» » » Хас талантқа тағдыр тосқауыл емес

Хас талантқа тағдыр тосқауыл емес

Алматыда «Этнос форум» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында «Екі әлем – екі тағдыр» атты көрмесі өтуде. Көрмеде суретші Алан Мұхитдинов пен Әлібек Қаратайдың 100-ден астам туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Көрме жайында музейдің аға ғылыми қызметкері Наталия Баженовамен арнайы сұхбаттастық.  
– Наталия Александровна, «Екі әлем – екі тағдыр» атты көрмені өткізудегі басты мақсат қандай?
– Соңғы жылдары аутизммен ауыратын балалардың саны көп. Себебін білуге қаншама ғалымдар ұмтылғанымен, нақты сипаттамасы жоқ. Яғни, дәрігерлердің назарын өзіне жиі аударатын жұмбақ құбылыс. Көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсат – аутизммен сырқаттанған балалардың шығармашылығын насихаттау, сол арқылы өмір сүруге құлшындыру. Шындығында, олар сау адам істей ал­майтын жұмыстар атқарып жатыр. Меніңше шын ниетпен жасалған қарым-қатынас алынбастай көрінген қамалды бұзуға болатынын өмірдің өзі дәлелдеген. Ниет, сүйіспеншілік, сенім біріксе, кез келген қиындықты жеңуге мүмкіндік шексіз. Олар өзінің ғажайып мүмкін­діктерін сезінсе, қолынан келмейтіні жоқ. Қоғаммен етене жақын араласудың жолын табуға, өз бетінше өмір сүре білуге мүм­кіндік беру үшін сырласып, сұхбаттасу арқылы ықпал етеміз. Олармен жиі ара­ласудың пайдасы өте көп.
Ә.Қастеев атындағы музей ерекше мұқтаж суретшілерге бағытталған әлеу­меттік маңызды жобаларға үнемі бастама көтеріп отырады. Мұндай шараларды қызықтауға, тамашалауға олардың тағдыр­ластары жиі келеді. Ол үшін музей жан-жақты жағдай жасауға барынша күш салады. Ерекше дарынды балалардың толықтай жақсы өмір сүруіне, олардың болашақтағы өмірлік жолдарын табуына қолдан келген мүмкіндікті жасап, бола­шақта қолдау көрсетуге ниетті Darai және Pioner concept қоғамдық қорының сынақ жобасы екенін ерекше айтқым келеді.
– Көрмеге 100-ден астам еңбек қойылған екен. Еңбектердің ерекшелігі неде?
– Көрме дүниені қабылдауы басқа балалардан өзгеше екі жасөспірімнің шығармашылығына арналды. Табиғат оларды ерекше етіп жаратты. Әлібек пен Аланның жасы – 19-да, құрдас. Өз ойларын жүзеге асыруға аутизм оларға кедергі болған жоқ. Бала кезінен шығармашылыққа бейім, жақсы нәтижелерімен қуантып келді. Көрмеде 100-ден астам туындыны көпшілік назарына ұсынды. Бұл – үлкен еңбек. Жігіттердің еңбегі өзге ешкімге ұқсамайды, ерекше. Себебі, олар ішкі көңіл күй мен сезімдерін суретпен жет­кізуге барын салады. Екеуі де тек өздеріне ұнаған, өздері үшін ең маңыздысын ғана бейнелейді. Туындылары – бала көңіл, ашық-жарқын, бастамаға құштар қасиет­терді бейнелейтін картиналар, мүсіндер, анимациялар. Әрбір туынды көрген адамды бей-жай қалдырмайды.
– Суретшілер Алан Мұхитдинов пен Әлібек Қаратайдың шығармашылығы жайында кеңінен айтып берсеңіз.
– Әлібек Қаратай кескіндеме өнеріне бейім. Өзгелерден қызығушылығы жоғары. Ермексаздан түрлі бейнедегі мультфильм кейіпкерлерін жасағанды жақсы көреді. Арманы – мультфильм түсіру. Оның отбасы Әлібектің ерекше талпынысына таңғалды. Ол өз бетінше компьютерлік бағдарламаларды меңгерген. Мультиме­диялық бағдарламалармен анимация істейді. Түрлі-түрлі сюжет ойлап табады. Ермексаздан жасаған кейіпкерлеріне әртүрлі мінез-құлық, қасиет, сипаттама береді. Мультфильмдерінің сценарийін де өзі жазады. Өзі дыбыстайды. Ештеңені екінші орынға қоймайды. Мультфильмдегі әрбір детальды жан-жақты жетілдіреді. Әрбір мүсінді ерекше ықыласпен істейді. Кейіпкерлерін досындай көреді. Т.Жүр­генов атындағы ҚазҰӨА ұстаздарынан алған сабағы оған қанат бітірді. Акаде­миялық стильде орындаған жұмыстары – соның жарқын нәтижесі. Натюрморт, пейзаж және тағы басқа да жанрларды жақсы меңгерген.
Алан Мұхитдинов акварельмен, гуашьпен, пастельмен және қарындашпен сурет салғанды ұнатады. Оның «Шарлар», «Кубиктер», «Үшбұрыштар» деген жұ­мыстары ерекше назарға ілігеді. Туын­ды­ларды майлы бояумен салған. Геометрия­лық фигуралы абстрактылы ком­позиция сонысымен де ерекше. Бұлар­дағы ең басты нәрсе – формалардың плас­тикасы, туындылардың палитрасының ырғағы мен үндесе үйлесуі. Көбінесе, адам­ның көзіне бірден түсетін қанық түс­терді таңдайды. Онысы туындыларын жарқыратып көрсетеді. Түсті таңдай білу де – өнер. «Әйнектің арғы жағында» атты карти­насында алтын күзді бейнелейді. Әсершіл, зерек суретші күздің әр деталін бір картинада көрсеткен. «Шериф болғым келеді» картинасы кинофильмнің әсерімен салынған. Ерлік пен намысты, әлсіздерге қорған кейіпкерге ұқсатқысы келеді.
– Көрмені өткізуге қанша уақыт дайындалды?
– Көрмеге екеуінің қаншама жылдық еңбегінің нәтижесі дейтіндей ең таңдаулы жұмыстары қойылды. Шамамен 3 ай уақыт дайындалды. Көрмені өткізуге Әлібек Қаратайдың анасы бастамашы болды. Содан Алан Мұхитдинов екеуі бірігіп өт­кізу туралы шешім қабылдады. Екеуі бірі­нің ойын бірі толықтырды. Шығарма­шы­лық­т­ың арқасында бірігіп жетістікке ұм­тылды. Нәтижесінде, көрме ерекше өтті.
– Аутизммен ауыратын балалар мен жасөспірімдердің басты артықшылығы мен ерекшелігі қандай?
– Қоғамда аутизммен ауыратын балаларды өз бетінше өмір сүруге бейім­деуде Аружан Саинның еңбегі зор. Оның «Аутизмді жеңеміз!» деген жігер беретін бастамасы көңілге қуаныш сыйлайды. Соңғы жылдары аутизммен ауыратын балалардың қарасы көп. Олар өзіне ерекше назар аударғанды қалайды. Олар қатарға қосылып кету үшін нақты бір тәсіл бар деп дөп басып айту қиын. Мәселен, арнайы жаттығу, жиі сұхбаттасу, белгілі бір күш-жігер беру үшін қоғамда белсенді араластыру қажет. Осы бағытта Аружан Саинның бастамасы, атқарып жатқан игі шаралары көп көмегін тигізуде. Нәтижесі өте жақсы. Баласының денсаулығы күн санап түзеліп келе жатқанына ата-аналар қатты қуанады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ
19 қаңтар 2018 ж. 1 185 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 235

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 338

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930