» » » ЖЫРАУЛЫҚ - ЖАЙ ӨНЕР ЕМЕС, КИЕСІ МЕН ИЕСІ БАР ДАРА ӨНЕР

ЖЫРАУЛЫҚ - ЖАЙ ӨНЕР ЕМЕС, КИЕСІ МЕН ИЕСІ БАР ДАРА ӨНЕР

​​​​​​​​​​​​
Бидас Рүстембеков, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», К.Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйі директорының орынбасары:
– Сізді оқырманға таныстыру артық сықылды. Десе де, өзіңіздей алтынның сынығын бір түгелдеп өтпесек тағы болмас?
– Жыраулық – қиын жол әрі қасиетті өнер. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр. Бізге жеті атамыздан жыраулық қасиет дарыған. Көшеней екеуміздің әкеміз – Рүстембек жырау, оның інісі Дастанбек жырау 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен. Екеуі де соғыс алдында Жалағаштағы екі мекеменің бас есепшісі болған. Олардың әкесі Жиенбай жырау, одан әрі Дүзбенбет жырауға жалғасады. Атамыз Жиенбайдың нағашысы – Шораяқтың Омары. Кешегі сәбеттік уақытта жыраулық өнер біршама тоқырады. Талай ұрпақ сахнаға шыға алмай, қиналды. Осы ұлы өнер әлдеқалай болар екен деп жүргенде, 1969 жылы Алматыда республикалық жиынның бірінде Көшеней ағам жыр көгінен жарқырай көрінді. Сол жиынға қатысқан қазақтың небір ығай-сығайы Көшекеңді қолдап, көмескіленіп бара жатқан жыраулық өнерді қайтадан өз деңгейінде елге таратты. 1972 жылы жыр жампозы – Ж.Жабаевтың 125 жылдық тойы республика деңгейінде дүркіреп өтті. Айтулы тойда халық Көшеней екеумізді қатар отырғызып, жыр жырлатты. Ағам Жиенбайдың «Бастауын», ал мен Шораяқтың Омарының «Асыл бір тексіз ақымақты» жыр-толғауын орындадық. Бір айтарлығы, осы жиында биік үстелге жайғасып үйренген қазақтың марқасқалары, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері жерге киіз төсеп, жастық жастанып өнерімізді тамашалады. Олардың арасында қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы, ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов, Әбділдә Тәжібаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер болды. Әйгілі ғалым Мырзабек Дүйсенов бізге шай құйып берді. Сонда Сәбит Мұқанов: «Қос жыраудың ортасына отырып, Сырдың сазды мақамын құлағымның құрышы қанғанша тыңдайын», – деп Көшекең екеуміздің ортамызға келіп жайғасты. Міне, сол Көшеней жұлдыздай жарқ етіп шығып, өнерімен елді таңқалдырды. Оған деген халықтың ықыласы бөлек болды. Бұл – жоғалуға айналған жыраулық өнердің шалқыған сәті еді. «Жүйрікке жалғыз көзің кез болады, жарқырап жалғыз өзі шаба берсе», – демекші, сөйтіп жүргенде, ағамыз Мәскеуде қайғылы қазаға ұшырады. Сол кезде бүкіл қазақ елі есеңгіреп, арыстай ұлымен қимай қоштасты.
– Көшеней бауырыңыз дүниеден өткен соң анаңыз сіздің де ел алдына шығуыңызға қарсы болыпты. Осы рас па?
– Рас. Анамыз қауіптеніп: «Бір баламды көз бен тіл алып кетті. Енді сенен айрылар жайым жоқ. Маған сенің тірі болғаның керек», – деп елдің алдына шығуыма рұқсат бермеді. Бірақ, кейін халықтың сұрауымен домбыраны қолға алдым. Қанша айтқанмен, жыраудың ұрпағымын. Өнерге қайта келдім. Шамам келгенше жұмыс істеудемін.
– Талай жерді аралап, талай сахнадан қазақтың төл өнерін паш еттім дейсіз ғой?
– Иә, жыр өнерін дәріптедім. Көпшіліктің ықыласына бөлендім. Бішкек, Тәшкент, Мәскеу, Санкт-Питербург бардым. 2009 жылы Америкада өнер сапарымен болдым. Ондағылардың қазақтың қара домбырасына деген құрметін сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
– Қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовті Елбасының қатысуымен ғарыш кеңістігіне Сыр әуенімен шығарып салдыңыз?
– Заманында Тұрмағамбет шайыр Рүстембек жырауға:
«Қырық рет қысқа күнде шабылғанмен,
Тұлпардың тұқымысың арымаған.
Озғай деп өз тобынан атасындай,
Тілекші қай уақытта ғарип ағаң», – деген екен. Сол айтпақшы, бұл айтулы оқиғаның куәсі болған Айдын інімді жырмен шығарып салғанымды мәртебе санаймын:
«Барасың қалқам алысқа, сәлем де бізден ғарышқа,
Елбасының ерен еңбегі жеткізді елді табысқа.
Елінің сенген ұлы едің, тырысып бақ намысқа,
Астана байтақ елінен, киелі Қорқыт жерінен
Аттандың міне, ғарышқа.
Үшқоңыр менен Байқоңыр – пана болған арысқа,
Алаш деп ұран шақырып, айналдың бүгін барысқа.
Жаратқан Алла жар болып, сау-саламат барып қайт,
Үкілеп қостық жарысқа», – деп сол сәтте үлкен тебіреніспен жыр толғадық.
– Керемет екен. Ендігі сөзді репертуарыңыздан сабақтасақ?
– Жыр қоржында Сыр елі ақын-жырауларының өсиет сөздері, толғаулары: «Көрғұлы», «Рауа-Бану», «Қобыланды», «Үш күлше», «Жарлы Тәліп», басқа да қисса-дастандар бар.
Жыраулық мектептердің дәріптелуі қалай?
– Сыр бойында дәстүрлі үш мектеп бар: Арал, Қазалыда Нұртуған, Қармақшы мен Жалағашта Жиенбай жыр мектебі және Шиелі, Жаңақорғанда Нартай мектебі. Әрбірінің мақам-сазы бөлек. Әрқайсысы өзінше мектеп. Дәріптелуі өз деңгейінде. Биыл аудандық жыраулар үйіне қарасты бес үйірмеге қоса, қобыз үйірмесі ашылды. Онда қазір жас шәкірттер тәрбиеленуде.
– Төл өнерге жастар қызыға ма?
– Қызығушылығы жақсы. Меңгеруі де жаман емес. Үйірмеде балаға бірден күрделі шығарма берілмейді. Бірінші домбыра үйретіледі. Содан кейін жеңіл ән-әуез, мақам-саз, сөздер жаттатылады. Домбыраға қалыптасқан соң термеге баулимыз. Оның да жеңілі ұсынылады. Бірте-бірте күрделі шығармаға көше бастаймыз. Сахнаға шығуға келіп қалды-ау дегенде ғана оқушыны халық алдына шығарамыз. Кейін ұзақ қисса-дастандар үйретіледі. Баланың бойында жыраулық өнерге ықылас, құштарлығы болуы шарт. Туа бітті қандағы қасиет те маңызды. Мұндайда үйренуге де, үйретуге де оңай. Кейбірдің құштарлығы болады, ал алымы, қабылдауы – қиындау. Кейбірі алғыр, мәтінді жаттауы мықты болады да мақамды ала алмайды. Сайып келгенде, қанында барға жетпейді. Жыраулық үйірмедегі шәкірттің бәрі бірдей жырау болмайді. Десе де, ертеңгі күні одан мүмкін жақсы тыңдарман шығар.
– Дәстүрліөнер өміршең болуы үшін не істеу керек?
– Әу дегеннің барлығы жырау емес. Мақамды бұзбай, өз мәнерінде жеткізу қажет. Әкеміз: «Мақамды бұзбай айтыңдар. Бұзып айтатын болсаңдар, менің балам болғанмен айтпай-ақ қойыңдар», – дейтін. Айтар туындының ырғағы келіп тұрмаса сәнді болмайды.
– Орта мектептерде сабақ ретінде жыраулық өнерді неге енгізбеске? Оған сіздің көзқарасыңыз?
– Енгізсек ұтарымыз анық. Әкелі-балалы Жиенбай мен Рүстембек – жырау әрі композитор. Мысалға, Рүстембектің 1-ші, 2-ші, 3-ші, сондай-ақ, Жиенбайдың төкпе, терме толғаулары – бір-біріне ұқсамайтын бөлек мақам. «Көрғұлы» дастаны 20-30 мақам-сазбен айтылады. Заманында Жиенбай жырауды ауыл-ауыл шақырып, жыр жырлатады екен. Қисса-дастанды үш күн, үш түн жырлаған жырауды халық жібергісі келмейді. Сонда әкеміздің қасындағы серігі: «Жиеке, созып айтсаңызшы, әйтпесе өлеңіңіз таусылып қалар» десе, Жиенбай жырау да серігіне қарап: «Әлі үш күн, үш түн жырлайтын жырымыз бар», – депті. 1926 жылы Қызылқұмда атақты бай Бектібай әкесі Шонайға арнап ас береді. Оған үш жүздің халқы жиналады. Байдың малының шегі болмаса керек. Асқа ақ түсті жылқының 150-ін сойдырады. Бектібай елді осылай таңғалдырады. Басқа байлардың асқа деп әкелген малын қабылдамай, кері қайтарыпты. Бірнеше күнге созылған аста Бектібай күніге жылқының әр түсінен сойдырыпты. Осы аста бай 40 жырауға жыр жырлатып, бас бәйгеге 300 жылқы тіккен. 40 жыраудың соңында Жиенбай мен Тасберген қалыпты. Дүлдүлдер пәлен күн айтысыпты. Таң атқанда Жиенбай атамыз төбенің басына шығып жырлапты. Мұны көрген Тасберген: «Жиекеңнің жолбарысы көтерілді, енді ол ешкімге дес бермейді», – деп жолды Жиенбайға беріпті. Атамыз әруақты кісі болған. Қасында өзімен бірге еріп жүретін сарыала жолбарысы болады екен. Жыраудың сақилығы сол – ұтып алған 300 жылқының аста бір бөлігін, жолай бір бөлігін екі жұртқа таратып, үйіне астындағы жалғыз атымен келіпті.
– Салада селт еткізер қуанышты жаңалық бар ма? Жоспарыңызбен бөліссеңіз?
– Жыраулардың басын қосып, өзге елдерді араласақ деген арман бар. Шетелге шығып, дәстүрімізді насихаттасақ бір ғанибет болар еді. Әзірбайжан, Түркіменстан дәстүрі жағынан бізге жақындау. Аталған елдермен тәжірибе алмассақ деген жоспарымыз да жоқ емес. Мәселен, Тәжікстанда мұхамшылардың (бізше, мақамшылар) өнер академиясы бар. Академияда тәжік елінің өнер ұйымдарындағы студент жастар мұқамшыларға емтихан тапсырып, дипломын қорғайды. Біздегі жаңалыққа келер болсам, қыркүйек айында Ақмешіт шаһарында «Дәстүрлі өнер» академиясы ашылады деп отырмыз. Оған танымал жырау Алмас Алматов басшылық етпек.
– Оқырманға тілегіңіз?
– Мақсатымыз – ата-бабадан қалған дәстүрді жоғалтып алмай, кейінгі толқынға өз мәнерінде қалдыру. Сондай-ақ, халқымыз қасиетті жыр өнерімен сусындаса, әрбір қазақ отбасында балаға ұлттық өнерді ата-ана насихаттап отырса деген тілегім бар. Себебі, сан ғасырлық тарихы түзілген Қазақ елінің жыраулық өнерінен іздеген адам ақын-жырау, шайырлар мен дүрлердің асыл сөзін, өсиет әңгімелерін тапқан болар еді. Сонда ғана ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан алтын көмбеміз жарқырай түсері айқын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұқбаттасқан:
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
суреті Қазбек ТАЙБАҒАРОВТІКІ.
11 тамыз 2018 ж. 1 529 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 159

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930