Жыр жұлдызы – Көшеней
Кеше Тұрмағамбет ауылында «Жыр жұлдызы – Көшеней» атты облыстық ақындар сайысы өтті. Оған аудан әкімі Қ.Нұртай, мәслихат хатшысы Ә.Қошалақов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Есдаулетов, ауыл әкімі М.Алдамұратов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Дәулетов, ауыл ардагері Т.Сарыбаев, «Тұрмағамбет» ЖШС төрағасы Н.Пірмантаев пен өзге ауыл әкімдері қатысты.
Іс-шара алдымен орталық алаңда жырау Ә.Қуаңбаевтың арнау жырын тыңдаудан басталды. Одан соң сүлейлер аллеясына гүл шоғы қойылып, клуб үйінің кіре берісінде Жиенбай жырау үйірмесі шәкірттерінің жыр шашуымен «Жыр жұлдызы – Көшеней» атты облыстық ақындар айтысының шымылдығы түрілді.
Шымылдығы түрілген облыстық аламан додалы айтысқа облыстың, ауданның түкпір-түкпірінен талаптың тұлпарын мінген жүйріктер қатысуға ынта білдіріп, 8 ақын келді. Облыстық айтыс шарасын аудан әкімі Қайрат Рзақұлұлы ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Сайыс додасында ақындар Көшеней Рүстембековтың мәңгілік мұрасын насихаттап, шабысты шабытпен өнер көрсетті. «Аламанда аты озған мәреге жетеді» дегендей әділқазылар сайыстың әділ бағасын берді. Нәтижесінде:
Бас жүлде – Бекжан Ержігіт, Шиелі ауданы
І орын – Сырым Әділбеков, Қармақшы ауданы
ІІ орын – Мұхаметжан Мансұров, Сырдария ауданы
ІІІ орын – Бексұлтан Орынбасаров, Арал ауданы
ІІІ орын – Жамбыл Бақытәлі, Қызылорда қаласы
Арнайы Алғыс хат:
Бекзат Серіков
Мұханбетәлі Бекпейісов
Смайылұлы Бекқанатқа бұйырды.
Шараға соңында аудан әкімі мектеп жанынан ашылған «Сыр елі – Жыр елі» мұражайын аралады. Осындай мерейлі мерекеге демеушілік жасаған Тұрмағамбет ЖШС директоры Нұржан Айдарбекұлын да айта кеткен жөн.
Айнұр ӘЛИ