» » » Көк жәшіктегі келін тәрбиесі кімге ұшпақ?

Көк жәшіктегі келін тәрбиесі кімге ұшпақ?

Демалыста болдым. Үйде отырған соң бір мезгіл теледидар қараймын. Отандық арнаның бірінде сағат 12.00-де «Қалаулым» бағдарламасы бас­талады. 3 сағат бойы көрермен назарындағы бағдарламада 25 бойжеткен мен бозбала өзіне өмірлік жар іздейді. Бұрынғының ер-азаматтары қыз үшін күресетін. Бір Жібекке таласқан Төлеген мен Бекежанның тартысы бәрімізге аян. Ауыз толтырып айтуға да, естір құлаққа да жағымды жайт бұл. Бірақ бүгінгінің қыздары махаббат жолында майдан ашудан тайынбайтын тәрізді. Өйткені соңғы кезде «жігіт тапшылығы» деген термин пайда болды. Егер ондай тапшылық бар болса, «өліспей беріспеу» әдісі дұрыс па?


18 миллионнан астам халық алдында «сен маған ұнадың» деп сарт етіп сөйлегенге, «Сені іздедім, үмітті үзбедім» деп әндеткенге етіміз үйреніп келеді. Бұл өзі қалай болғаны?
Ұлттық құндылық көмескі тартса яки қадірін жоғалтса, уақыт өте отбасылық құндылық та мән-маңызынан айырылады. Отбасылық құндылықты әңгіме арқауы еткенде «КТК» телеарнасынан көрсетілген «Кел, келінім» бағдарламасын айналып өте алмаймыз. Аталған бағдарлама батыстың «реалити-шоу» үлгісімен жасалған. Мұнда төрт жігіттің анасы келін таңдайды. Ұлдарына жар атануға лайықпыз деп келген оншақты қыз аналар берген тапсырманы орындайды. Олардың көңілінен шығуға тырысып бағады. Келін таңдауда төрт жігіттің де көзқарасы ескеріледі. Әрине, бағдарламаның бағыт-бағдары көрерменге «шоу» сыйлауға негізделген. Бірақ осындай «шоулар» бізге керек пе? Мұнан жас ұрпақтың отбасылық құндылықтарға деген талғамын бұзып алмаймыз ба? Оның тәлім-тәрбиелік мәні қандай? Бұрын-соңды қазақтың қай қызы жігіттің анасының алдына барып, «мені таңдаңыз, мен келін болуға лайықпын» деп еді? Жастардың арасындағы махаббат қайда? Көңілмен ұнату сезімі ше? Ал сол келін таңдауға білек сыбана кірісіп отырған аналар өздері келіндік міндетін қалай атқарды екен? Ата-енесін бағып-қақты ма? Ақ батасын алып, ризашылығына бөленді ме? Қысқасы, бағдарламаның аясында туындайтын сауал көп. Осыған қарап-ақ бүгінгі жастардың беталысын бағамдай беруге болатын шығар. Қыздар да, жігіттер де бір-бірінің бойынан мін іздеуге дайын тұрады. Жақтырмаған дүниені бетке айтып, өздерін барынша еркін ұстайды. Қазақи болмыстан ажырамағандар үшін көзге түрпідей тиетін «Кел келінімді» көргеннен соң «Қалаулымды» айналайын ба деп қаласыз.
Дәл осы арнада "Келіндер бәйгесі" апта сайын өтеді. Шоуға төрт келін қатысады. Әр аптада бір қалыңдықтың тойы тойланып, қалған үш ару қонақ ретінде келіп, тойдың безендірілуі, бағдарлама, мәзір және қалыңдық образына баға беріп, талқылайды. Жастардың көзі ашық. Талғамы да жоғары. Өмірдегі ең маңызды күнді есте қаларлықтай өткізу үшін ұсақ-түйекке дейін араласып, білгені дұрыс шығар. Жасалған шаш үлгісі, қымбат тойхана, ас мәзірі мен той барысында келіннің көңіл күйінің қандай өнеге аларлық тұсы бар? Келіндер бәйгесі болсын. Ол да керек бәлки. Бірақ салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, тәлім мен тәрбиені дәріптеп жарысса болмас па?
Бәрін де заманның, уақыттың ағымына жаба салуға болады, бірақ одан да күрделі мәселе әрқайсысымыздың өз ұлтымыздың шынайы патриоты болуға ұмтылмай келе жатқанымызда. Қыздарымыз «Ойды ашық айтуымыз керек», «шынайы боламыз», «құқығымыз бар» деп бағдарламадағы бойжеткендерге еліктесе олардан болашақта ақылына көркі сай, ибалы, иманды келін күтуіміз екіталай.
Бала кезімізде хабар арнасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» деген интеллектуалдық ойын өтетін. Сонда қойылған сұрақтарды мұқият тыңдап, көгілдір экран сыртында отырып жарыса жауап қайтарамыз. «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» ше? Сол кездері екінің бірі мақал-мәтел жаттайтын. Назира Бердалының жүргізген «Алтын қақпа», «Алтын сақасы» тіпті тәрбиелік мәні зор бағдарлама еді. Сенбі, жексенбіде ата-әжеміз «қазір айтыс басталады» деп ас-суын ішіп, теледидар жанына жақын отыратын. Неге мұндай маңызды бағдарламаларды арнадан алыстатып, арзанқол дүниеге айырбастадық? Заманауи деп реалити шоумен бет-бей­немізді өзгертіп алмадық па? Мәселе осында. Мүлде жоқ деп үзілді-кесілді айтудан аулақпыз. Рухани дем, көрген жұрт ойланып, үлгі алатын Дана Нұржігіттің «Дара жолы», Дархан Әбдіктің «Парасат майданы» сынды бағасы биік, «Қарекет», «Жан жылуы» секілді ой салып, тәубеге келтіретін бағдарламалар бар. Соңғы жылдары шынайы өмірді, қазіргі уақытты, қоғамдағы орын алған түйіткүлді бейнелейтін қазақ фильмдері көрермен назарына жол тартуда.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

27 тамыз 2019 ж. 1 022 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031