Жас ақындар бақ сынады
Сәрсенбіде №250 мектеп-лицейде "Ғасыр ғұмырлы ғажап ақын" тақырыбында облыстық жас ақындар айтысы өтті. Төл өнерді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін шыңдауды мақсат еткен дүбірлі дода Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналды. Сөз жүйрігін саралайтын додаға Жаңақорған, Шиелі, Сырдария және Қармақшы ауданынан 8 сөз шебері қатысты.
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын, жыр додасының шымылдығын аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев ашып беріп, айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.
– Айтыс – ұлттық болмысты ұлықтайтын ұлы өнер. Ал осы ұлттық құндылықты сақтап қалу үшін өткенді саралап, бүгінгіні бағалап отыру басты мақсат. Жас буынның, оның ішінде мектеп оқушыларының айтыс өнеріне қызығушылығы көңіл қуантады, – деді ол.
Қатысушылар жұртшылыққа кестелі жыр, сүбелі сөз сайысын паш етті. Жыр додасын сырдариялық Нұрахмет Мансұров пен қармақшылық Бекқанат Смайлұлы бастап, ағалы-інілі артысты айтыс көрсетті. Ал қыз бен жігіт айтысын Шиелі ауданынан келген Төлеген Айқын мен қармақшылық Қаламқас Жаулыбаева жалғап, көрермен қошеметіне бөленді. Жарасымды әзіл-қалжың мен түйткілді мәселелерді қозғаған мақамы мәнерлі айтысты жаңақорғандық Мұхамедәлі Абдуллаев пен қармақшылық Ердәулет Орынбасар көрсетті. Ал Қайсар Карабдинов пен Эльдар Әмірхандар жыр өргенін қорытындылады.
Мұнан соң іс-шара №250 мектеп-лицей оқушыларының салтанатты бағдарламасына ұласты. Онда оқушылар жыр алыбының өлеңдері мен айтыстарынан үзінді көрсетті.
Айтысқа "Достық Жер МК" ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев, "Қармақшы құрылыс" ЖШС директоры Динара Қаршыға, еңбек ардагерлері Есет Назарқұлов, Данагүл Тәйімбетова, Дәмелі Жалғасбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Дастан Нәзікбаев, әуез мектебінің мұғалімі Берік Аққалиев, №250 мектеп-лицей директоры Гүлжаһан Мұнарбаевалар демеушілік етті.
Сайыс нәтижесі бойынша бас жүлдені қармақшылық Қаламқас Жаулыбаеваға бұйырса, шиелілік ақын Эльдар Әмірхан І орынды қанжығасына байлады. ІІ орынды қармақшылық Ердәулет Орынбасар иеленсе, Сырдария ауданынан келген Нұрахмет Мансуров ІІІ орын алды. Ал қалған қатысушыларға да қаражат ынталандыру сыйлықтары берілді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ