Өнерпаздар өрге озды

Артынша Шамшат Төлепова атындағы мәдениет үйінде халықтық қазынаның абыройын асқақтатып, мерейін үстем қылуға үлес қосып жүрген сала қызметкерлерінің құрметіне арналған салтанатты шара жалғасын тапты. Аудан әкімі С.Мақашов қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, бір топ сала мамандарына алғыс хат табыстады.
Аудан мәдениетін көркейтуде өнер майталмандарының жасап жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Халықаралық, республикалық өнер байқауларында аудан, облысымыздың мерейін асқақтатып жүрген Малика Алдамжарова, Тоғжан Бақытова, Арай Оңғарқызы, Серік Бибімариям, Ақсұңқар Айдынұлы сынды жас таланттар болса, өнер иелерінің тәрбиесін көріп, бүгінде үлкен сахналарда жүрген айтыскер ақын Сырым Әділбеков, белгілі жас әншілер Азамат Әлтаев, Руслан Ризманов, жақында ғана өткен Кеңес Дүйсекеев атындағы республикалық әншілер конкурсының ІІ орын иегері Арайлым Мұхамбетжанова сынды жас таланттармен мақтануға болады.
Мәдениет және Өнер қызметкерлерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараның соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Өнер саласын өркендету, дәстүріміз бен салтымызды жаңғырту – елін, жерін сүйген әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Мәңгілік елдің мәңгілік мәдениеті сонда ғана ғұмырлы болмақ.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы»