ҚОРҚЫТТАН ҚАЛҒАН ҚОҢЫР ҮН
Бабадан қалған ұлы өнерді дәріптеу мақсатында Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен «Қорқыттан қалған қоңыр үн» атты облыстық балалар шығармашылығы байқауы өтті. Оған көршілес Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласынан және аудан өнерпаздарынан 44 талапкер бақ сынасты. Талантты балалардың ұлттық өнерге деген қызығушылығының жоғары екені көңілді серпілтіп тастады. Қатысушылар «Дәстүрлі ән-жыр», «Дәстүрлі күй» жанры бойынша өнерлерін ортаға салды.
Балалар шығармашылығы байқауының алғашқы құттықтау сөзін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еркінбек Ерсұлтанов сөйлеп, жас талапты қатысушыларға ақжолтай тілегін айтса, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков жас жеткіншектерге батасын берді.
Байқаудың жеңімпаздарын анықтайтын қазылар алқасының құрамында жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Серік Жақсығұлов, музыкант, Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің директоры Дәулет Байғараев, аталған мектептің мұғалімі, ақын-сазгер Жарқынбек Тұрымбетов, сазгер, Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мұхамбетқали Бағатов болып, жас талапкерлердің өнерімен танысып, сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберлігі, дауыс мәнерлерін сарапқа салды.
Сайыс нәтижесі бойынша «Дәстүрлі ән-жыр» жанрының үлкен тобы бойынша бас жүлдені Жандос Әленов қанжығасына байласа, І орынды Інжу Сайдулла иеленді. Ал ІІ орынды Бақыт Мархабатова мен Нұрмұхаммед Идирисұлы алса, ІІІ орынға Айдана Амантай жайғасты. Кіші топ бойынша бас жүлдені Аянат Мирова, І орынды Айару Нұрлыбек, ІІ орынды Іңкәр Темірбай, ІІІ орынды Нұрдаулет Алматұлы иеленді.
«Дәстүрлі күй» жанрының үлкен тобы бойынша І орынды Саламат Қайруллаев, ІІ орынды Жансая Асанова, ІІІ орынды Нұрасыл Өмірбек еншілесе, кіші топ бойынша бас жүлде Инабат Сәрсенбек, І орынды Нұрсұлтан Алпамыс, ІІ орынды Нұрерке Ерланқызы, ІІІ орынды Хамза Исаев, Арнұр Уалиханов, Аяулым Нұрлыбектер өзара бөлісті.
Айта кетейік, ұлттық өнер байқауының жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқанына биыл – 10 жыл. Осы орайда Жыраулар үйінің ұжымы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ