Күбі піскеннің көңілі жай

Бұл күндерi бiр үйдің тірлігін үйіріп отырған Шолпан әпкеден кейiнгi жастарымыз үлгi алса, жарасымды болар едi. Өйткенi кейбiр келiн қорадағы сиырды саууға ерiнiп, дүкен сөресiндегi дайын сүттi сатып алуға дағдыланып барады.
– Рас, қазіргі таңда күбі пісу ұмытылып барады. Бүгінгі келіндер кір жуатын машинамен май алады. Ол дұрыс емес. Айранды ағаш күбімен пісіп, майын алғанға жетпейді. Әрі денсаулыққа пайдалы. Оның өз әдісі бар. Сонда ғана дәмі айрықша болады, – дейді кейіпкеріміз.
Күбі пісудің де өз технологиясы бар. Әуелі күбіні суға салады. Өйткені суға салғанда ағаш ісініп, жарылған тұстары бітеледі. Одан кейін 5-6 сағат тұрып, ұйытылған қатықты күбіде пісе бастайды. Оның температурасы жылы да, мұздай да емес бірқалыпты болуы керек. Сол кезде сұйылып, май түседі, айран бөлінеді. Сары майын тұздап жіберіп, күнделікті пайдаланады. Ертеректе әжелеріміз артық айранды жинап, шүберек дорбаға құяды да, астына табақ қойып қояды. Дорбада қалған қоюынан құрт жасаса, табаққа тамшылаған сары су – асқазан ауруына бірден-бір ем.
ТҮЙІН
Бұрнағы кезде әр қазақтың үйінен табылатын ағаш күбінің бүгінде мұражайдан ғана табылатын бір жәдігерге айналдырып алмайықшы. Күбіні мұражайдан көрген бүгінгі ұрпақтың келешегі не болмақ?
Ақнұр Сағынтай