» » » Хор өнерінің өз тыңдарманы бар

Хор өнерінің өз тыңдарманы бар

qarmaqshy-tany.kz Сіз хор капелласы жайында естуіңіз бар ма? Нақтысын айтсақ – бұл аспаптың сүйемелдеуінсіз айтылатын хор өнері. Кезінде ата-бабамыздың музыка өнерінде жар-жар, беташар, сыңсу іспетті әндерді көпшілікпен айту үрдісі болған. Қазаққа жамағатпен бірлесіп ән орындау жат емес. Алайда дәстүр бойынша ескіше ән айту түрін қазіргі заманның хорымен салыстырсақ мүлде басқаша. Себебі хордың негізгі ерекшелігі оның орындалуында. Жалпы хор өнері – өзге елдің алтын қорынан жеткен күрделі музыкалық жанр.
Жақсы. Классикалық өнер жайында оқырманға аз-кем түсіндірсек, еліміздегі осы капелла өнерінің гүлденуіне үлес қосып жүрген, соның ішінде Сыр елінен шыққан талант иелерін бірі білсе, бірі білмес. Ол ауданымыздың тумасы – Индира Құдабаева.
Кейіпкеріміз кенттегі А.Жанпейісов атындағы No105 мектептің түлегі. Өнер атты өлкеге алғаш қадам басуына Қорған, Бекдәулет ағайлары себепкер болған. 2-3 сынып оқып жүргенде ұстаздары аудандағы түрлі мерекелік іс-шараларға қатыстырып қанатын қомдайды. Одан кейін өнердегі Нағашыбек ұстазы шәкірт етіп қабылдап, «Сыр елім» әнімен алғаш конкурстарға қатыстырып, жолын ашады. Содан бастап Индира «Айналайын», «Әнші балапан», «Таңшолпан» секілді байқауларға қатысып өзін шыңдайды. Бұл өнеріне ата-анасы тәнті болып, әрі қарай қаладағы музыкалық колледжге оқуға түсуге кеңес беріпті.
– Ата-анамның ақылын тыңдап 2002 жылы 9 сыныптан кейін қаладағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің «Хор дирижерлау» бөліміне грантқа оқуға түстім. Негізі жан қалауым вокалды таңдап түсу еді. Алайда оған жасым жетпеді. Колледждегі ұстаздар 11 сыныптан кейін қабылдайтынын айтты. Сөйтіп төрт жыл оқып, жақсыға бітіріп шықтым. Әрі қарай консерваторияға түсуге болатын еді, бірақ музыкалық дайындықсыз барғаннан кейін маған өте қиын болды. Өйткені хорды дирижерлаймын, хор, вокал айтамын, фортепиано тартамын осының бәрі қиындық туғызды. Оқуды бітірген соң музыканы тастап әскери салаға кететінімді айттым. Бірақ ол жақ та мені алмады. 2006 жылы Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебіне жұмысқа қабылданып, үш жылдай сабақ бердім. Жұмыс істеп жүріп сырттай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық уни верситетіне оқуға тапсырдым. Оны бітірген соң құжаттарымды алып негізгі мамандығым филармония театр бойынша Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының ішіндегі Б.Байқадамов атындағы хор капелласына тыңдаудан өттім. Бұл филармония кез келген адамды ала бермейді. Менің жолым болып осында жұмысқа қабылдандым, – дейді ол.
Қазіргі таңда Индира Бектасқызы Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртісі. Хор капелласында 58 әртіс жұмыс істейді. Оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов. Индираны бас дирижердің өзі тыңдап, хор капелласына екінші альт дауысына қабылдаған. Қазақ капелласының тұңғыш ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі – Борис Лебедев болса, оның әрі қарай дамуына үлес қосқан өнер иелерінің бірі – Бақытжан Байқадамов. Ұлы композитордың өшпейтін туындылары халық жүрегіне осы капелла арқылы құйылып келеді. Қазіргі таңда капелла өрлеу үстінде. Әрбір концертте хор ұжымы бағдарламасын өзгертіп отырады. Бас дирижер, өте талантты хормейстер Б.Демеуов кейбір қазақ әндерін хорға лайықтап, өзі өңдеп отырады. Қазақтың хор өнерінің маңдайына біткен жарық жұлдызы Б.Байқадамов болғандықтан, еліміздің Мемлекеттік хор капелласы сол бір классик, кемел сазгердің атында. Орыс хорының негізін қалаған Александр Свешников «Хор әуенінде дауыстың күші емес, оның ішкі энергиясы, айқын сұлулығы маңызды. Бар дауыспен айқайлап ән шырқау қиын емес, бірақ ішкі күшпен баяу дауыспен әдемі ән салу қиын. Сондықтан барлық дауыс бір толқынды ағысқа еру үшін біркелкі әуезбен ән шырқау қажет» деген. Кейіпкеріміз дауыс күтімінде ерекше мән беріп оны сақтайтынын да жасырмады.
– Әртістер дауыс күтімінде жұмыртқа ішпейміз. Азанда жұмыс бастамай тұрып бас дирижеріміз рояльда 20 минут дауыс жаттығуын өткізеді. Жаттығудан соң ғана жұмысымызға кірісеміз. Дауысты күтуде мұздай су ішпейміз, шемішке шақпаймыз, салқын ауа жұтпаймыз. Біздің басты құралымыз дауыс болғасын оны қатты күтеміз. Театр, филармонияның кәсіби әртісі болу үшін жастайынан нота үйреніп, арнайы оқу оқып, үлкен сатылардан өту қажет. Кәсіби ортада қызмет істеп жүргеніме он алты жылдан асса да өзімізді әншіміз деп айтпаймыз. Біз тек әртіс, орындаушымыз. Көп жерде жұмыс орнымды таныс тырсам «Сіз әншісіз бе?» деп шатастырып жатады. Сол кезде филармонияны толық таныстырып, әртіс екенімізді айтамыз, – дейді хор капелласының әртісі Индира.
Бүгінде хор ұжымының республикаға еңбегі сіңген. Хор капелласы дүниежүзінің барлық тілінде шығармалар орын дайды. Күрделі өнер түрінің репертуарында орыстың және шет ел классиктерінің хор музыкасы бар. Мумбай, Дели, Пекин қалалары, Түркия, Өзбекстан елдеріне гастрольдік сапарға шығып өнерлерімен әлем жұртын тамсандыруда.
– Шет елдерде хор өнерін жақсы бағалайды. Сені шын көңілмен тыңдап, қошемет көрсетеді. Ал өз елімізде бұл өнерге деген көзқарас төмен деп те айтпаймын. Бірақ тыңдармандардың қатары аз. Жасыратыны жоқ қазір көбісі эстрада жұлдыздарын тыңдап, концертіне көп барады. Дегенмен өзіміздің Байқадамов, Рахманов, Төлебаев, Бетховен, классика деп тыңдайтын тұрақты көрерменіміз бар. Олар өнерімізді тамашалағаннан кейін алғыстарын айтып, жақсы демалғандарын білдіріп кетіп жатады, – дейді өнер иесі.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
13 желтоқсан 2022 ж. 618 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031