» » » Өнермен өрнектелген өмір

Өнермен өрнектелген өмір

ХАЛЫҚ АРАСЫНДА «ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ» ДЕГЕН ҰЛАҒАТТЫ СӨЗ ҚАЛЫПТАСҚАН. ИӘ, ШЫНЫНДА НЕБІР ТАЛАНТ ИЕСІ, ТҰЛА БОЙЫ ӨНЕР ТҰНҒАН ЖАНДАР ЕЛ ІШІНДЕ КӨП-АҚ. ЖАРАТҚАННЫҢ АДАМ БОЙЫНА СЫЙҒА ТАРТҚАН ӨНЕР ҚҰДІРЕТІН ТУҒАН ЕЛІНЕ, ЖЕРІНЕ, ӨЗІНІҢ АТАМЕКЕНІНІҢ ДАМУЫНА АРНАУ – ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ҚАСИЕТТІ БОРЫШЫ.
Сыр сүлейлерінің елі атанған Қызылорда өңірі өнерлі жандардан еш кенде емес. Әсіресе, «Жүз жыраудың елі» деп бағаланған Қармақшы ауданының арғы-бергі тарихындағы өнер жолымен өнегелі ғұмыр кешкен ел перзенттерінің әрбіреуі – жеке тарих. Солардың бірі – бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Паузия Талқанбаева.
Туған ауылындағы мерекелік іс-шаралардың басты ұйымдастырушысы, әуезді әнімен сахнада 40 жылдан астам өнер көрсетіп, туған халқының сүйікті де ерке қызына айналған Паузия Кеңшілікқызы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. Осындағы орта мектепті үздіктер қатарында бітірген жас ару 1977 жылы сол кездегі заман, қоғам талабына сәйкес аудан орталығындағы кәсіптік училищеге оқуға түседі. Оны бітіргеннен кейін жас түлектер ауылшаруашылығына қолғабыс беріп, трактор айдау, шопанға көмекші болу секілді жұмыстар атқаруы тиіс еді. Алайда, талпынған құстай талдырмаш қыздың өнерге деген құлшынысын байқаған сол кездегі ауыл басшысы Ерназар Сексенбаев атамыз ерекше қамқорлық танытып, Паузия Кеңшілікқызын трактордың рөліне отырғызбай, құжатын қолына ұстатады. Ауыр техниканы жүргізбесе де Паузия біршама уақыт ауыл бригадасында есепші болып жұмыс істейді. Қатарластарымен, құрбыларымен бірге туған жер төсіндегі қайнаған тіршілікке осылайша белсене араласып кетеді. Бірер жылдан кейін Қызылорда педагогикалық институтына оқуға қабылданып, 1980 жылы жоғары оқу орнын «Мәдени-ағартушылық педагог» мамандығы бо­йынша тәмамдап, қайтадан туған еліне оралады.
Осы жылдан, яғни 1980 жылдың тамызынан бастап Ақтөбе ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі болып орналасады. Алғашында клуб аталып келген мекемеге 1987 жылы Мәдениет үйі деген атау беріледі. 40 жылдық еңбек жолы өнермен, әнмен тығыз байланыс­ты болған Паузия Кеңшілікқызы туған ауылының өсіп-өркендеуі, дамуы жолында аянбай еңбек етті. Өнерлі жас­тарды тәрбиелеу, баулу, көпшілік ортаға таныс­тыру, түрлі мәдени іс-шараларға қатыстыру ісіне мұрындық бола білді. Өзінің білгенін, өмірден түйгенін келешек ұрпақтың жарқын болашағы жолына арнаған жанның еңбек жолында қиындыққа толы сәттер де болды. Алайда қиындыққа мойымай, өзінің жаны сүйген мамандықтың ыстығы мен суығына қатар төзе білген қайсар қыз алғашқы еңбек жылдарында сол кездегі аудан қойшыларының көктем мезгілінде өтетін жыл сайынғы слетінде ұжыммен бірге өнер көрсетті. Ақтөбе ауылдық өнер ұжымының концерттік бағдарламаларына аудан әкімі Елеу Көшербаев ерекше тәнті болады. Әкімнің сұранысымен Ақтөбе ауылының өнерпаздары қатар-қатар концерт қойып, осындай айтулы шаралардың басы-қасында жүрді.
Паузия Кеңшілікқызы қазақтың халық әндерінен бастап КСРО Халық әртісі София Ротару, Иосиф Кабзонның орындауындағы «Смуглянка», Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін халыққа кеңінен танымал болған «Катюша» сынды әндерді нақышына келтіре орындап, тыңдаушысының жан жүрегін елжірететін. Репертуары бай, патриоттық әндерді орындау шеберлігінің өзі – бөлек әңгіме.
– Шопандар слетіне екінші мәрте барғанымда екінші қызым небәрі 2-3 айлық еді. 2 күн бойы ауданда концерт қойдық. Екі күннен кейін аудандық халықтық бақылау комитетінің басшысы шақырып алып «Мына нәресте кімдікі?» деп сұрады. Менің балам екендігін айттым. Сонда ол кісі ашуланып «Клуб меңгерушісі болмаса, концерт қойылмай ма? Балаң тым жас екен» деп арнайы бензовоз көлігіне мінгізіп, ауылға қайтарып жіберген еді. Ол кезде қазіргідей жүйткіген көлік, қатынаған такси жоқ қой. Балам бар, отбасым бар деп сылтауратпай, алдыңғы қатарға жұмысты қоятынбыз. Осындай да қызықты сәттер болған», – деп, сол бір еңбек жылдарын сағынышпен еске алады Паузия апай бүгінде.
Кеңес одағы кезінде шопандар слетінде, ұжшар жұмысшыларының бригадаларын аралап, күздік егін жиналып біткеннен кейінгі сабантойларда халықтың көңіл-күйін көтеру мақсатында білек сыбанып өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Еңбегі еленіп, мәдениет саласы бойынша аудандық, облыстық, республикалық марапаттарды иеленді. Бір жылдары аудандық «Үздік мәдениет үйінің меңгерушісі» атанды.
Паузия Талқанбаева – туған ауы­лының мәдени-ағарту саласына еңбек сіңіруімен бірге отбасында аяулы ана, сүйікті жар, ардақты әже. Өмірлік жолдасы Серікбай Ибраев екеуі 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардың жоғары білім алып, өмірден өз жолдарын табуларына бағыт-бағдар бере білді.
2018 жылы шілдеде ауылдастары­ның, ұжымдастарының құрмет-қоше­метіне бөленіп, зейнеттік демалысқа шықты. Осыған орай, ауылдық мәдениет үйінде ұл-қызымен, немерелерімен, бауырларымен бірге есеп беру концертін қойды. Бүгінгі таңда еңбегінің зейнетін көруде. Ұл-қызынан өрбіген немерелерінің ортасында бақытты әже атанып, жаңа буын ұрпақтың кемел келешегіне тілектестігін білдірген туған жерінің «мәдениет майталманына» айналған ізгі жанның ғибратты ғұмыры – көпшілікке өнеге.

Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ
04 желтоқсан 2021 ж. 1 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031