» » » Қазақ киносы ұлт тарихын қашан толық сөйлетеді?

Қазақ киносы ұлт тарихын қашан толық сөйлетеді?

Кино да – қару. Орайын та­уып пайдалана білгенге, әрине. Сөз басын мысалмен бастайық, коммунизмнің орнауына қарсы болған Колчак жайлы бірнеше кино түсіріліп, «халық жауының» аяқ астынан оған қарап ел бой түзер «батыр» болғанын есіңізге түсіріңіз. Бірнеше жыл бұрын ресейлік киногерлер «Адмирал» картинасын көпшілікке ұсынып, орыс жастарының санасына қолдан «батыр» жасап берді. Шын мәнінде, Колчак нағыз жауыз, қатігез тұлға еді. Киноның құдіреттілігі осында жатыр. Күллі жұрт мойындағандай, бүгінде көпшіліктің оқыған кітабының санынан көрген киносының саны көп. Жасыратыны жоқ, кітап оқығаннан фильм қарай салғанды жөн санаймыз. Осыдан кейін киноның қару екеніне ешкім де шүбә келтіре қоймасы анық.


Кино – жай қару емес, идеологиялық қару. Оны кез келген киногер де, билік те, идеолог та, тіпті десеңіз, кино көрермені де мойындайды. Оның мақсаты – санаға түрткі салу, ойды өзгерту, өмірлік тұлға қалыптастыру. Талайдың есінде болар, бір жылдары балаларымыз «Юсуф Мероғлы» болып шыға келді. Шапса қылыш өтпейтін, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын бұл кейіпкерлердің көбеюіне түріктің «Асау жүрек» телехикаясы сеп болды. Өліп-өшіп сол телехикаяны тамашалағанымыз соншалық, ауладағы затымыз, қорадағы малымыз тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Ол уақта санада шым-шытырыққа толы сериалдың желісі еді. Бірер жыл өткен соң «Юсуфтың» орнын «Жумонг» басты. Шаруаның баласынан бастап, байдың шонжар ұлына дейін шыбық мініп, «Когерео» жерін «қорғауға» ұмтылды. Өйткені, балалардың өмірлік тұлға іздеген сәтінде кәрістің батырын тауып беріп, соған бейімдедік. Шетелдік сериалдарға тек санамызды улатқан жоқпыз, олардың тарихын үтір-нүктесіне дейін жаттап алдық. Енді қайтпек керек, «Менің атым Қожа» мен «Қыз Жібек» фильмінен өзге өресі биік картина жоқ еді. Оның үстіне қайбір жылдары «Қожаның» басына қара бұлт үйірілді. Бірер атқамінер «Сотқар Қожа» жас­тар­ға үлгі емес, «бүлдіргі» дегенді айтып, көгілдір экраннан алып тастауды мінберден көтеріп жүрді.
Рас, қазіргі баланың тәрбиешісі көгілдір экран. Ата-ана күйкі тірліктің қамымен жұмыс басты болып алған. Балабақшаға барғандарды тәрбиеші сусындатса, мектепке барғандарды мұғалім «азамат» ету керек. Біздің қазіргі таным солай дейді. Оған себеп те жоқ емес, қазір оқушы сабақтан тыс уақытта да бұзақылыққа барса, жауап мұғалімнен алынады. Ата-анадан емес. Мектептен, балабақшадан тыс уақытта бала не істейді? Көгілдір экранға үңіледі. Қалтафон шұқылайды. Мойындау керек, біздіңше бала жыламаса, сұрағанын әперсек, жылтыратып киіндірсек болды деген түсінік бар. Қазір телефонсыз бала жоқ. Болмағанның өзінде жылай қалған балаға қалтафон ұсына қоямыз. Ал, ол не көріп жатыр, не қызықтауда бас қатырмаймыз. Қалтафоннан ажыра­ғандар теледидарға үңіледі. Көкейде тұрған сан сұраққа жауапты теледидар мен интернеттен алады. Өйткені, бала біткен сұрақ қою арқылы өмірлік тәжірибе жинайды. Теледидар мен интернеттегі «жауаптардың» бәрі дұрыс деу қисынсыз. Шынтуайты керек, кешеге дейін бала сауалының басым бөлігіне ата-әже жауапты болды. Қариялар ұрпақтың азамат болуы үшін «қазіргі қызықтың» бәрін тәрк етті. «Қазіргі қызығы» қайсы? Әжелер үшін азаннан кешке дейін телехикая тамашалау, құдайы мен той жағалау, аталар үшін карта ойнау, «шөлмек» тауысу. Әсіресе, зейнетақы түскенде аталардың басым бөлігі қызықты немере мен шөбереден емес, шөлмектен іздейді. Көпке топырақ шашу ойда жоқ, бар өнегелі қариялар, олар ұрпағын жетелі етумен айналысады. Бірақ, олардың да саны азайған. Қазір ұрпағына баба жолын насихат еткен, кешегі өмірді үлгі еткендер азайып барады. Қалай шамдансақ та, қоғамның ұсқыны сол. Ойды ой қуалайды деген, бір танысымның шешесі үнді телехикаясы «Абысындардағы» Симардың тірлігіне налып, талмасы ұстайды екен. Талай мәрте жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер әлгі сериалды тамашаламауға кеңес берген. Ал, әжеміз сонда да қайтпайтын көрінеді.
Бірді айтып, бірге кетеміз, кино – әр ұлттың салт-дәстүрін, болмыс-бітімін, әдет-ғұрпын, кемеңгерлігі мен философиясын, ұстанымы мен тыныс-тіршілігін арқау етіп, сол арқылы ұлтын әлемге таныту үшін дүниеге келетін туынды. Мәселен, орыстың, француздың, өзбек пен түріктің, үнді мен кәрістің картинасына қарап, солардың талай ғасыр бойы қалыптасқан үрдісінің, түсінісу кеңістігінің, сөйлеу мәнері мен жүріс-тұрысының әрқилы екенін аңғарамыз. Шынтуайтына келгенде, кәріс сериалдарынан олардың жастары тым ибалы, бірақ шектен тыс «шарапқұмар» екенін, түріктің картиналарынан оларда «европалық адамгершіліктің кемдігін», үнді туындыларынан Үндістанда жаңа­шылдық пен ескішілдіктің күресін аңғарамыз. Ал, бізден ше? Бізден қызын зорлаған әкені («Әке қорлығы»), арынан гөрі нәпсісін жоғары қойған келінді («Келін»), ақылсыз әрі арзан ойлы қазақы жігіт («Қайрат чемпион. Девственник»), өзге ұлтқа қолжаулық болған қыздарды («Ирония судьбы») көреміз. Қазақта басқа көрсететін дүние қалмаған ба деген ойға қаласың? Талайдан бері талқылау аймағынан кетпеген «Келін» картинасы әлемге біздің қыздарымыздың «тәнін» тамашалатып жатқанда, өзбек ағайынымыз «Супер келіншек» атты тың туындыны дүниеге әкелді. Комедиялық негіздегі киноны көрген жұрт орыс қызының өзбек жігітіне әкесі мен шешенің қарсылығына қарамай тұрмысқа шығып, өзбек мәдениеті мен салт-дәстүріне мойынсұнғанын көреді. Өзағамыздың ерліктеріне таңғаласың! Ал, қазекем қазақ қыздарын өзге жұртқа қолжаулық етуден жалықпайды. «Дала экспресі» мен «Ұлжанда» француздың, «Астана – менің махаббатымда» түріктің, «Махаббат тәлкегінде» орыс­тың ермегі болған қазақ қызын көресің. Әрине, жаһандану процесі жүріп жатқанымен, қанымыз бір қазақ қызына алаңдамайтын жанның өз анасы мен қарындасы, әпкесіне жаны ашымайтыны қалай?
Одан қалды әнші біткен бір-бір фильмді еншілеп, өзінің аз-маз рейтингі үшін қарекет етуде. Әнші байыса кино түсіреді, ал «КВН-чиктердің» түсірген фильмдері амалсыз басымызды төмен қаратуда. Мойындайықшы, жерлесіміз Нұрлан Қоянбаев ойнайтын «Бизнес по казахскийде» не тәлім бар? Боқтық пен арзан күлкіге қарық еткен картина еңсемізді бір түсірді. Есесіне ресейліктер өзгенің таным-таразысын, тарихын «күл болмасаң, бүл бол» деген сарынмен өз тарихын түгендеп әлек. Мәселен, 2014 жылы Ресей киногерлері "Поддубный" фильмін жарыққа шығарды. Екі жыл түсірілген фильмнің басты кейіпкері балуан Поддубный. Бірнеше мәрте қазақ балуаны Қажымұқанмен тіресіп, бір-бірінің осал тұсын таппаған еді. Ал, фильмде бір Қажымұқан жүр. Орыстың алыбы боз кілемде оның жұлынын үзіп, жарыс жолынан шығарып тастайды. Иісі қазақ сонда дүр етті. Тарих қалай бұрмаланған? Қазақ батыры жеңілген емес қой? Сол кездегі ұлт жанашырларының басты сұрағы осы болды. Дауласып баруға болар еді, кино авторлары "ойдан шығарылған" кейіпкер ғой дей салатыны тұр, бастысы қазақ емес, түрік балуаны деп тұр ғой. Ал, шын мәнінде Поддубный дәуірінде балуанымыз Қажымұқаннан өзге "Қажымұқан" болған жоқ.
Қазақ киносының тарихына тоқ­талар болсақ, оның жолы екі кезең­нен тұрады. Бірі – кеңестік кездегі, ендігісі тәуелсіздіктен кейінгі қазақ киносы. Екеуінде де дүниеге әкелген өз ерекшелігі болғанымен, бір ұқсастық байқалады. Ол ұқсастық – ұлтты көрсету емес, басқаша бағытта сөйледі. Кеңестік кезеңдегі қазақ киносы коммунизмді мәжбүрлі түрде дәріптесе, бүгінгі кино тек халық­аралық сайысқа дайындалу арқылы ұлттық кеңістікті шетке ысырды. Бірақ, қазіргі картиналардан кеңестік дәуірдегі фильмдер астарлап болса да ұлттық мүддені кадр арасына кірістірді. Мәселен, «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Көксерек», «Гауһартас», «Тақиялы періште» фильм­­­­дері азды-көпті ұлт жайында сөз етті. Ал, қазіргілері ұлтты масқара етуден жалықпай келеді. Батыстық үлгіде әрі голливудтық жұртты таңғалдыру тактикасын қолданған картиналарға жұрттың көңілі толмай келеді.
Қазір қазақ жастарына не қажет? Тарихи тұлғалардың өмірін білу керек-ақ. Ал, оны кітап, газет беттері арқылы насихаттағанымызбен, көгілдір экран­ның салмағы басымдау болып тұр. Рас, біздің киногерлер тарихи фильмдер түсіріп жүр. «Жау жүрек мың бала», «Кейкі мерген», «Құнанбай», «Біржан сал», «Қазақ хандығы» сынды картиналар көрерменге жол тартты. Бұл кинолар бір марқайтты уақытында. Бір өкініштісі, мұндай фильмдер өте аз түсіріледі. Сұраныс жоқ дей алмаймыз, бабасының ғұмырымен мақтанбайтын қазақ жоқ. Рас, қазақта батыр да, ақын да, данышпан да жетеді. Әрқайсысының өмірі бір-бір фильмге арқау болуға тұрарлық. Қазақ хандығы құрылғаннан бергі тұлғаларға неге бөлек-бөлек фильм түсірмеске? АҚШ ұры-қарысына дейін фильм түсіріп жатыр емес пе? Джонни Дилленджер деген қанқұйлы қылмыскер бар. Тіпті, уақытында АҚШ президенті құрама штаттардың бірінші жауы деген атақ берген екен. Алайда, сол қылмыскер туралы американдықтар 6 фильм түсіріпті. Соңғысы айтулы актер Джонни Деп түскен картина. Ал, британдықтар өздерінің батыры деп білетін аңыздық кейіпкерді фильмге арқау етуден алдына жан салған емес. Артур кароль жайында 22 фильм, 7 телехикая түсірген. Француздар билеуші Людовик XIV хақында 16 фильм түсіріпті. Қазақтың ел болып тамырын тереңге жаюына себепкер болған Қасым хан, Есім хан, Тәуке Артур карольден несі кем? Ал, Абылайдан, қазақтың үш төбе биі атанған Төле, Қазыбек, Әйтекеден, Кенесарыдан, Махамбет пен Исатайдан Джонни Дилленджердің несі артық? Әз Жәнібектің орны қазақ үшін Людовиктен төмен бе?
Тарихи оқиғаларға оралайық, қазақ­тың 300 жылға жуық бодандығын бұзып, егемен ел болуына түрткі болған «Желтоқсан оқиғасы» неліктен бірер картинаның өзегіне арқау болу керек? Екінші дүниежүзілік соғыста болған «Перль Харбор» портына шабуыл жайында АҚШ киногерлері 4 фильм түсіріпті. Ресейліктер Ленинград қаласының блокадасы жайында 26 көркем фильмнің, 21 деректі фильмнің желісіне арқау еткен. Мына қараңыз, «Желтоқсан оқиғасы» жайында «Аллажар» және «Қызғыш құс» фильмдері мен саусақпен санарлық деректі фильм ғана бар. Олардың да сапасы ескірген, заманауи кинолармен деңгейлесе алмайды.
Аз айттық па, көп айттық па? Айтар көп-ақ. Бастысы ой қозғау. Рухани жаңғыру ұлттық бағдарламасы аясында неге тарихи фильмдерді көбейтпеске? Неге бабалар өмірін ұрпаққа үлгі етпеске? Ананы-мынаны экранға шығара бергенше, телевидение төрін арзан дүниеге толтырғанша «Құнанбай», «Біржан сал» фильмдері секілді тарихи картиналарға толтырмасқа? Шыны ғой, бүгінгі ұрпақтың санасын солай сілкиік. Қалай ойлайсыз?
Мағмар Мақсым.
30 қаңтар 2019 ж. 2 460 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031