» » » Қазақтың бойтұмары

Қазақтың бойтұмары


Ұлтымыз ұлық тұтқан домбыра қазақ халқымен ежелден бірге жасап келеді. Бұрын қазақтың әр баласы күмбірлете күй тартып, жыр-термені құйқылжыта орындайтын еді. Әр үйдің төрінде тұрған домбыра адамға ерекше әсер етіп, елжандылық сезімге еріксіз тарта түсетін. Өкініштісі, қазір мұндай көрініс көп байқалмайтын болды. Жиын-тойдың кезінде бірен-сараны ғана қолына қара домбыраны алып күмбірлете алады. Ілгеріде сыйлы қонақ келгенде домбыра ерекше сайрай жөнелуші еді. Кейде құйқылжып, кейде көкіректі басар қоңыр үн естіген жанды сан түрлі күйге бөлейтін.

Бүгінде жиын-тойға жиналған адамдар арасынан біреуі домбыра шерте алса, қуанатын жағдайға түстік. Бүгінде оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана көреміз.
Ерте заманнан бері қазақы болмысымызды айшықтап тұратын қос ішекті, тоғыз пернелі қасиетті домбыра көне кезеңнің күмбірі іспеттес. Сол бір құдыретті күш тұла бойымызды ерекше сезімге бөлеп, асқақ рух пен елжандылық қасиеттерді алпыс екі тамырымызға таратып жатады. Ұлы даланың ұландары ұрпақтан-ұрпаққа осы бір қасиетті дүниені мирас етіп, атадан балаға аманатқа айналған асыл қазына ретінде әрдайым жоғары бағалап келеді. Оған арналған ән де, өлең де көп. Жан-жүрегімізге жарық нұр секілді құйылатын «Домбыра» атты ән де оны қадірі мен қасиеті, мақсаты мен мұраты, құдыреті мен киесі дәлме-дәл көрініс берген. Айтылғандай, домбыра бабамыздың мұңы, анамыздың сыры, даламыздың үні емес пе?
Қашанда қазақ пен домбыра егіз екенін айтады. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның ішегінен төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған.
Соңғы уақытта ұлттық құндылықтарды насихаттауға баса назар аударылуда. 2018 жылдан бері «Ұлттық домбыра» күнін атап өтсек, биыл Наурызнама жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Алдағы уақытта «Ұлттық киім» күні де қолға алынбақ. Одан бөлек, барша білім ордасында «Төрт тоқсан – төрт өнер» жобасы қолға алынып, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Мұның барлығы ұрпақ бойына қазақылықты сіңіруден туған дүниелер. Домбыра күні сондай ізгі ниеттен туғаны белгілі. Қай ұлт болсын, өзінің ұлттық тамырынан ажырамауы тиіс.
Бұрын үлкендер балаларын кішкене кезінен домбыра тартуға баулып отырған екен. Әрине, екінің бірінің өнер жолына түсуі шарт емес қой. Десе де домбыраны үйрену қазақтың атқа міну секілді басты қағидасы болған. Осы үрдісті қазір жалғап, домбыраны үйрету аясын кеңейтуіміз қажет. Мәселен, мектепте музыка пәні бар. Сол пәннің аясында балалардың домбыра және өзге де музыкалық аспаптарды үйренуіне көңіл бөлген жөн. Тіпті әрбір мектепте «домбыра» пән ретінде оқытылса, оны құптар қазақтың қатары аз емес. Мұндай ұсыныс үкімет қарауында. 6-сыныптан бастап пән қатарына енгізіліп, жас ұрпақ ұлттық рухпен танысып, санасына сіңіріп өссе жақсы емес пе?
Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады деседі. Себебі, мамандар оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады. Демек, ол көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие.
Бүгінде аудан көлемінде домбыра, жыр үйірмелері жетерлік. Ұстаз тәрбиесін алып, биік белестерді қос ішектің күмбірімен бағындырып жүргендер де көп. Олар облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда жүлделі орын алып жүр. Ауданымыздың ұлттық өнерді дәріптеп жүрген өнерлі өрендерімен біз де мақтанамыз.
Ал Ұлттық домбыра күні республика тұрғындары күмбірлеген күйден шашу шашып, күміс көмей әншілер ән шырқайды. Домбыраның дәріптелуі тек мерекеде емес, басқа күндері де ұлықталып келеді. Оған себеп былтырғы наурыз айындағы эстафета. Бұл челленджге миллионға жуық қазақстандық оқушы қатысты. Тіпті арасында балабақша тәрбиеленушілері де болды. Ал челлендж соңында Оқу-ағарту министрі елордадағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге күй орындады. Бұл күні домбыраның шанағынан төгілген үн еліміздің әр өңірінде әуеледі. Осындай өнегелі челлендждер ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан мұраны әрі қарай да жалғастыра бермек. Оның үстіне қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болады. Сонда ғана өткеніміз ұмытылмай, өшкеніміз жанары сөзсіз.
   Дана қазақ қос ішектің күмбірімен көп дүниені жеткізген. Мәселен, бәрімізге таныс «Ақсақ құлан» күйін алсақ. Құланның жарақаты, баланың өлімі, ханның қасіреті, бәрі де бір күйдің ішінде жатыр. Домбыраның құдіреттілігі сонша тіл жетпегенді күй арқылы жеткізген. Домбыра тек тарихтың ғана куәгері емес, тәрбиенің құралы, қазақ руханиятының мәйегі. Егер біз оны қазақтың бойтұмары дейтін болсақ, демек, әр қазақтың төрінде домбыра тұруы тиіс.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
02 шілде 2024 ж. 329 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031