» » » ӨМІР ШЫНДЫҒЫ ТЕАТР ТІЛІНДЕ

ӨМІР ШЫНДЫҒЫ ТЕАТР ТІЛІНДЕ

Біз күнделікті өмірде барымыздың қадірін жете бағаламай, күйбең тіршіліктің соңында жүріп көптеген маңызды дүниелерді елеусіз қалдырып жатамыз. Осындай сәттерде адам санасын серпілтіп, ойына жаңа бағыт беретін ерекше әлем бар. Ол – театр. Театрға бір рет барып, қойылым тамашалаған жанның қайта оралғысы келетіні сөзсіз. Өйткені ондағы әсер мүлде бөлек, ерекше.
Театр сахнасында жақсылық пен жамандық, махаббат пен қатыгездік арасындағы айырмашылық айқын көрініс табады. Ол адамға ізгілік жолын көрсетіп, терең ойға жетелейді. Театр – тек актерлер мен режиссерлердің ғана емес, көрерменмен тікелей байланыс орнататын, оларды ойландыратын өнер. Сондықтан оның қоғамға әсері орасан зор.
Жуырда Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне орай «Кездесу мен қоштасу» атты спектакль-мюзикл көрерменге ұсынылды. Қойылымды аудан тұрғындары мен қонақтары тамашалап, отбасы тақырыбындағы өзекті мәселелерге куә болды. Онда ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, тұрмыстық қиындықтар мен қарым-қатынас мәселелері шынайы әрі көркем түрде бейнеленді. Спектакльдің басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеп, өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын жеткізу.
Қойылым әсерлі әнмен басталып, көрерменді бірден өзіне баурап алды. Өнерпаздар әр көріністі жанды дауыстағы әндермен көркемдеп, ерекше атмосфера қалыптастырды. Кейіпкерлердің мәнді өлеңдері мен бишілердің қимылдары қойылымға терең мазмұн берді. Әсіресе би арқылы әйелдің нәзік болмысы мен отбасы құндылығы әсерлі жеткізілді. Оқиға желісінде жаңа құрылған отбасының уақыт өте келе түрлі сынақтарға тап болуы көрсетіледі. Алғашқы сезімнің орнына күнделікті тіршілік келіп, түсініспеушілік ұлғая түседі. Соның салдарынан кейіпкерлер ажырасуға бел буады. Әрқайсысы бақытты жалғыздықтан іздейді. Алайда бұл шешімнің дұрыс емес екені уақыт өте айқындалады. Судья олардың жағдайын зерттеп, ойлануға уақыт береді. Бір қызығы, судьяның өз отбасы да дәл сондай күйзеліске ұшырағаны көрермен үшін күтпеген бұрылыс болды. Соңында дұрыс шешім қабылдау арқылы отбасының сақталуы мүмкін екені көрсетіледі. Қойылым «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген халық даналығын терең ашып береді.
Қойылым аяқталған соң көрермендер ерекше әсерде қалды. Қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов өнерпаздардың еңбегіне жоғары баға беріп, тәрбиелік мәнін атап өтті. Оның айтуынша, режиссер Мадияр Махамбетов қазіргі қоғамдағы жас отбасылардың өмірін шынайы әрі әсерлі көрсете білген. Актерлердің шебер ойыны көрерменге үлкен әсер қалдырды.
Театр – күрделі өнер. Ол әдебиет, музыка, актерлік шеберлік сияқты бірнеше бағыттың тоғысуынан тұрады. Сахна сыртындағы еңбек те орасан зор: жарық, дыбыс, декорация – бәрі үйлесім тапқанда ғана қойылым сәтті шығады. Қойылым режиссері Мадияр Махамбетовтің айтуынша, бұл тақырып бүгінгі қоғам үшін өте өзекті. Әлеуметтік желілерде де отбасы мәселелері жиі көрініс табады. Спектакль арқылы олар адамдарға бір-бірін түсінудің, сөйлесудің маңызын жеткізгісі келген.
Қорытындылай келе, «Кездесу мен қоштасу» спектаклі отбасы тақырыбын тереңінен қозғап, көрерменге үлкен ой салды. Қойылым адамдарды бақыттың қадірін жоғалтпай тұрып түсінуге, отбасының беріктігін сақтауға шақырды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
19 сәуір 2026 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

№27 (10495)

14 сәуір 2026 ж.

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 918
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 562

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930