» » » Талабы таудай Ердәулет

Талабы таудай Ердәулет

qarmaqshy-tany.kz Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген керемет мақал бар. Расында да, бойдағы талантты жасыру мүмкін емес. Сыр өңірі шайырлар мекені десек, осы өлеңді өміріне серік еткендер легі бүгін де бар. Әрі жас есімдермен толығып келеді. Осындай ойы озық, бойы талантқа толы жас өреннің бірі – Ердәулет Орынбасаров. Ол бөлек бітімді жырларымен талғампаз оқырманның көзайымына айналып үлгерген жас ақын.

Талапты жас Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы. Өлеңге деген қызығушылығы бастауыш сыныптан басталыпты. Жазба ақындығымен қатар Ердәулет жас айтыскер ақын. 2021 жылдан бері Берік Аққалиев пен Сырым Әділбековтен тәлім алады. Мектептегі қоғамдық жұмыстардың да белсенді қатысушысы. 3 жылдан бері аудандық «Жас Ұлан» ББЖ ұйымының ұланбасы. Өлеңді де, айтысты да, қоғамдық жұмыс пен сабақты тең алып жүрген жас талант мінезге де бай. Қазақы қарапайымдылық, ер азаматқа тән сабырлылық, кішіпейілділік те бір бойына тоғысқан.
Өлеңге іңкәр өрен ел көлемінде өткізілген жыр дүлділдерінің бәсекелерінде ортаға олжа салып, даралығын дәйекті түрде дәлелдеп келеді. Нақтылай түссек, 2021 жылы «Ғасыр ғұмырлы ғажап ақын» атты облыстық оқушылар айтысында ІІ орын иеленсе, былтыр «Арда туған Алаштың арыстары» атты облыстық ақындар мүшәйрасында І орын, осы жылы республикалық Абай оқулары байқауының «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» номинациясы бойынша ІІІ орын алған. Кезең-кезең болып өткізілетін Ілияс Жансүгіров оқуларының «Ілияс Жансүгіровке арнау» номинациясы бойынша аудандық, облыстық кезеңнен І орын иеленіп оза шапқан өрен республикалық кезеңде де бас жүлдені қанжығасына байлаған. Осы ретте айта кеткен жөн, жас ақынның Ілияс Жансүгіровке арнаған «Мұң» және «Құлагердің қайғысы» деген екі поэмасы бар.
Қаламы қуатты жас дарын суырыпсалмалықты талап ететін айтыс додаларында да жас айтыскер ретінде біршама белесті бағындыруда. 2018 жылы облыстық деңгейдегі дарынды оқушылардың «Сыр үміті» энциклопедиясына есімі енсе, 2021 жылы жас ақын ретінде сол уақыттағы аудан әкімі Қайрат Нұртайдың «Жас дарын – 2021» атты марапатын иеленген.
– Негізі өлеңге деген қызығушылығым 4-сыныпта басталған. Алғаш рет ұстазыма арнап қалам тербегенмін. Ата-анамның ақындық өнерге қатысы жоқ. Десе де атамның қарындасы Мырзакүл Тілеумұратқызы журналист әрі ақын болған деседі. Үйдегілер бұл өнер қанымызда бар деп топшылайды. Ата-анам әрбір қадамыма қолдау, адымыма серпін беріп отырады. Ал ұстаздарым бағыт-бағдар көрсетіп, өнер әлеміне терең бойлауды санама сіңіруде. Солардың арқасында жыл сайын шыңдалып, бой түзеп келемін. Өзім білім алып жүрген Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінің ұжымы да әрдайым өнерімді қолдап, қолпаштап отырады. Алдағы уақытта жеке шығармашылық кешімді өткізіп беруге де ниетті. Алға қойған жоспарларым – нық, мақсатым – айқын. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаз болуды таңдап отырмын, – дейді жас өрен. Иә, Ердәулеттің ел сыйлар азамат болып өсіп келе жатқаны көз қуантады. Айналасындағылар да оның мінезін көпке үлгі етеді. Шығармашылығын шыңдауда әдеби кітаптар оқуды да әдетке айналдырған ол «Кітап – менің айнымас серігім» деп әңгімесін әрі қарай жалғады.
– Әсіресе, поэзиядан Қадыр Мырза Әлі мен Ұлықбек Есдәулетті, прозадан Әбіш Кекілбаев пен Шерхан Мұртазаны және Ілияс Есенберлиннің шығармашылығын сүйсіне оқимын. Ал шабыт – ішкі сезім. Ішкі сезімге байланысты өлең туады. Жалпы мына зат шабыт сыйлайды деп дөп басып айта алмаймын. Десе де, көңілденген кезде не мұңайған мезетте жақсы жыр жазылып, өрнекті өлең өріледі. Бұйырса проза және поэзия бағытындағы шығармаларымнан кітапша шығарсам деген ниет бар, – дейді Ердәулет.
Жырларынан жасын жарқылының ұшқыны аңғарылып, Сырдың самалы есіп тұратын, шығармашылық келбеті шырайлы ұланның бағындырар биіктері әлі алда. Ердәулет есімін абыройлы арқалап жүрген жас ақынның келешегі кемел болары күмәнсіз. Біз соған тілек қостық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

26 тамыз 2023 ж. 396 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 225

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 331

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930