» » » Бөкен тірсек, қайшы құлақ

Бөкен тірсек, қайшы құлақ

Тұрмағамбет ауылының құрылғанына 60 жыл, сондай-ақ жыр бұлағы – Жиенбай жыраудың туғанына 155 жыл толуына орай Дауылкөл ауылдық округінде ат бәйгесі ұйымдастырылған еді. Онда ат спортының төрт түрі бойынша жарыс өткен болса, соның бірі – жорға жарыс. Аталған ат спортынан Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Батыржан Қалдыбекұлының «Көк Жорғасы» кермені бірінші қиып, Сералы Серімбетовтер ұрпағының тіккен 100 мың теңге арнайы қаржылай жүлдесіне ие болған-ды.
«Көк Жорға» биыл дөнен шығып тұр. Тұқымы – жорға. Атбегінің айтуынша жылқы баптауды соңғы жылдары ғана қолға ала бастаған. Түптеп келгенде қазақты қазақ ететін басты белгісінің бірі – атбегілік кәсібі. Тарихын әріден қозғаған жылқы баптаушымен жақынырақ әңгімелесудің сәті түсті.
– Әкем Қалдыбек Қалиев – ауылда кәсіпкер. Атам Елеусін Қалиев уақытында шопан таяғын ұстап, мал баққан кісі. Малдың жа­йын өте жақсы білген. Бүгінде ата кәсіпті өркендетуге өзіміз де атсалысудамыз. Атамыз қой бағып қана қоймай, кезінде жылқы жа­ратқан. Сол атамыздың шопан таяғы бізге де жұғысты болып, мал шаруашылығымен шұ­ғылданудамыз, – дейді кейіп­керіміз.
Алыс пен жақынның басын құрап, көркейіп-абаттанған жыраулар ауылында өткен екі күндік дүбірлі тойда елдің бар назары ат бәйгесінде болғаны рас. «Осындайда шаппағанда, қайда шаппақсың?» дегендей, халқымыз үшін жылқы қастерлі жануар. Ат шабарда жорға жүріске салғанда аяғы аяғына жұқпай, бүлкілдеп ала жүгіретін текті малды тамашалаудың өзі бір ғанибет екен. Рухани демалыс деп осыны айту керек шығар. Әсіресе өрімдей жасөспірімнің ат үсіндегі жайдақ отырысы мен шабандоздығы – кімді болсын тәнті етпей қоймайды. Нағыз қазақтың батыры деп осыны айт. Осындай додада бағы мен бабы қатар шапқан «Көк Жорғаның» иесі жылқы баптаудың оңай шаруа емес екенін айтады.
– Бір жылдың көлемінде атқа деген қызығушылығым пайда болды. Тұрмағамбет ауылында бұрыннан атбегілікпен айналысатын 7-8 адам бар. Аламаннан бөлек тай, құнан қосады. Біз де сол кісілердің қатарын көбейтсек пе дейміз. Жорғаны байқамаққа Нау­рыз мейрамында жарысқа салып көрдік. Нәтижесі жаман емес. Екінші орынды олжаладық. Бұл – екінші сайысымыз. Мұнда да нәтижесі күткендей болып, бірінші орынды бағындырды. Шабандозымыз Нұрбол Берікбаев кәнігі жатыққан шебер. Жарыс алаңында шабандозға көп нәрсе байланыс­ты. Біздің жігіт соның бәрін бала кезінен меңгерген. Аттың күтіміне келер болсам, соншалықты күтім жасаймыз деп айта алмаймын. Енді бастап жатқан соң білгенімізден білмейтініміз көп. Кей жағдайда малға мініс ат ретінде пайдаланатын кезіміз де болады. Жем, суын уақытымен беріп, қолымыздан келгенше бабын жасауға тырысамыз, – дейді Б.Қалдыбекұлы.
Батыржанның алға қойған жос­пары жетерлік. Соның ішінде жылқының таза қандысын алғысы келетінін жасырмайды. Өйткені бәйгеде көбінесе таза тұқымды жылқы ғана ұзақ шабыста жеңіске жетіп отырады. Соған сай олардың бағасы біршама қымбаттау.
Ертеде әкеміз айдалада адасып қалғанда аттың басын бос жіберсең, айсыз қараңғыда жа­нуар өзі-ақ үйді тауып келеді деп айтып отыратыны есімде. Тарихтан Ақан серінің Құлагерін алайықшы. Қызғаныштың құрбаны болды емес пе?! Кешегі өткен аламан бәйгені қызықтаған кезімізде кейіпкеріміздің айтқан сөзінің жаны бар ма деген ой келеді. Жиырма төрт шақырымдық қашықтыққа шапқан сәйгүліктердің таза қандысы ғана сол межелі шақырымды бағындыра алды. Қалған жиырмаға жуығы он екі айналымға жетпей жолдан шығып қалды. Сайыс соңында шаруашылықтың бас бәйгеге тіккен жеңіл автокөлігі Таразға қарай бет түзеді. Мұнан ұққанымыз, біздің азаматтардың әлі де болса ат спортына мән беріп, бел шеше кіріспеуінен бе дедік?
Түйін
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жылқы жайында кеңінен айтылады. Қазақ топырағында алғашқы жылқы малының қолға үйретілгені, ер қанаты – ат болғанын тереңнен толғайды. Әдебиетімізде де жылқы – сұлулық пен көркемдіктің белгісі ретінде суреттеледі. Қандай да бір жағымды теңеу болса ол да сәйгүліктің сымбатына теңеледі. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осынау рухани бай мұрамызды жалғастырып, «Менің де атам немесе әкем секілді атбегі болғым келеді» деген ұрпағымыз көбейсе екен.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
03 қыркүйек 2019 ж. 1 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031