Мың бұралған қос ғашық
Би – құдіретті өнер. Тал шыбықтай мың бұралған икем көзді арбауы өз алдына, әр қимылдың көп нәрсені аңғартып, терең мағына беретіні тағы бар. Ал екі жұптың вальсі өзара үйлесім тауып, үндесіп жатуы үлкен шеберлік емес пе? Аудандық мәдениет үйінде туған жердің мәдениет саласына үлес қосып жүрген өнерлі жұптың бірі – Берік Айтов пен Жазира Сәтбергенова жайында әңгіме қозғамақпыз.

– Қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген даналық сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым отбасы. Отбасы – Отанның əрбір мүшесін дүниеге əкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тəлімі мен тəрбиесі осы мекемеде қаланған. Отанымыздың тұғыры мықты болу үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Айналасын мейірімге толтыратын мерейлі отбасылар санынан сапасы басым түссе сол ғажап. Шүкір, екі қыздың әкесімін. Жанымда өнерлі келіншегім бар. Расын айтам, оның қатысуынсыз билей алмаймын, – дейді Берік Нұрланұлы.
Бір ерекшелігі, отағасы ұйымдастыру жағын «қатырып» қойса, Жазира сахнаға би қойылымын шығарады. Икемді, қозғалысты да өзі қиюластыра береді. Бұл бишінің тәжірибе жинақтап, енді өзінің де өзгелерге айтар ойы бар екенін көрсетеді. Мың бұралған биші жұптың алдағы уақытта кішкентай бишілерді тәрбиелеп шығатынына сенім мол. Ұлттық би өнері осылай ғана жалғасын таппақшы. Осылай ғана көрерменін сахнаға қызықтырып, мың бұралған бишілердің сиқырлы әлеміне саяхаттатпақшы.
Айнұр ӘЛИ