» » » Пайғамбардың аяғының ізі құмға сіңіп кете бере ме?

Пайғамбардың аяғының ізі құмға сіңіп кете бере ме?


«Қарты бар елдің қазынасы бар», демекші үлкен кісілер отырған жер бір береке дейтін-ді. Сол қарттар анау Адам Атадан бастап барлық пайғамбарлар, сахабалар мен ғалымдар жөнінде әңгіме қозғап отыратын. Қазірде сол бұрынғы ақсақалдардай шариғаттың балын тамызып әңгімелемесе де әр жерден бір кертіп, көне көз тарихымызға кіре тартатындар жоқ емес.
Амал не, тілге шешен, шариғаттың шырағына айналған жандарға көп кездесе алмайтын болғандықтан әлгіндей азда болса әріден әңгіме ететін жандарға жақындау жүретінім бар. Осы әдетім бойынша бірде тойда әңгіме-дүкен құрып отырған ақсақалдардың қасына отыра кеткенмін.
Жасы сексеннен асқан бір ақсақал: «Қасиетті Қазықұрт тауының басында кемесі қалған Нұх пайғамбарымыздың сол өлкеде таста табанының ізі де қалған. Сол табан таңбасы бар тас қазірде Шымкент облысы Тұрар ауданына жақын жердегі таудаң етегінде жатыр. Ол тастың беті бұрын жерден қамшы сабы бойындай шығып жататын. Қазірде жермен бірдей болып қалған. Ақыр заманда сол тас жоқ болып кетеді екен», деді көпті ұйытып отыр екен.
Бұл сөзді естігенде жүрегім шымырлап сала берді. Ал басқалар болса, жоқ ол тас Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) шәкіртінің ізі десе, біреулері Мұса пайғамбарымыздың ізі деп таласа кетті. Тіпті біреуі оның ешқандай дәлелі жоқ, ол әншейін біреудің қашап салған ізі не тау балқығанда жай біреудің басып кеткен табанынан қалған деп салды. Әрқайсысы түрлі дәлелдер келтірген мен нақты мынау дегені болмады да, пайғамбар ізі жұмбақ күйінде қала берді.
Осылайша осы бір әңгіме санамда күн сайын жаңғырып, түрлі ойларға жетелеп, сол ізді көруге деген ынтығымды арттыра түсті. Сөйтіп осы бір ой жетегінде жүргенімде сол жерге саяхат жасататын Шымкенттегі «Ақсу жабағылы» демалыс орнын естідім.
Сөйтіп, әдейілеп әлгі санаторияға жолдама алдым. Ол жаққа барып орналасыммен саяхатқа апарушыға жолығып, «пайғамбардың ізі қалған тасқа алып барасыздар ма?», деп сұрадым.
О кісі ондағы саяхат жасайын барлық киелі орындарға апаратынын айтты. Сөйтіп әуелгі күні-ақ пайғамбардың ізі қалған тасқа тарттық. Ол жерде арнайы шырақшы бар екен. Шырақшы бізді бастап таудың төсін жарып шығып барып, қосыла ағатын қос бұлақ әулиебастау бұлағына алып барды. Ондағы табиғат соншалықты керемет болғанымен, саяхатшылардың жүріп-тұруына оншалық жағдай жасалмаған екен. Тіпті ақпарат беретін тақталар да, кітап не үнпарақтар да болмады.
Жұрт бұлақ суының емдік қасиеті бар деп қолда бар ыдысқа құйып алып жатты. Сонда бұл шипалы суды неге талапқа сай етіп қалбырларға құйып сатпасқа деген ой басыма сап ете қалды. Бұл ойымды жанымдағы бір үлкен кісіге айттым. Сонда ол: «Қалқам-ай, ондай игі істі кім қолға ала қояр дейсің» деп келте қайырды.
Сонымен, мен іздеп келе жатқан пайғамбардың ізі қалған тасқа қарай беттедік. Тауды қиялап шығатын жол қаншалықты қауіпті болса да сол ізге тәу етуге келе жатқандар оны елемеді. Тек барлығының ойы пайғамбардың ізі қалған тасқа жету.
Бір кезде жан-жағын кішкене ғана темірмен қоршаған тасқа да жеттік. Бірақ, көптен аңсап, ынтығып қуана жеткен көңілім құлазып сала берді. Өйткені сан ғасырлар бойы сырын ішіне сақтап келе жатқан осы бір тарихи мұраның күтімсіз жатқаны жаныма батты. «Мұны неге тарихи ескерткіш есебінде аса қамқорға алмайды екен», дедім жан-жағымдағыларға дауыстап. Сонда бірі: «Бұл қамқорлыққа алынбақ тұрмақ, ашық аспан астында күнге қақталып, жауынға мұқалып тозып барады. Соның салдарынан іздің қалпы бұзыла бастады, анықтығы көмескіленіп, тас жерге сіңуде» деп өкпесін білдірді. Жалпы оның айтуынша, табанның ізі қалған бұл тас бұрын жерден қамшы бойы биік болған екен. Оны естіген менің көңіл күйім одан әрі құлдырай берді. Мақтанғанда дауысы жер жаратын биліктің бұған қалай қауқары келмей жатыр сонда? Әлде бұған қол тигізсек түрлі теріс ағымдағылар тосын қылық танытады деп қорқақтанып отыр ма? Дегенмен одан гөрі тарихты, ата жолды, дінімізді құрметтемеуге жақын деп ашынды ой бөліскен саяхатшылар. Тек ғана биліктің шекпенінде бұйығып жүрген бір кісі «бұл пайғамбардың ізі ме, ізі емес пе қайдан білесіңдер, оның үстіне ондай нәрселердің барлығына қаржы бөле беру де жөн болмас» деп өкпемізді орынсыз етіп шығарды. Алайда ол дәлелдену керек деп жүре берсек қолдағы бар құндылығымыздан айырылып қала бермейміз бе? Мақұл, ол пайғамбардың ізі болмай-ақ қойсын, бірақ оның сан ғасырлық тарихы бар емес пе? Сондықтан оны қаржыға тірей берудің де жөні жоқ секілді. Осындай көненің көзін сақтай отыра туристерді тартатынымыз да талай айтылды. Алайда, арайлаған Астанамыз секілді тарихи жәдігерлеріміз де жарқырамай жатқаны қалай?
Жалпы қандайда бір із болмасын оның астында үлкен мән жататыны сөзсіз. Мәселен Меккедегі Ибрахим пайғамбардың, Ыстамбұлдағы атақты Топқапы сарай-кешеніндегі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың тасқа түскен табанының ізі секілді қасиетті іздер санаулы ғана емес пе! Соның ішінде біз үшін Шымкенттегі тау бөктерінде қалған пайғамбар ізі ұлықтауға тұрарлық із болмай ма? Алайда сол ізге жасалып жатқан қамқорлық жоқтың қасы екені қынжылтады. Сонымен қатар, пайғамбар ізінен сәл әрірек жатқан қос бөлмелі үңгіртаста елеусіз қалуда. Оған баратын жол өте қауіпті. Соны неге қолға алып, жөндемеске. Сол үңгіртастың астында 40 бұлақ сарқырап ағуда. Тұрғындардың айтуынша, 40 бұлақтың әрқайсысы бір-бір ауруға ем екен. Бір өкініштісі өркендеп бара жатқан ел ағалары оған да көз қырын салар емес.
«Тарихыңды танымай алға жылжи алмайсың», демекші біз неге тарихымызды, оның ішінде дінімізге қатысы бар құндылықтарымызды қадірлемей жатырмыз? Оларды мақтан етіп жарнамалап жатқанымыз да шамалы. Қай телеарнаны қоссаң да, қай газетті ашсаң да Астананың жарнамасынан аяқ алып жүре алмайсың.
Жеті атасын білмеген ұлды жетесіз деп жатады, ал туған жердің қасиетін ұқпағанды не дейді, мұның жауабын таба алмадық.
Осылайша ынтыға жеткен пайғамбар ізін көріп, бұл із нақты кімнің ізі, қай ғасырға жатады және оны қалай сақтап қалуға болды дегендей сан мыңдаған ойлардың жетегімен алысып елге қайттық. Ал ағайын бұған сіз не дейсіз?
Сәкен АЛДАШБАЕВ.
14 маусым 2018 ж. 2 025 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031