Ұлттық өнердің жас тұлпары
Өнер – ұлттың рухани тірегі, ал сол өнерді бойына сіңіріп, оны әлемге паш етіп жүрген жас өрендер – ел ертеңінің үміті. Осы орайда, 14-18 тамыз аралығында Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Ақтау қаласында өткен «Өнерлі өрен» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі жас дарындарға арналған айтулы өнер мерекесіне айналды.
Биылғы фестиваль ерекше сипатқа ие. Себебі бұл дүбірлі шара «Ақтау – 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы» тақырыбы аясында ұйымдастырылып, түркі халықтарының бірлігі мен мәдени байланысын нығайтуға бағытталды. Шараның негізгі алаңы – Абай мәдени демалыс кешені болды. Мұнда күн сайын әр елден келген талантты балалар өнердің сан алуан түрінен өз қабілеттерін ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Осы халықаралық деңгейдегі өнер бәйгесіне еліміздің намысын қорғап, К. Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің «Рүстембек жырау» үйірмесінің шәкірті, жас домбырашы Талант Балтабай қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленіп, ел мерейін үстем етті. Шәкірттің өнер жолындағы жетекшісі – жыр мен күйдің жанашыры, тәжірибелі ұстаз Балтабай Бедебаев.
Жас өнерпаз халық аспаптарында орындау номинациясы бойынша өнер көрсетіп, дәстүрлі күйлерді орындаудағы орындаушылық шеберлігімен, сахнадағы мәдениетімен, күйдің ішкі мәнін көрерменге шынайы жеткізе білуімен ерекшеленді. Домбыра пернесінде өрілген сырлы әуен, шеберлік пен сезімге толы орындау – Таланттың өнерге деген адалдығының, рухани биіктігінің көрінісі болды.
Көптің ішінен суырылып шыққан Таланттың өнері қазылар алқасының да, көрерменнің де жүрегін жаулап, шынайы қолдау тапты. Қазақтың киелі домбырасын нақышына келтіре сөйлеткен жас өнерпаздың орындаушылық шеберлігі, күйге деген құрметі мен сезімталдығы залда отырғандардың қошеметіне бөленді.
Фестиваль барысында өнердің түрлі жанры бойынша қатысқан 6 мемлекеттің ортасынан суырылып шыққан Талант Балтабайдың жүлделі орын иеленуі – үлкен жетістік. Бұл – тек аудан ғана емес, облыс, тіпті ел атынан қатысып, қазақтың ұлттық өнерін халықаралық сахнада асқақтатқан абыройлы сәт.
Фестиваль соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, оларға арнайы диплом мен халықаралық дәрежедегі марапаттар табысталды. Таланттың есімі жүлдегерлер қатарында аталып, туған топырағының мәртебесін тағы бір мәрте көтерді.
Жас дарынды өнерпаздың бұл жеңісі – оның таланты мен тынымсыз еңбегінің, ұстазымен бірлесе жеткен табанды ізденісінің айғағы. Сонымен қатар бұл аудандағы жыраулық өнер мектебінің, рухани сабақтастықтың, ұлттық өнерге деген ұрпақ құрметінің жарқын көрінісі.
Бүгінгі жетістікті жеңіл жолмен келген сәттілік деуге келмейді. Себебі ұлттық өнерге деген шынайы сүйіспеншілік, талмай іздену, әрі ұлт мұрасын жүрекпен сезініп, оны әлем сахнасына жеткізудегі табанды еңбекте жатыр. Жас домбырашыға шабыт пен жарқын болашақ, ал шебер ұстазы Балтабай Бедебаевқа ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі үшін алғыс пен абырой тілейміз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ