткен 12 жыл ішінде жыраулар үйі іргелі істердің ұйытқысы әрі бастамашысы болып келеді.
Соның бірқатарына тоқталар болсақ. Сыр сүлейі, жыраулық өнердің қыз-келіншектер арасында жыр көшін бастаған Шамшат Төлепованы еске алуға арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жампозы» атты облыстық фестивалі. Оған қарт Қаратау мен айдынды Арал өңірінен ұлтымыздың ұлттық ұлықтап жүрген жыраулар мен жас шыршылар жиылған топқа жырдан шашу шашса, осы рухани кеште қуанышты хабарымен бөліскен аудан әкімінің орынбасары Ақжар ауылдық клуб үйіне Сәрсенбай Бөртебайұлының, Тұрмағамбет ауылдық клуб үйіне жырау Қуандық Бүрлібаевтың және аудандық мәдениет үйіне Шамшат Төлепованың есімі берілгенін жариялады. Келесі жыр фестивалі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қазақ батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына арналған «Әз Тәукенің Текей батыры» тақырыбында ұйымдастырылды. Жыр күмбезін көтерген сахна саңлақтары, Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері», әйгілі жырау Алмас Алматов, алтынның сынығы, тектінің тұяғы, Сыр сүлейлері Жиенбай, Рүстембек жыраулардың ұрпағы Бидас Рүстембеков, Нұртуған мектебінің көрнекті өкілі Шолпан Бимбетава, айтыскер ақын әрі эпостық жыр-дастандардың жырлаушысы Айдос Рахметов, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» Майра Сәрсенбаева, халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте жүлдегері, жырау Айгерім Ешбаева, Сыр елінің үкілі домбыралы қыздарының бірі Күнсұлу Түрікпенова, қобыздың қоңыр үнін күңіренте жырлайтын ақын, жыршы Марат Сүгірбай, аралдық жыршы Еркебұлан Шыңжановтар қазақ батырының ерлігін, батырлығын жырға қосты. Жыр салтанатында ақын жерлесіміз Дастан Нәзікбаев пен Әбсалам Омаровтың шығармаларынан үзінді алғаш рет тыңдарманына жол тартты.
Байқау – бұл жас талаптың талантын ашып, талабын ұштайтын алаң. Сауырына қамшы тигізбейтін жүйріктер мен өнері ерек небір дүлділдер осындай байқаулардан өсіп-шығып, елге танылады. Қыз-келіншектердің таным, тағылымын қалыптастыру, ата-баба салтын насихаттау, оны келешек ұрпаққа ұлағаттау мақсатында «Қыз ғұмыр – ғажайып сырлы әлем» тақырыбында өткен жыр бәйгесінде Айгерім Нұрдәулетова, Сыр сүлейі Базар Оңдасұлының туғанына 175 жыл толуына орай өткен «Жамиғы қазақ бір туған» атты облыстық жыршы-жыраулар сайысында қызылордалық Әділхан Қуаңбаев, халық ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 135 жыл толуына орай өткізілген «Тұрмағамбет жырлары – жаңа ғасыр көгінде» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында №277 мектептің 3-сынып оқушысы Мәди Жәнібеков бас жүлдені жеңіп алса, «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық балалар шығармашылығы байқауында қармақшылық өрендер Алина Жомартова, Мадияр Жасаңбаев, Меруерт Ұзақбаева, Шұғыла Мархабатова, Динара Шоңбаева жүлделі орындардан көріне білді.
Көркемсөз оқу мен ақындықтың бала тәрбиесінде маңызы ерекше. Осы бағытта өткен облыстық «Тау тұлға – Тұрмағамбет» тақырыбындағы жазба ақындар мүшәйрасында №29 мектеп оқушысы Бекқанат Смайыл І орын иегері атанса, Қазақстан халықтарының тілдері күні мерекесіне орай өткізілген «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты аудандық жас жазба ақындар мүшәйрасында №273 мектеп оқушысы Жансая Орынбай байқаудың бас бәйгесін қанжығасына байлады. Ұлы Отан соғысының ардагері Ерназар Сексенбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай өткен «Ерлік пен еңбек сарбазы» тақырыбындағы аймақтық ақындар айтысы өнерсүйер Қармақшы халқын жауһар жырмен сусындатты. 8 айтыскер ақын қатысқан өнер бәсекесінде еліміздің екі мәрте алтын домбыра иегері, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязов бас жүлдеге ие болды.
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Мәдени мұра – ұлт мәйегі», рухани келісім күніне байланысты «Рухани мұра» атты аудан өнерпаздарының мерекелік концерті және Көшеней Рүстембековтің шығармашылығына арналған «Жыр көшін бастаған Көшеней» жыр кеші айта жүрер айтулы шаралар болғаны анық.
Келісті іс, келелі шаралар өткізуде жыраулар үйіне қарасты 5 үйірменің жұмысын айтпай кету мүмкін болмас. Қазіргі таңда үйірмелерге 90 оқушы тартылған. Жосалы кентіндегі «Көшеней жырау» үйірмесіне Айгерім Ешбаева, «Базар жырау» үйірмесіне Берік Аққалиев, Тұрмағамбет ауылындағы «Тасберген жырау» үйірмесіне Зәуре Кәрібаева, «Жиенбай жырау» үйірмесіне Дінислам Тоқсанбаев, Ақжар ауылындағы «Рүстембек жырау» үйірмесіне Балтабай Бедебаевтар жетекшілік етеді.
– Мақсат – Сыр өңіріне тән мақам-саздарды осы мектептер негізінде қалыптастырып, болашаққа аманаттау десек, үйірме жетекшілері мен үйірме мүшелері аудандық, облыстық, аймақтық байқауларға, мәдени шараларға қатысып отырады. Мысалы, «Тасберген жырау» үйірмесінің шәкірттері Арай Оңғарқызы мен Аруна Нұрланқызы «Қызылорда-Қазақстан» телеарнасының арнайы қонағы болып қайтты. Облыстық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында «Тасберген жырау» үйірмесінің шәкірттері 5 жасар Аруна Русланқызы мен Нұрпатшайым Әділбекова және Диана Нұралбаева аудан намысын қорғап, жоғары көрсеткішке қол жеткізсе, Жүзден аса талапкер қатысқан «Самға, Самұрық» республикалық балалар байқауының бас жүлдесіне Нұрпатшайым Әділбекова ие болып, медальмен марапатталса, Арай Оңғарқызы І орын және республикалық «Игілік» журналының тегін публикация грантын жеңіп алды. Аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына кәсіпорын мамандарының да елеулі еңбегі бар. Жырау Бидас Рүстембеков «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағын алса, Салтанат Жұматаева, Берік Аққалиев, Балтабай Бедебаев, Зәуре Кәрібаева, алғыс хаттармен мадақталды, – дейді жыраулар үйінің директоры Серік Жақсығұлов.
Қармақшы – өшпес өнердің ордасы, сазды әуен мен мақам-саз бен жыр-терменің Отаны. Күй атасы Қорқыт бабаның жамбасы жерге тиген киелі жерде домбырасын моншақтаған от ауыз, орақ тілді жырауларымыздың сара да дара жолы ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға жалғасын таба бермек.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ,
«Қармақшы таңы».
18 сәуір 2018 ж. 1 955 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031