ӘН ҒҰМЫР
Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен Қармақшы ауданының мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген ардагер, Бүкілодақтық әншілер байқауының лауреаты, әнші, сазгер Базарбай Жүсіпбаевты еске алуға арналған жас әншілер арасындағы "ӘН ҒҰМЫР" тақырыбында аудандық ән байқауы болып өтті.
Аудандық әншілер байқауын аудан әкімінің орынбасары Смағұлов Самат Қыдырбекұлы ашып, Базарбай Жүсіпбаевтың "Сағыныш" әнін өнердегі інісі, мәдениет саласының ардагері, әнші Ордабай Төребаев орындады.
Ән сайысында Жосалы кентінен және елді-мекендерден барлығы 11 өнерпаз әнші, сазгер Базарбай Жүсіпбаевтың орындаған және әуенін жазған өлеңдерінен бір, еркін тақырыпта бір ән орындап, көзі қарақты көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Базарбай Жүсіпбаев ұрпағы Уақытбек Сұңғатов, сазгер Керекжан Құлмырзаев, сазгер Мұхамбетқали Бағатовтар қазылық еткен бұл байқауда 3 орынды иіркөлдік өнерпаз Наурызбек Сахиев пен Т.Салқынбайұлы атындағы балалар әуез мектебінің мұғалімі Азат Ысқақ иеленді. Көмекбаев ауылынан Бүркітбай Ақсұңқар мен Дүр Оңғар ауылының өнерпазы Азамат Алтай 2 орынды жеңіп алды. 1 орынмен ақтөбелік Наргиз Ерлан марапатталса, Төретам кентінен қатысқан Бақытова Тоғжан "Бас жүлде" иегері атанды.
Қалған қатысушылар "Алғыс хатпен" марапатталып, барлық өнерпазға "Шұңғыр Алтын" қорының қолдауымен қаржылай сый-сияпат табыс етілді.
Шара соңында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Бегежанқызы қорытындылап, осындай игі шараның басы-қасында жүрген, өткізілуіне мұрындық болған барша жандарға, байқау қатысушыларына алғаусыз алғысын жеткізді.