» » » Қоңыр күй қоңыр кеште жел тербейтін...

Қоңыр күй қоңыр кеште жел тербейтін...


Достық ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.


Ұста

Көрік пеш қасы – жұмыс тұрағы,
Қолында балға, қысқашы.
Ерутай дейтін мүкіс құлағы,
Болған-ды ауыл ұстасы.

Еске алған жұрты елжіреп кейін,
Өнердің нағыз иесін.
Шебер деп соны айт, сом білектейін,
Темірден түйін түйетін.

Тапсырыс берсең – байланып тоспа,
Уақытыңды алмас көп сенің.
Темірдің өзі айналып шоққа,
Әп-сәтте даяр кетпенің.

Қолы алтын болып жаратылғасын,
Зергерлік оған сөз боп па?
"Теңдессіз, көке, дара тұлғасың"-
Деп тілін тапсаң болмас па.

Тот басып қалған бұйым дегенді,
Береді ол саған жаңалап.
Еңбегі үшін тиын-тебенді,
Ұмытпай ұсын шамалап.

Ақын сияқты ол жетім жүрегі,
Бала болсам да түсініп,
Әкесі – Рахмет есімді еді,
"Рахмет!" – деймін қысылып.

...Боясын мейлі самайымды әр жыл,
Жадымда қапты нар мүсін.
Алдына барған ағайындардың,
Арқалап өткен алғысын...

Баласы оның – Райым да анау,
Әке орнын басқан. Құптадық.
Райымда осы уайым да бар-ау,
Қонбапты ондай ұсталық.

Себебі... дауға ұрынбай тыңда,
Болса рас пікір бұл егер –
Ұлылықты шын ұғынбайтынға,
Илікпейді екен ұлы өнер.

Мұражайдағы жәдігер немесе Әбілқайыр хан
дәуіріне саяхат

Тұма тарих тереңінде тұнып нұр,
Тұшынармын, тұнбасынан сыр ұқтыр.
Мемлекеттік мұражайдың төрінде
Қыны зерлі қылыш тұр.

БаҺадүрдің белдігіне байланған,
Бұл – бес қару қалған дерсің қай жаннан?
Алмас жүзі – айбыны асқақ Алаштың,
Қайратына қайралған.

Сауыт сайлап күптелінген күміспен,
Сан ұрыстан бабам шыққан кіл үстем.
Ұлы дала шекарасын сызып сап,
Ұшы үшкір қылышпен.

Осы қылыш...
(Мән бергем жоқ текке мен),
Сұлбасынан сескендірер сес көрем.
Талайсыздың талқан етсе тағдырын,
Құс қанатын кеспеген.

...Ертегісіз еліктірген елік қыз,
Бізді ұйыттыр тың деректі беріп Сіз.
Әбілқайыр хандық құрған дәуірге,
Енер ме едік еріксіз.

Қанымда ойнап алашапқын, тасыр күн,
Келеді енді әруағымды шақырғым.
Кейіпкерім бұл – бесінші ұрпағы,
Әз Жәнібек батырдың.

Өрелі елдің салтанатын құрғасын,
Ерен ерім, даңққа оранып тұрды атың.
Жақын түгіл, жоңғар сынды жауға да,
Бағалатып бір басын.

Тәж таласы шашып жатқан шақта уын,
Мінді ол таққа мастық етпей бақ буын.
Желбіретсем деп көгінде кіршіксіз,
Әділеттің ақ туын.

Өлмек емес елге елеулі сүйікті ұл,
Жүрген жоқпыз жәдігерді жиып құр.
Мұражайдан шықтым мұңды арқалап,
Тыста... жаңбыр құйып тұр.



30 қаңтар 2019 ж. 1 290 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 88

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 230

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930