» » ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНДА СЕРПІН БАР

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНДА СЕРПІН БАР

Биыл «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» боп белгіленген аймақта саланың дамуында айтарлықтай өсім бар. Бюджеттің бүйірі томпайған сайын бөлінер қаржының да көлемі ұлғайып келеді. Бұл күнде кешенді «жол картасы» әзірленіп, оны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы барлық қаржы көзінен 32 млрд. теңгеден астам қаржы бөлу көзделді. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті 21-сессиясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді. Айтуынша, өңір экономикасының көмірсутегі шикізатына тәуелділігі едәуір азайғанына қарамастан биылғы жартыжылдық табысты болды.
– Соңғы жылдары көмірсутегі мен уран өнімдерінің бағасы түсіп кетсе де жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болатынын біз дәлелдедік. Биыл да барлық макрокөрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. Оның ішінде инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу өнеркәсібінің көлемі жоғары. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі бірінші тоқсанның өзінде 10 пайыздан асса, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 2,7 есе көбейді, – деді Қ.Көшербаев.
Бюджеттің басым бөлігі мұнайдан түсетіндіктен бұған дейін қара алтынға тәуелді болып келдік. Әйткенмен, мұндай мәселеде ең әуелі кәсіпкерлікті дамытып, елдің қолын аузына жеткізсе ғана жаһандық дағдарысқа төтеп бере алатынымыз мәлім болды. Сондықтан, кәсіпкерліктің дамуына бар күш-жігерімізді жұмсап, жіті назарда ұстағанымыздың арқасында елде көш бастап тұрған аймақтардың қатарындамыз.
Сессияның күн тәртібінде 18 мәселе қаралды. Әуелі облыс әкімі өзіне жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуы туралы баяндады. Өңірді дамыту бағдарламасында бірқатар ауқымды жобалар мен айқын мақсаттар тұр. Солардың қатарында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын, жыл соңына дейін орындалуы тиіс 121 индикатор қаралған. Әйтсе де, өңірде өнім өндіру көлемі басты маңызға ие. Қ.Көшербаев биыл өнім өндіру көлемін 100,4 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті.
– Өткен маусым айында аудандарды аралап, аудан басшылары мен жауапты кураторлардың жұмыстары туралы тыңдап, жоспарларымен таныстық. Қабылданған шаралардың алғашқы нәтижесі байқала бастады. Биыл жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субьектілерінің саны 11 пайызға көбейді. Бұл көрсеткіште біздің облыс аймақтар арасында көш бастап тұр, – деді облыс әкімі.
Алдымен жұмыссыздық мәселесін жойып, сонан соң елдің жағдайын түзеуді негізге алған бастама аясында қазірде түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсіптен нәпақа таба бастағандар жеткілікті. Аудан тұрғындары арасында да елде жоқ жобаны қолға алып, гранттық комиссияның шешіміне де қол жеткізгендер бар. Яғни, жоба өз дегеніне, көздегеніне жетуде деген сөз.
Депутаттар корпусының өкілдері атқарылып жатқан шараларды, өңірдің өсіп-өркендеуіндегі аймақ басшысының үлесін жоғары бағалады.
– Жыл басында өткен облыс әкімі мен облыстық мәслихат депутаттарының кездесуінде көкейде жүрген 133 сауалдың 16-сы оң шешімін тапты. Қалғаны облыс әкімінің іс-қимыл жоспарына енгізілді. Қазіргі кезде тиісті жұмыс атқарылып жатыр, – деді облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов.
Жиында ортаға салынған тұщымды пікірлер мен ұтымды ұсыныстар да болды. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Асқар Махамбетов «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылын» әлі де бірнеше жылға ұзартуын сұрады. Себебі, қазір әрбір деңгейдегі әкімдерден де сұралатын маңызды үш нәрсе бар: жаңа жұмыс орындарын ашу, салық базасын көбейту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету. Сайып келгенде, үшеуі де кәсіпкерліктің дамуына кеп тіреледі. Өйткені, жаңа нысан ашылса, жұмыс орны көбейеді, салық төленеді, ал жұмысы бар, тірлігі түзу жан қоғамдық-саяси тұрақтылықтың кепілі.
Күн тәртібіндегі өзге мәселелер бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Жақыпбаев, облыстық мәслихаттың экономика, қаржы және жергілікті басқару жөніндегі тұрақты комиссия төрайымы Райхан Ысқақова баяндады. Халық қалаулылары ұсынған ұсыныс-пікірлер аясында шешімдер де қабылданды.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
22 шілде 2018 ж. 1 063 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031