Аудан әкімі әз Наурыз мерекесімен құттықтады
Ардақты ағайын!
Қымбатты жерлестер!
Ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің мерекесі – Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы баршаңызға құтты болсын!
Бүкіл Шығыс халқына, барша түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамы – жаңарған Қазақ елінің кешегісі мен бүгінгісін, ертеңі мен болашағын жалғастыратын басты мереке.
Тарихы тереңнен тартқан Ұлыстың ұлы күні – қай кезеңде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі болып, ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет- ғұрыптарымыз жаңғыртылып, жалпы адамзаттық құндылықтар дәріптелген.
Жүз жырау мекені атанған қасиетті Қармақшы өңірінің мәдениетімен қатар, экономикасы да жыл сайын өсіп, ауылшаруашылығы мен өндірісі қарқынды дамуда. Оның бір дәлелі, былтыр Қармақшы ауданы ауылшаруашылығы саласы бойынша облыстағы «Үздік аудан» атанды.
Былтыр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халықтың көптен күткен қуанышы – Жосалы кенті табиғи газға қосылды. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында көпбалалы аналарға 10 баспана пайдалануға берілді. Жосалы кентінде «Рәміздер алаңы» салынды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 40 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаз-қыс мезгілдерінде балалар демалысына арналған лагерь құрылысы аяқталды. Аудан орталығында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.
Ендігі ретте, Жосалы кентінде Тайшық би көшесінде идеологиялық маңызды нысан – Сыр сүлейлерінің аллеясын салу жоспарланып отыр.
Тұрғындар үшін осындай игілігі мол, ілкімді істермен Наурыз мейрамына аяқ бастық.
Қадірлі қармақшылықтар!
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамы елімізге, әрбір отбасына ауызбіршілік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!