» » » Айтыс өнерінің шамшырақтары

Айтыс өнерінің шамшырақтары


Айтыс – халық өмірін бейнелейтін ескі заманнан келе жатқан поэзиялық жанр. Қазақ қоғамындағы салт-дәстүріміздің, мәдениетіміздің, әдебиетіміздің кең арнасы айтыс өнерінің жауапты тұлғасы – ақындар. Айтыс өнерінің өзгешелігі ақын сөз барысында суырып салма өлеңдер шығару, жүйріктігімен, шалт шабысымен танылады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласы төл мәдениетіміздің дамуына серпін беруде. Ақындар өз шығармасында халық тұрмысының шындығын суреттеп, оның қуанышы-қайғысына шын көңілімен ортақтасуы арқылы халыққа жақындай түседі. Қазақтың ерте тұрмысында ақындардың айтысы жүйрік аттың бәйгесімен бірдей болған. Жарысқа түскен жүйрік те, айтысқа түскен ақын да өз намысы үшін емес, ел намысы үшін додаға түскен.
Қазақтың әр баласының бойында бір өнер бары анық. Бүгінгі таңда жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша әр баланың бейім қабілетін тану, зерттеу, талантын ашу маңызды. Осындай ұлтымыздың ұлы өнерін айғақтау, ұрпақ бойына сіңіру барысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алатын аудандық «Тәрбие және білім» бағдарламасының 2020-2021 оқу жылына арналған іс-жоспарына сәйкес №29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектепте Б.Момышұлына арналған «Ерлік пен елдіктің үлгісі» тақырыбында аудандық айтыс өтті. Айтысқа аудан бойынша 12 оқушы қатысты. Оған қатысушыларды Дінислам Тоқсанбаев дәріс беретін «Жиенбай жырау» мектебінің жыршылары домбырадан төгілген ән-жырмен шашу шашып қарсы алды. Қазақ биін қалықтата сахнаға алып шыққан бүлдіршіндер айтыс өнеріне қолдау жасап қошеметтегендей әсерге бөледі. Жыраулықтың туын тіккен киелі мекендегі Тұрмағамбет атаның ұрпақтары Әлішер Мырзағалиұлы, Шұғыла Мархабатова, Арай Оңғарқызы баба өсиетін домбырадан төгілтіп өнер өресін кеңейте түсті. Айтыста топ жарып жүрген айтыскер ақын Сырым Әділбеков өз арнауымен бастап, айтыс додасының тізгінін ұстады.
Домбырасын асынған 12 айтыскер өнер додасында шыңдалғандай болды. Айтысқа жаңа қадам басып, ниет еткен қасиетті өнердің шамын жарқыратқан шәкірттерге тәнті болдық.
Айтыс барысында ерлікті де, елдікті де жырлай отырып, бір-біріне әзіл сөзбен түйреп кетуі белгілі ақындардың әліппесін меңгергенін байқатты. №29 мектептен қатысқан Бекқанат Смайылұлы мен №250 мектеп-лицейдің айтыскер оқушысы Қайсар Карабдиновтың айтысы да елді сүйсіндірді.
Бекқанат:
«Қарасы рас мен едім осы ауылдың,
Қайыспас жүк көтерген қара нары.
Жан-жақтан жиналыпты әрбір ақын,
Қайсысы қалып, қайсысы шаба алады.
Ал ендеше айтысып бір көрелік,
Қазылардың берілсе бағалары.
Жәй жүргенде барлығы ат болғанмен,
Шапқан кезде білінер шамалары» деп әріптесін қамшылағандай.
Қайсар ақын:
«Дүр еліңнің үмітін ақтап кепсің,
Айтыстың шартын аға сақтап кепсің.
Ақын боп Тұрмағамбет дүр еліне,
Жердегі емес, айдағы бақты ап кепсің» деп бір-бірін құрметтеуі айтыс мәдениетін танытқанын көруге болады.
Ал Бекқанат пен №250 мектеп-лицей­дің оқушысы Ердәулет Орынбасаровтың айтысы да елді серпілтті.
Бекқанат:
«Сен мені көмір дейсің, қара дейсің,
Қалайша басты төмен бұғар едім.
Інім-ау саған солай көрінгенмен
Әрқашан өз-өзіме ұнап едім.
Қазақтың баласымыз сен де, мен де,
Сенбесең ата-анам ғой куәгерім.
Түріме тиісе бермей Ердәулет-ау,
Түбіме үңілсеңші мына менің» деп өзін таныта отырып жырласа,
Ердәулет:
«Атамыз елін ойлап тынықпайды,
Ақша, атаққа ешқашан құнықпайды.
Бауыржандай батырдан тәлім алған,
Әскері қалайша оның шынықпайды.
Бауыржандай батырды қазақ емес,
Бұрынғы КСРО-да ұлықтайды» деп батыр баба ерлігін сөзге тиек етіп, ерлік пен елдікті жырлады.
Бұл жерде жас өрендер елге-жерге деген құрметін, Отаншылдық сезімнің ұлылығын паш еткендей. Қазылар алқасы айтыскерлерге әділ бағасын берді. Айтыс барысында жастардың шебер сөз құрау мәдениеті, көркем тіл дарындылығы, ұшқыр ой тапқырлығы көптің көңілінен шықты. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының ерлігі, батырлығы жайлы айтып, бір-біріне сұрақ қою арқылы ой тапқырлығын көрсете білді.
Мектептің «Ұшқыр тіл» айтыс клубының өнерпаздары да өз өнерін көрсетті. Онда 7 сынып оқушысы Арай Оңғарқызы мен Диас Оңғар «Нағашы мен жиен айтысын», 9 сынып оқушылары Шұғыла Мархабатова мен Дамир Ібашов «Қыз бен жігіт» айтысын ортаға шығарып, көптің көңілінен шықты.
Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлдені №29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектептің оқушысы Бекқанат Смайылұлы иеленсе, І орынды №250 мектеп-лицейдің оқушысы Қайсар Карабдинов, ІІ орынды №250 мектеп-лицейдің оқушысы Ердәулет Орынбасаров қанжығалады. ІІІ орынды №107 мектептің оқушысы Санжар Қайыржанұлы иеленді. Айтыс додасына аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Нәзікбаев, аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің директоры А.Бүрлібаев, әуез мектебінің директоры Д.Байғараев, ақын Б.Қалиев, аудандық айтыс орталығының жетекшісі, айтыскер ақын С.Әділбеков, Дауылкөл ауылдық округінің әкімі М.Жұмаділов, «Тұрмағамбет» ЖШС директорының орынбасары О.Бекмаханов, аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Тоқшылықова қатысып, ыстық лебіз тілектерін арнады. «Қуандық Бүрлібаев атындағы клуб үйінің» директоры Т.Бәйменов, жыршы Ә.Мырзағалиев ән-жырдан шашу шашты. Осындай айтулы шараның мазмұнды өтуіне демеушілік жасаған «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаевтың қолдауына да ұстаздар қауымы дән риза.
Айтыс – өшпес мұра. Ұрпақ тәрбиесіндегі әділдікке, турашылдыққа, отансүйгіштікке, бауырмалдыққа үн­дейтін тәрбие құралы. Сондықтан киелі өнерімізді асқақтата дамытып, таланттыларды танып, жас ұрпақтың бойына баба дәстүрін еге білу қажет. Әлеуметтік желідегі мағынасыз қаптаған тик-токтар, озбырлыққа толы кинолар бала өміріне үрей туғызатын ойыннан балаларды арашалаудың жалғыз жолы – ата-ана мен ұстаз бала бойындағы бейім қабілетін ашып түрлі үйірмеге тарту. Үйірмелер жұмысын жандандыру кезек күттірмес мәселе. Қазақтың талантты тұлғалары, батырлары, ақындары, ғалымдары, еңбеккерлері қаншама. Ұлы тұлғаларды ұрпаққа ұлықтап, айтыс, мүшәйра, дебат, дөңгелек үстелдер секілді тәрбиелік шараларды кеңейту қажет.
«Еменді ій иілетін кезінде,
Баланы тый тыйылатын кезінде» деген қазақ даналығында. Қасиетті Қармақшы жері киелі өнердің мекені. Әр ұрпағымыз ұлтын ұялтпайтын қазақтың мақтанышы болсын. Айтыс шамы жар­қырай берсін!
Зарипа ТАСЫМОВА,
№29 мектеп директоры,
аудандық мәслихат
депутаты
28 сәуір 2021 ж. 1 507 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031