» » » Өнер қарлығаштары

Өнер қарлығаштары

Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Мұндай тұжырымның астарында қазақтың осынау киелі аспабын құрметтемеген, домбыра үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатыр. Мұндай жайтты өмірден көріп-біліп, ұшырастырып та жүрміз. Адамдардың бәрінің бірдей музыкалық қабілеті бола бермейді ғой. Ал қандай адам болсын музыканы сүйіп тыңдайды. Демек, музыка адамдардың рухани қорегі деуге болады. Ал өзге халықтар секілді қазақтар да өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап ләззат алады. Әсіресе, домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ.
Бүгінде домбырасын жанынан тастамай Дәулеткерей мен Құрманғазы, Қазанғап пен Тәттімбет, Абыл мен Адай, Байсерке мен Мәмен, Дина мен Сүгір сынды кемеңгер күйшілердің күйлерін елге дәріптеп жүрген, онымен қоса домбыра өнерін балаларға үйретуді міндет тұтқан жандар жетерлік. Олардың бірі – Тұрмағамбет ауылындағы «Жиенбай жырау» үйірмесінің жетекшісі, алты Алашқа белгілі Омар Шораяұлының бел шөбересі Дінислам Тоқсанбаев. Ол 2004 жылдан бері аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраудар үйінде қызмет істеп, ұрпақты ұлттық өнерге сусындатып келеді. Алғашқы шәкірті Әлішер Мырзағалиев бүгінде ұстазымен үзеңгілесіп, әріптесі атанды.
– «Жиенбай жырау» үйірмесінің бағыт-бағдары мен мақсаты зор. Үйірмеге бірінші келген балалардың арасында домбыраның пернелерін басып, тартпақ түгілі қос ішекті ұлттық аспабымызды қалай ұстауын білмейтіндері де болады. Бірақ талапты жастардың тәлімгерін тыңдап, ұғынықты үйретуі мен дамыту дәрістерінің нәтижесінде қысқа мерзім аралығында белгілі бір деңгейде алғашқы мүмкіндіктерді меңгеріп алатындығы қуантады. Жас ерекшеліктерін айтсақ, жеті жастан бастап 16-17 жасқа дейін. Домбыра үйірмесіне мектеп қабырғасындағы барлық оқушының қатысуға құқығы бар, тек ынтасы мен еркі болса жеткілікті. Мен кейде әр оқушымен жеке дайындаламын. Өйткені әр бала жеке тұлға және жас ерекшеліктері маңызды рөл атқарады, – дейді үйірме жетекшісі.
Иә, біз бұл ауылдың өнерлі өрендерімен жіті таныспыз. Себебі ауылға қандай да бір іс-шараға барғанда алдымыздан ұлттық киім киген оқушылар домбырасын күмбірлете жөнеледі. Ән мен күйді нақышына келтіре орындайтын оларға қарап сүйсінбеуге болмайды. Бұл –тыңғылықты дайындықтың, жүйелі жұмыстың, шәкірттің ынта-жігерінің арқасы.
Біздің суреттеп отырғанымыз – үйірме жанынан ашылған «Тұмарым» оркестрі. Ол он оқушыдан құралған шағын топ. Қарап отырсақ, оркестрде ән салып, күй ойнау үлкен әзірлікті талап ететін күрделі жұмыс. Қасындағылардан қалыспай ортақ мақсатқа жұмылу өте қиын десекте, қазіргі жастар алғырлық танытуға бейім. Осы орайда ырғаққа айрықша мән берілетіндігіне тоқталған жөн. Себебі музыкада, әсіресе аспаппен ойнағанда ырғақтың маңызы зор. Осындай арқалар жүгі мол үдеден шығып жүргендер – ауыл перзенттері, №29 мектептің оқушылары. Олар оркестрде өнер көрсетіп қана қоймай, жекелей де талайды тамсандырып, барған жерінен бәйге алып келіп жүрген өрендер.
– Жалпы оқушыларымның жыр термеге қызығушылығы өте жоғары. Үйірмеде тек домбырамен жыр айтып қана қоймай, күй де тартып, баянмен халық әндерін де орындаймыз. Қазіргі таңда шәкіртім Шұғыла Мархабатова Алматы қаласындағы Жүнісбек Елебеков атындағы республикалық-эстрадалық цирк колледжінің жыр факультетінде оқып жатыр. Өнер жолына ықылас танытқан әрбір шәкіртіммен мақтанамын. Менің ойымша әр қазақтың төрінде үкілі домбыра мен қайыс қамшы ілініп тұруы қажет. Ол аспаптың құлағында бүгін ойнайтын перзентіңіз болмаса да, немерелердің бірі сол домбыраны қолына алып әдемі бір ән мен күйді орындап беретіндігіне сеніңіз. Бауыржан Момышұлы «Мен қолына домбыра ұстаған қазақтын қара баласын көрсем қуанамын. Сол баланың бойынан имандылық, тазалық, қазақ өнеріне, соның ішінде қастерлі домбыраға деген махаббатын сеземін» деген. Мен де батыр ағамыз секілді ұлттық өнерді үйренемін деушілерді қуана қабылдаймын, өзімде барды үйретуге дайынмын, – дейді Дінислам Тоқсанбаев.
Расында да, сахнаға шыққан өнерпаздарды қараңыздаршы. Үстінде – ұлттық киім, қолында – домбыра. Қандай керемет. Бәрі жарасымды. Ал домбыраның күміс көмейінен күй төгілгенде айналаны ерекше әсерге бөлейді. Күйді түсініп, жырды ұғынған баланың жаман болмасы анық.
Демек үйірме қатысушыларды ең алдымен мәдениеттілік пен эстетикалық тәрбиеге және тәртіпке үйретеді. Рухани жағынан саналы ұрпақ қаласаңыз, бойына ұлттық құндылықты көптеп құйыңыз. Ал домбыра – ұлттық кодтың дәл өзі.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
01 шілде 2023 ж. 598 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031