» » » Би әлемінің жұлдызы

Би әлемінің жұлдызы

Жалпы адам баласының қай-қайсысы да өмірден өз орнын тапқанын қалайды емес пе? Өзіміз қалаған мамандықтың үдесінен шығып, сол салада жұлдызымыздың жанғанын құп көреміз. Осындай жанның бірі – жас талант, талапты ұстаз Аймереке Арыстанбекқызы.
Жас болса да жауапкершілігі жоғары жұмысты жанына серік етіп шәкірттеріне би өнерінің қыр-сырын үйретіп жүрген жас туралы айтарымыз көп. Аймереке қазіргі таңда ауылдық клуб үйінде қызмет етеді. 2017 жылы ҚР Мәдениет саласының үздігі, мәдениет саласының жанашыры Серік Сапақовтың бастамасымен «DM» би үйірмесін ашқан. Биге құмар шәкірттердің талабын шыңдап, білгенін үйретуден аянбайды. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. 2021 жылы «Би де бір жұмбақ әлем» атты бес жылдық есеп беру концертін өткізіп те үлгерген.
Би өнері кез келгеннің қолынан келетін дүние емес қой. Сондықтан осы әдемі әлемге қалай келгенін білгіміз келді. Сүйіп жасар мамандығы туралы сағаттап айтуға тапжылмайтын кейіпкеріміз бұл сауалымызға тосылған жоқ.
– Биге қызығушылығым балабақша уақытынан бас талды. Әр мерекелік іс-шараға белсене қатысатынмын. Мектеп оқып жүргенде Нұрила және Айғаным есімді апайларымның шәкірті болдым. Қыз бала негізі әкеге жақын келеді емес пе? Мен де әкеме жақынмын. Ал әкем өнерге жақын болды. Оны ауыл ағалары «Вальс каролі» деп айтатын. Сондықтан бұл өнерді әкемнен дарыған өнер деп білемін. Негізі мамандығым колледж бойынша «Тігінші-дизайнер». Үйірмені алғаш ашқан уақытымда оқушыларыма сахна киімдерін өзім тігіп беретінмін. Кейін Алматы қаласынан «Ұлттық би өнері» бойынша шеберлік класстарға қатысып, білімімді жетілдірдім, – дейді Аймереке Арыстанбекқызы.
Өнерге адалдық танытқан жанның өз жетістігі де, шәкірттерінің жеңісі де жетерлік. Аймереке 2022 жылы «Көркем ару» байқауынан, 2023 жылы аудандық «Жас тар жалыны» байқауынан бас жүлде иеленсе, биыл облыстық «Жас маман – 2024» байқауынан І орынды жеңіп алған.
– Бишілерімнің де жетістіктері көп. 2022 жылы облыстық «Таңшолпан» байқауынан үздік марапат алдық. «Таланттар топ жарған күн» атты облыстық заманауи өнер байқауынан бас жүлдені иелендік. Түркістан қаласында өткен «Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі – Түркістан!» ұлттық өнер фестивалінен бас жүлде, биыл облыстық «Бозторғай» байқауынан ІІ орын алдық. Осы уақытқа дейін түлеп ұшқан шәкірттерім көп. Ең алғашқы оқушым Расила Нұрлыбекқызы болды. Кейін Расиланың қатарына өнерге шын жанашыр бола білген оқушылар жинала бастады. Бастауыш сыныпта келген оқушыларым қазір студент болғанын көргенде уақыттың жылдам екенін мойындаймын. Әр оқушымның өзіндік ерекше орны бар. Олар – әрбір бақытты күнімнің себепкерлері бола білген жандар. Сондықтан өнерді құрмет тұтып тұрған адамды мен де ерекше құрметтеймін, – дейді жас маман.
Аймерекенің әрбір сөзінен мамандығын қаншалықты сүйетінін айқын аңғаруға болады. Мамандығына деген махаббаты жарқыраған көзінен көрініп-ақ тұр.
– Үздіксіз ізденіс нәтижеге апаратын жол екенін ескерсек, бишілік өнер адамның ішкі жан дүниесін рухани байытатын әрі жанын тазартатын құдіретті өнер болып есептеледі. Жастайынан бимен айналысқан жандардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке ынтасын арттырады. Бір сөзбен айтқанда, би өнерінің жеке тұлғаның қалыптасу жолында тигізер әсері айрықша. Дұрыс таңдалған мамандық әр адамның өмірінің айнасы, болашақта маздап жанар шамшырағы. Сондықтан шамшырағымның әлі де биік болғанын қалаймын. Оқушыларымды әлде де биік шыңдарға, белестерге жетелейтін мықты ұстаз болғым келеді, – дейді білікті маман.
Алға қойған мақсаты нық, тәрбиесі жоғары, сапалы білімі бар маман әрқашан елдің мерейі. Болашақта осындай ел абыройын асқақтататын, жас ұрпақты әсем өнерге баулитын ұстаздардың қатары көп болса, ел келешегі кемелдене түспек.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 қазан 2024 ж. 306 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

№87 (10352)

02 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 004

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930