Құрметті азаматтар қатары толықты

Ел егемендігінің мерейлі мерекесіне орай түрлі жиын мен кездесу, мәдени іс-шаралар өткізілуде. Осындай мәні зор салтанатты кештің бірі жуырда аудандық мәдениет үйінде өткізілді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік – тәңір берген тәтті сый» атты салтанатты жиын аудан өнерпаздарының қойылымымен басталды. Жиынды аудан әкімі Қайрат Ырзақұлұлы ашып, аудан халқын еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.
– Тәуелсіздік туы желбіреген 30 жылда халқымыздың бірлігі мен Елбасы ұстанған «алдымен экономика, сонан соң саясат» қағидаты арқасында халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарып, еліміздің экономикасы дамыды. Еліміз Тәуелсіздік жылдары қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған қасиетті Қармақшы елі де өз үлесін қосып келеді. Ауданымыздың экономикасы жыл сайын өсіп, ауылшаруашылығы мен өндірісі қарқынды даму үстінде. Оның бірден-бір дәлелі, биылғы жылы аудан ауылшаруашылығы саласы бойынша облыс көлемінде «Үздік аудан» атанды. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында халықтың көптен күткен қуанышы – Жосалы кентінде табиғи газ іске қосылды. Қазір 1300-ге жуық отбасы көгілдір отынның игілігін көруде. Оған қоса, «Жаз-қыс мезгілдерінде балалар демалысына арналған лагерь» және «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 10 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы 30 жыл ішінде аудан бойынша 67 әлеуметтік нысан, атап айтқанда 14 мектеп, 9 балабақша, 12 денсаулық, 7 мәдениет және 25 спорт нысаны және Байқоңыр қаласында 50 пәтерлік 5 тұрғын үй пайдалануға берілген. Бүгінгі маңызды мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын, – деді аудан басшысы өз құттықтауында.
Жиын барысында тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер видеоролик арқылы көрсетіліп отырды. Салтанатты іс-шарада ауданның дамуы мен өркендеуі жолында еңбек еткен бірқатар азаматтарға Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Ел үшін атқарған еңбектің еленіп, туған жер төрінде құрметке бөленгендердің қуанышын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Құрметті азамат атанғандардың бір парасы аудан халқына алғысын жаудырып, ел тізгінін ұстап отырған бүгінгі жас буынға ризашылығын жыр шумағымен жеткізді.
Сондай-ақ, егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қызметкерлерге «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мерекелік төсбелгісі, облыс, аудан әкімінің алғыс хаттары табысталып, марапат төрінен көрінді.
Іс-шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Патриоттық әндер шырқалып, елдік рух еселене түсті. Ұлттық өнер де ұмыт қалмай К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің шәкірттері Тұрмағамбеттің «Тәлім» термесін нақышына келтіре орындаса, Т.Салқынбайұлы атындағы өнер мектебі жанынан құрылған ұлт-аспаптар оркестрі Әлшекейдің күйі «Терісқақпаймен» кеш көркін қыздырды. Сондай-ақ, іс-шара аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (суреттер)
Ерсін СӘДУҰЛЫ (суреттер)