» » » ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН КЕЛІНДЕР БАЙҚАУЫ

ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН КЕЛІНДЕР БАЙҚАУЫ

Қай кезде де қазақтың келіндері өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген. Осы орайда жақында Жаңажол ауылдық клуб үйінің ұйымдастыруымен «Келіні жақсының керегесі алтын» атты аймақтық келіндер байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің орнының ерекше екендігін, отбасының ұйытқысы екенін ұғындыру. Келінге немесе болашақ анаға деген сыйластықты ояту, ананың өмірдегі маңыздылығын ұғындыру.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Бірінші «Тегін білу – тектілік» тақырыбында үміткерлер өрнекті сөз, көрікті оймен өздерін таныстырды. Мұнда келіндердің сөз саптауы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, ибасы мен инабаты, киген киімі бәрі де бағаланды. Келесі кезең «Халқын сүйген салтын сүйер» деп аталып, сұрақ-жауапқа арналды. Отбасылық құндылықтарға сай салт-дәстүр, келіннің өмірлік жарының туған-туыстарын қалай атайды, ат қою рәсімі, басқа да тұрмыстық салты, жөн-жоралғыны қаншалықты білетіні, әдет-ғұрыпқа байланысты біліктіліктері ескерілді. «Өнерлі өрге жүзеді» бөлімінде байқауға қатысушылардың шығармашылық қабілеті, ән салып, би билеу, суырып салу тапқырлығы, көркемсөз оқу секілді өнерін ортаға салды. Ал 4-кезең «Қонақжайлылық – ата дәстүріміз» деп аталады. Сайыста сымбатына сәні келіскен келіндер сахна мәдениетін сақтап, шынайы қазақы сұлулықты танытып, көпшілік көрерменді тәнті етті.
Сайыс барысында өз білімімен, өнерімен оқ бойы оза шапқан Дүр Оңғар ауылының келіні Назым Алтынбайқызы үздік деп танылып, бас жүлдені қанжығасына байлады. І орынды ІІІ Интернационал ауылының келіні Айсұлу Әбдісәлімова иеленді. Ал жүлделі ІІ орынға Төретам кентінің келіні Мақпал Жайлашева мен Қуаңдария ауылының келіні Нарқыз Әзиз жайғасты. ІІІ орынды Ақжар ауылының келіні Перизат Нұрғалиева, Иіркөл ауылының келіні Керемет Шынбаева және Ақтөбе ауылының келіні Жадыра Базарходжаева иеленді. Барлық қатысушы келіндерге диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ісшара соңы үйірме оқушыларының мерекелік концертімен жалғасты.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
18 наурыз 2025 ж. 256 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (10396)

19 сәуір 2025 ж.

№27 (10395)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (10394)

12 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 614
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930