» » Облыс әкімі Қ.Д.Ысқақовтың облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында сөйлеген сөзі

Облыс әкімі Қ.Д.Ысқақовтың облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында сөйлеген сөзі

Құрметті депутаттар! Әріптестер! 
Аймақ басшысы қызметіне та­ғайындалғаныма көп уақыт бола қойған жоқ. Өздеріңізбен облыс әкімі ретінде бірінші кездесуім.
Осы мінберді пайдалана отырып, ең алдымен, маған сенім артып, қолдау көрсеткен барша депутаттарға шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Халық қалаулылары – қашанда ел мен биліктің арасын жалғаушы алтын көпір. Сіздердің елдің өткір әлеуметтік мәселелерін атқарушы билікке жеткізуде, оны нақты шешуге атсалысуда еңбектеріңіз ерекше.
Бүгінге дейін елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында белсенді жұмыс жасап келесіздер.
Осы тұста ерекше екпін беріп айта кетуіміз қажет, шын мәнінде, аймақтың соңғы жылдар ішінде қол жеткізген барлық қомақты табыстары – облыс­ты алты жылдан аса уақыт абыройлы басқарған Қырымбек Елеуұлы Көшербаев жасаған жұмыстардың игі жемісі.
Ендігі біздің ортақ міндет – осы жетістіктерді еселеп,  басталған жо­баларды одан әрі жалғастыру және барлық көрсеткіштерді бір елі тө­мендетпей, әлеуметтің әлеуетін көтеру.
Бұл ретте, ортақ мақсат жолындағы біздің бірлескен жұмысымыз табысты болады деп сенемін.
Қадірлі депутаттар! Әріптестер! 
Енді 2019 жылдың I жартыжылдық қоры­тындысын және алда жасалатын жұ­мыстардың ретін баяндауға рұқсат етіңіздер.
Ағымдағы жылдың 6 айы қоры­тын­дысымен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіштері бойынша, өнеркәсіптік өнім көлемін қоспағанда, оң динамика қалыптасты.
Экономикаға тартылған инвестиция (2 есе), құрылыс (2,4 есе), тұрғын үйді пайдалануға беру (+21,6 пайыз) көлемі бо­йынша және ауыл шаруашылығы (+2,3 пайыз) бойынша өсім қамтамасыз етілді.
Соңғы 6 жыл ішінде облыста мұнай өндіру көлемі 4,2 млн тоннаға қыс­қарды. Болжам бойынша, биылғы жылы тағы 1,1 млн тоннаға қысқара­ды деп отырмыз (2018 жылмен салыстырғанда). 
Жалпы өңірлік өнімнің 35%-ы және өңірдегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 70%-дан астамы мұнай өндіруге тиесілі екенін ескерсек, бұл, әлбетте, экономиканың барлық салаларына тікелей және жанама әсер ететіні белгілі.
2019 жылдың 1 тоқсан қоры­тынды­сымен жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексі – 100,1 пайызды құрады (351,7 млрд теңге).
Облыстың экономикалық дамуын­дағы өсімге қол жеткізу үшін біз аймақ экономикасын индустрияландыру арқы­лы әртараптандыру стратегиясын жүзеге асырудамыз.
Қазіргі таңда индустриялық-инно­вациялық дамудың  мемлекеттік бағ­ дарламасы аясында жүзеге асырылған 24 жобаның 18-і 90%-дан 100%-ға дейін жоспарлы қуаттылығын игерді.
Аталған жобалармен ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында шыға­рылған өнім көлемі былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 18%-ға, ал экспорт көлемі 37%-ға артты.
Өткен жылдың соңында біз елдегі там­­понажды цемент өндіретін ең ірі зауыттардың бірін іске қостық, «Шал­қия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құ­рылысын бас­тадық, алдағы жоспарымызда кальци­йленген сода өндіру зауытының құрылысын салуды межелеп отырмыз.
Ал ағымдағы жылы шыны зауы­ты­ның құрылыс жұмыстарын инвес­тор­лар толық аяқтауға уәде беріп отыр!
Облыстың ірі инвестициялық жобаларымен қатар біз шағын өндірістерді дамыту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізудеміз.
Бүгінде мемлекет тарапынан шағын өндірістерді дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Бұл айтылған жобалар  –  өңі­рі­міздегі ең ірі инвестициялық жобалар.
Мұнан бөлек, біз шағын өн­дірістерді де дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізудеміз.
Бұған Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Осыған байланысты біз «қара­пайым заттар экономикасы» бағдар­ла­масы аясында жалпы құны 12,6 млрд теңге болатын 124 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс жасаудамыз.
 
Бұл – ет-сүт өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, сусындар мен құрылыс материалдарын шығару. Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы біз импортты төмендете отырып, бір мезгілде өзіміздің жергілікті шикізат базасын дамытамыз. 
Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және жергілікті қамту үлесін ұлғайту мақсатында 2018 жылы әкімдік пен жер қойнауын пайдаланушылар арасында жергілікті қамтудағы нысаналы индикаторларды белгілеу бойынша келісім жасалды.
2019 жылдың 1 тоқсан қоры­тындысы бойынша, облыстың жер қойнауын пайдаланушылармен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу көлемі 35,4 млрд теңгені, оның ішінде жергілікті қамту үлесі 69,1%-ды (2018 жылы қорытындысы бойынша – 76,1%-ды) құрады.
Енді агроөнеркәсіп кешені бойынша.
Дамудың жедел қарқынын қамтамасыз ету мақсатында біз өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргіздік, олардың нәтижелері агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың «Агрокартасы» өңірлік бағдарламасына негіз болды.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кеше­нін дамытудағы негізгі басым­дық қайта өңдеу саласын жылдам дамытуға беріледі, бұл өз кезе­гінде агроөнеркәсіп кешенінің драйверіне айналып, еңбек өнімділігі мен экспорттың  2,5 есеге өсуін қамтамасыз етеді.
 

Бұл ретте, аймақтың негізгі экспорт­талатын өнімдері – ақталған кү­ріш, өңделген балық, ет және ет өнімдері, (жылқы, қой, сиыр еті) сондай-ақ бақша дақылдары болады.
Осыған байланысты, облыста сүт, ет, жұмыртқа, құс еті, картоп, ұн тарту өнімдері мен жылыжай көкөністерін өндіруді жетілдіру қажет.
Енді біз алдағы уақытта осы салаларды дамытуға ерекше назар аударатын боламыз (Қазіргі уақытта Арал қаласында ұн өндірісі қалпына келтірілді, Қармақшы ауданында құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде, Қызылорда қаласында ет комбинаты мен жылыжай салынуда, көпжылдық жеміс екпелері бар алаңдар кеңейтілуде, Шиелі ауданында және Қызылорда қаласында жұмыртқа өндірісі дамытылуда).
Егістікті сумен қамтамасыз ету проблемасы бізден жыл сайын жаңа шешімдер қабылдауды талап етуде.
Бұл ретте, келешекте облыста су қоймаларын салу, сондай-ақ суды ұтымды пайдалануға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру жос­парлануда.
Атап айтқанда, ирригациялық және дренаждық желілерді жетілдіру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы суармалы суды 30%-ға дейін үнемдейміз.
Және жерасты көздерін пайдалану, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, коллекторлық суларды қайта пайдалану есебінен суармалы жерлерді 95 мың гектарға көбейтіп, 300 мыңға жеткіземіз.
Нәтижесінде біз аграрлық сектор­дағы өндіріс көлемін  79 млрд теңгеге ұлғайта отырып, 3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашамыз.
Сонымен қатар, суарылмайтын шөл-егінді жерлерде майлы және азықтық дақылдар егісін кең­ейтуді жос­парлаудамыз. Ол үшін ға­лымдардың инновациялық әзір­ле­мелерін, яғни аквасорбенттер мен аквагельдерді пайдаланатын бола­мыз. Бұл өнімнің тұрақты өсуін қам­тамасыз ете отырып, топырақтың ыл­ғал­дылығын ұстауға септігін тигізеді.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы дақылдарын суарылмайтын шөл-егінді жерлерде өсіру облыстың мал жайылымы алқаптарының өнімділігін күрт арттырады.
Агроөнеркәсіп кешенінің маңыз­ды саласы, дамудың жаңа мүмкін­діктерінің бірі – шикізат және азық-түлік емес аграрлық өнімдер өндірісі. 
Мәселен, ет-сүйек және балық ұнының өндірісі аймақтағы мал және балық өсірушілерді сапалы қос­палармен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларға тауарларын Қытай мен Еуропаға экспорттау арқылы пайда табуға мүмкіндік береді.
Тері өндірісін дамыту бойынша да өсудің жаңа мүмкіндіктері бар. Жыл сайын облыс бойынша 65,0 мың ірі қара малдың терісі, 131 мың ұсақ қара малдың терісі және 800 тоннаға жуық қой терісі, 40 тонна ешкі және 100 тонна түйе жүні сатып алынады.
Дегенмен, өңірде жеңіл өнер­кәсіп саласындағы отандық кәсіп­орындарды өнімдермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қайта өңдеу кәсіпорындары жоқ.
Айта кету қажет, иленген терінің орташа экспорттық бағасы шикізат бағасынан шамамен 4 есеге қымбат.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қы­зыл­орда өңірі мия тамырын қайта өң­деу бойынша айтарлықтай әлеуетке ие.
Қазіргі уақытта осы қызмет түрі заңдастырылған көрші Өзбекстан Рес­публикасында осындай 30 кәсіпорын жұмыс жасайды, бір кәсіпорынның орташа жылдық табысы 15 млн ақш долларын құрайды. 
Елімізде тиісті заңнамалардың болмауына байланысты мия тамыры жабайы жолмен өңделіп, шикізат түрінде экспортталуда. Бүгінгі күні шикізат күйінде экспортталған мия тамырының 50%-ы Қызылорда облысына тиесілі.
Осы ретте Өзбекстан елінің тәжіри­бесін пайдалану орынды деп есептейміз. Бұл орайда, Қазақстан Рес­публикасында мия тамырын жинау және пайдалану тәртібін заңдастыру қажет.
Жаңадан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылғанын ескере отырып, Өзбекстан Республикасының үлгісінде елімізде мия тамырын жинау және пайдалану тәртібі туралы заң жобасын дайындауға кірісу қажет деп санаймын. Ол үшін Мұрат Самұратұлы, Қазақстан Республикасының Премьер-Министр Кеңсесіне, салалық министрлікке заң жобасына байланыс­ты тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Жұмыс жасаңыздар!
Келесі, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде біз екі негізгі категория бойынша дамудың секторларын айқындадық. Бұл – ішкі на­рық­ты толықтыру және экспортқа бағдарланған өнім өндірісін кеңейту үшін агроөнеркәсіптік кешен секторын дамыту.
Сонымен қатар, өңірдің табиғи климаттық және топырақ ерекше­лік­теріне қарай, аграрлық саланы дамы­тудың 9 басым бағытын анықтадық.
Олар:  ет және сүт мал шаруа­шы­лы­ғын дамыту, өсімдік шаруашы­лы­ғын әртараптандыру, суармалы жер­лерді қалпына келтіру, зәкірлік коопе­рацияны қайта өңдеу және дамыту, балық шаруашылығы, агро­өнер­кәсіптік кешен өнімдерін өткізу, инфра­құрылымды дамыту және цифр­ландыру.
Аталған барлық бағыттарды іске асыру мақсатында кластерлік негізде өндірістік процестерді басқаруға цифрлық технологияларды ендіру қажеттігі туындауда.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін дамытудың өңірлік бағдарламасын іске асыру аясында жалпы құны 32 млрд теңгені құрайтын 148 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.
Бұл халықты жұмыспен қамтуға және шағын кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мүмкіндік береді.
Біз ағымдағы жылы жалпы өңір­лік өнім құрылымындағы шағын биз­нес­тің үлесін 15%-ға, ал келешекте 30%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз.
Ал жұмыссыздық деңгейін 4,8% дең­гейінен өсірмеуді жоспарлаудамыз.
Мемлекет басшысының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген азаматтардың өмір сүру сапасы мен олардың әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасына сәйкес, аймақта бұл бағытта тиісті жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Атап айтқанда, 1 маусымда «Болат Өтемұратов» Қорының қаржысы есебінен «Баламекен» жобасы аясында 100 отбасыға тұрғын үй табысталды.
Сонымен қатар, 2018 жылы сол жағалауда жеке құрылысшылар қара­жаты есебінен салынған 14 тұрғын үйдің 246 пәтері кезекте тұрған мүжәлсіз отбасыларға берілді.
Әдеттегідей өңірде көпбалалы әлеу­­меттік жағдайы төмен отбасы­лар­ға көмек көрсету бастамасын ауыл шаруа­шылығы және бизнес құрылым өкілдері де қолдап, жыл басынан бері 17 отбасыға баспана кілтін табыстады.
Бұдан бөлек, Елбасының тапсырмасына сәйкес, сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй салуға және дайын пәтерлерді сатып алуға республикалық бюджеттен бөлінген 3,6 млрд теңгеге және қосымша об­лыс­тық бюджеттен бөлінген 360 млн теңге қаржыға жылдың қорытындысымен 431 көпбалалы отбасы баспаналы болады.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде облыста 36 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Оның 10 мыңнан астамы аз қамтылғандар. Қазіргі уақытта 3000-нан астам көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналардың материалдық-тұрмыстық жағдайы зерттеліп, олар көтерген мәселелеріне қарай категорияларға бөлінді. Бұл аталған категориямен бүгінгі күні біз нақты жұмыс жасаудамыз.
Аса мұқтаж аз қамтамасыз етілген отбасы проблемаларын шешуге біз аймақтың бизнес-қауымдастығын да қостық, мұндай отбасыларға облыстың ірі және орта кәсіпорындарын және бизнесмендерді куратор ретінде бекіттік.
Президенттің тапсырмасы бо­йынша, Үкімет көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған бірың­ғай шаралар пакетін қабылдады. Осы мақсатта көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау көрсету бойынша 2021 жылға дейінгі Аймақтық әлеуметтік жол картасы қабылданды. Ағымдағы жылға жоспарланған сома – 32 млрд теңге. 
Бұл Жол картасы аясында өзінің шағын бизнесін дамытуға қайтарымсыз негізде 1922 грант бөлу, сауықтыру лагерьлерінде аз қам­тылған 17 мың баланың демалысын ұйымдастыру, әлжуаз отбасылардан шыққан 25 мыңнан астам оқушыны тегін тамақпен және мектеп киімімен қамтамасыз ету, Қызылорда қаласы бойынша 6800 балаға қоғамдық көлікте тегін  жүру қарастырылуда.
Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларды жоғары оқу орындарында оқытуға облыс әкімінің қосымша 200 гранты бөлінуде.
Бұл ретте, осы отбасылардың еңбекке жарамды өкілдерін жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетілетін болады (жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, өз бизнесін ашу жән т.б).
«Ауыл – Ел Бесігі» жобасы аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға бағыт­талған облыстың екі аудан орта­лығында 21 жобаны жүзеге асыру бо­йынша тиісті  жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылы жобаны іске асыруға 1,9 млрд теңге бөлінді, оның 1,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен. Келесі жылы жоба аясында облыстың басқа аудан орталықтары бойынша тиісті жұмыстарды жалғас­тыруды жоспарлап отырмыз.
Үстіміздегі жылдың мамыр айын­да өңірге жасаған жұмыс сапары бары­сында Президент «Байқоңыр» кос­модромы космос саласының негізі бо­­лып табылатынын және облысқа жо­­ғары технологияларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.
Бұл орайда, Байқоңыр қаласының ерекше мәртебесі мен тәртібі онда жаңа өндірістерді құруға және биз­несті дамытуға белгілі бір дәрежеде кедергілер келтіруде.
Сонымен қатар, коммуналдық қыз­меттердің жоғары тарифі мен қолданыстағы салықтық режим тұрғындардың кәсіпке деген бел­сен­ділігін тежеп отыр.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы мен Ресей Феде­ра­ция­сының XV аймақаралық ын­тымақ­тастығының форумы барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Байқоңыр» кешенінде еркін эконо­микалық аймақ құруды пысықтау туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында, біз өз тарапымыздан «Байқоңыр» ер­кін экономикалық аймақ құру тұжырымдамасын және «Байқоңыр» АЭА (арнайы экономикалық аймақ) құру туралы үкіметаралық келісім жобаларын дайындадық.
Президенттің қолдауын күтудеміз.
Тез өзгеретін экономикалық жағ­дай бізден шешуші және белсенді қадамдарды талап етуде.
Өздеріңізге белгілі, өңірдің же­дел дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақ­сарту мақсатында ағым­дағы жыл­дың 7 ақпанында Қазақ­­стан Республи­касының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысының өзекті мәселелері қаралды.
Елбасы әкімдіктің барлық ұсыныс­тарын қолдап, Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бекітуді тапсырды.
Аталған тапсырманы орындау мақсатында ағымдағы жылдың маусым айында Үкіметпен жалпы сомасы 219 млрд теңгені құрайтын Кешенді жоспар қабылданды. Оның ішінде 2019 жылы – 34 млрд теңге, 2020 жылы – 64,9 млрд теңге, 2021 жылы – 63 млрд теңге, 2022 жылы – 53,4 млрд теңге. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2022 жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 2 062 млрд теңгеге ұлғайтылатын болады (2018 ж. -1 683,8 млрд теңге).
Құрметті депутаттар! Әріптестер!
Енді дәстүр бойынша соңғы уа­қытта болған еліміздегі саяси маңызды шараларға тоқтала кетуге рұқсат етіңіздер.
1) 15 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі өтті. Мәжілісте Мемлекет басшысы Үкіметке және аймақ басшыларына халықтың табысын көтеріп, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тоғыз міндетті жүктеді. 
Олар: индустрияландыру, агроөнер­кәсіптік кешенді және кәсіпкерлікті дамыту, тұрақ­ты макроэкономикалық орта қалыптастыру, бюджет қара­жатын пайдаланудың тиімділігін арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту, білім және денсаулық сақтау жүйесін нығайту, аймақтарды дамыту, мемлекет басқару тиімділігін және мем­лекеттік қызметтер сапасын арттыру мәселелері.
Шын мәнінде, бұл – өте маңызды тапсырмалар. Бүгінгі күні әлемде орын алып отырған экономикалық және геосаяси қиын жағдайларға қарамастан, біз бұл басым бағыттарды мерзімінде әрі сапалы жүзеге асыруымыз керек. Бұл өз кезегінде аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, тұрмыстық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.
Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы жүктеген 9 міндет бойынша ал­ғы­шарттарымыз қазірдің өзінде бар. Оның біразын  жаңа баяндамамда айтып өттім. Қайталап айтудың реті жоқ деп санаймын.
Біздің ендігі міндет – аймақта бас­талған жұмысты қарқынды дамыту. Бұған біздің әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де толық жетеді.
Президенттің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілістен соң, Қасым-Жомарт Кемелұлы аймақ басшыларымен шағын құрамда кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы онда өңірлердің саяси-қоғамдық, әлеуметтік-эко­но­ми­калық даму мәселелерін шұғыл шешу мақсатында әкімдердің алдына маңызды міндеттер қойды.
Сонымен қатар, Үкіметтің кеңей­тілген мәжілісінен кейін, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жеке қабылдауында болдым.  Қабылдау барысында Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жө­нінде баяндадым.
Мемлекет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму әлеуе­тін арттыру, оның ішінде, экономиканы әртараптандыру аясында халыққа жаңа жұмыс орындарын ашу, елді мекендерге «көгілдір отын» жеткізуді жалғастыру,  Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысын аяқтау, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау және Байқоңыр қаласында еркін экономикалық аймақ құру, қаланың  инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.
Құрметті әріптестер!
Өздеріңіз көріп отырғандай, Президентпен берілген тапсырмалардың барлығы аса маңызды. Біз Мемлекет басшысы берген барлық міндеттерді, тапсырмаларды мүлтіксіз әрі өз мерзімінде жүзеге асыратын боламыз. Оған сеніміміз мол.  
Енді сөз соңында, Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты облыс тарапынан осы уақытқа дейін көрсетілген көмектер туралы және алдағы уақытта онда жасалатын құрылыс жұмыстарының барысы жайлы қысқаша айта кетуге рұқсат етіңіздер.  
Арыс оқиғасы бізге бейбіт күннің қадірін бір сәтте білдірді. Бұл оқиғаны барлығымыз үлкен күйзеліспен қабылдадық. Өйткені бұл төтеннен келген әрі ел күтпеген жағдай болды.
Дегенмен, жұртымыз қазақы дәстүрмен ел болып жұмылып, ауыз­бірлікпен арыстықтардың жанына сүйеу, көңілдеріне демеу бола білді.
Бұл арада, Қырымбек Елеуұлы айтатындай, сын шақтарда сыр алдырмайтын Сыр елі де өзінің елдігін танытып, бірлігін көрсетті.
Жергілікті әкімдіктер ең алдымен темір жол станцияларында орын алған кептелістерден кідірген пойыздардың мыңдаған жолаушыларына ыстық тамақ әзірлеп, олардың баратын жеріне дейін арнайы тасымал ұйымдастырды.
Сонымен қатар, облыстан арнайы бірнеше автокеруен жасақталып, Арыс халқына 40 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жолданды. Және облыс бойынша жергілікті атқарушы органдардағы 3 мыңға жуық  мемлекеттік  қызметші 1 күндік жалақысын аударды.
Қосымша, 2019 жылғы 28 шілде мен 18 тамыз аралығында Қызылорда облыстық білім басқармасына қарасты «Облыстық олимпиада және қосымша білім беру орталығында» Арыс қала­сының 150 оқушысы тегін демалатын болды.
Ал ең негізгі шара, өздеріңіз білесіздер, Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары.
Өткен аптада нысандардың жағ­дайымен танысу үшін өзім Арыс қаласына барып, жағдайды көзбен көріп қайттым.
Жалпы, Қызылорда облысына тиесілі аумақта 14 көше, 254 жеке тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 10 коммерциялық нысан бар.
Түрлі сала өкілдерінен тұратын, құрамында 66 адамы бар арнайы топ тұрғын үйлер мен ғимараттардың тех­никалық жағдайына зерттеу жүргізді.
Зерделеу нәтижесімен 254 тұрғын үйдің қайта қалпына келтіру жұмыстарына – шатыр ауыстыру, терезе салу, қабырға, еден, төбе жабындысын жөндеу, әрлеу-сырлауға 500 млн теңгеге жуық қаржы қажет етілетіндігі нақтыланды.
Осы жұмыстарды жүргізуге Қы­зылорда облысы бойынша 20 құ­рылыс компаниясынан құралған 4 топқа тиісті аумақтар бөлініп берілді, 96 жұмысшы қазір Арыс қаласында жұмыс жасауда.
Сөз орайында, әр кезде қысылғанға қол ұшын созып, қайғысын бөлісуге әзір Сыр халқы, оның ішінде өздеріңізге Арыс қаласы тұрғындарына көрсеткен көмектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді.
Шын мәнінде, жерлестеріміз  бабалар салып кеткен ізгі жолдан айнымай, бірлік бар жерде ынтымағы жарасқан тірліктің бар екенін тағы бір дәлелдеді!
Құрметті депутаттар! Әріптестер!
Қызылорда облысының әкімдігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері туралы» Кеңестің хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында Түр­кістан қаласында Халыққа қызмет көрсету кешенінің (шығыс моншасы) құрылысын жүргізуде.
Бүгінгі күні құрылыс қарқынды жүруде, жұмысшылар екі ауысымда жұмыс жасауда.
Амандық болса, кешеннің құрылыс жұмыстарын жоспарға сәйкес осы жылдың тамыз айында аяқтап, қыр­күйек айында пайдалануға беруді жоспарлаудамыз.
Осы жерден 2019 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұ­мыс­тарды және алдағы міндеттерді  қорытындылаймыз.
Күн тәртібіне сәйкес барлық мәселе айтылды деп ойлаймын.
Өздеріңіз білесіздер, алдымызда атқаратын ауқымды жұмыстар тұр.
Оны Өздеріңізбен бірлесіп жүзеге асыратын боламыз.
Облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, облыстың экономикасын дамыту жолындағы  жұмысымыз табысты болсын.
Рахмет!
syrboyi.kz
18 шілде 2019 ж. 537 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 155

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930