» » Ел Президенті Үкіметке жеті міндет жүктеді

Ел Президенті Үкіметке жеті міндет жүктеді




Елге пайдасы жоқ мемлекеттік бағдарламаларды қысқарту қажет.
Ақордада өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Президент жұртты жұмыспен қамту мәселесінде біраз қордаланған жайттың барын айтты. Мемлекет басшысы: «еңбек тиімділігін арттыратын кезде шенеуніктерге емес, қарапайым тұрғындарға қолайлы болатын жолдарды іздеу керек», – деді. Әлеуметтік саланың әлсіз тұстарын тізген Президент тағы қандай міндет жүктеді?
Лайықты жұмыс, жоғары жалақы. Орайы келсе осыны қалайды бүгінгі жұрт. Бірақ көптің ойы орындалмай жатқаны тағы бар. Неге дерсіз. Өйткені бұл салада қордаланған мәселе көп. Ақордада өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы солардың бірсыпырасын тізіп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «алдымен еңбек нарығына сай мамандар даярлау қажет», – деді. Қазір алған білім аз күннен соң қажет болмай қалуы да ғажап емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірінші. Еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау. Төртінші, өндірістік революция жаңа мамандықтардың пайда болуына әкеледі. Бүгінде алған білімнің уақыт өткен сайын жарамсыз боп қалуы жиі кездеседі. Үкімет білім беру бағдарламаларының әлемдік стандартқа сай кешенді жаңаруын қамтамасыз ету қажет.
Сапалы білім беру үшін соған лайықты оқу орындары болуы қажет. Мемлекет басшысы: «алдағы 3 жылда 180 колледж бен 20 университет алдыңғы қатарлы оқу орындарына айналуы керек», – деді. Әсіресе кәсіби техникалық білім берудің сапасын арттыру кезек күттірмеуі қажет. Осы ретте сапалы жұмыс орындарын құру да өте маңызды. Оқу бітірген түлектер жұмыссыз жүрмеуі қажет. Президент берген екінші пәрмен осы болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздегі құрылып жатқан жұмыс орындарының көбі қысқа мерзімге бейімделген. Мұндай әдіспен халықты тиімді табыс көзімен қамтамасыз ету мүмкін емес, еңбек нарығын уақытша ғана тұрақтандырады. Сондықтан біз ең алдымен маман жетіспейтін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, ақпараттық технологиялар салаларында тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз қажет.
Біздің елде жұмыс бар, тек соны атқаратын мамандар тапшы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені үнемі айтып, қозғап келеді. Сөйтсек, жұмыс берушілермен арада тығыз байланыс орнамаған екен. Кәсіпкерлер палатасының басшысы бұл түйткілді кері байланыс орнату арқылы ғана шешуге болады деп отыр.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:
- Бізде мамандарды даярлау кезінде, өкінішке қарай, әлі күнге ескірген әдістер қолданылып келеді. Сондықтан бұл салаға өзгерістің қажет екені анық. Біз олқы тұстардың барлығын зерттей келе мынадай тоқтамға келдік. Қай кәсіпорындарға қандай мамандардың қажет екенін онлайн түрде анықтап, адамдарды сұранысы мол мамандықтарға баулуымыз керек. Сол кезде жұмыссыз жүргендердің қатарын азайтуға болады.
Қолдағының бәрі түптің-түбіне көнереді, ескіреді. Сондықтан жаңашылдыққа жан таласа ұмтылу қажет. Үкімет мүшелері мен ірі кәсіпкерлер бас қосқан жиында Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек нарығының түрленіп жатқанын тілге тиек етті. Шенділерге бұл жайтқа баса назар аудару тапсырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі кезде еңбек шарты, кәсіподақ, еңбек демалысы сияқты ұғымдар өзгеріске ұшырауда. Фрилансерлердің, аутстафферлердің және басқаларының саны көбеюде. Осыған байланысты нормативтік реттеулерді қайта қарау қажет.
Елде білім алған жастар көп, жұмыссыз жүргендері де қаншама?! Оқу бітірген мамандарға сұраныс болмай жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Сонда сорақылық неден? Мемлекет басшысы елімізде жастарды еңбекпен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарламаның барын айтты. Бірақ барлығы бірдей сәтті жүзеге асырып жатыр ма?
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға келгендердің назарын осы жайтқа аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жоғары оқу орындарды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы 50 пайыздан сәл ғана асады. Біздегі «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Серпін», «Жастар – Ел тірегі», «Жастар практикасы» сияқты бағдарламалардың тиімділігін арттыру керек. Олардың қайсысы нақты жұмыс істейді, қаншасы жүзеге аспай жатыр? Осыларды қайта қарау қажет. Бұл мәселені ұдайы назарда ұстау керек.
Салаға жауапты министр мұндай проблеманың барын жасырмады. Бердібек Сапарбаев қайта даярлау курстарынан өткен мамандардың, яки кәсіби білім алған түлектердің көп жағдайда тұрақты жұмыс таппай, сергелдеңге салынатынын мойындады.
Бердібек Сапарбаев, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Өңірлерде 2017 жылдан бері 110 мыңға жуық адам қысқа мерзімді оқытудан өткен еді. Бірақ солардың 60 процентке жуығы әлі де жұмыссыз жүр. Дені жұмыс берушілердің талаптарына сай келмеген.
Елімізде жұмыссыз жүрген жастар ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандар да қол қусыруға мәжбүр қазір. Қабілеті бар, бірақ көп жерде қызметке қабылдамайды. Мемлекет басшысы кембағал жандарды кемсітпей, керісінше, соларға көмек қылуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 410 мың адам еңбекке қабілетті. Олардың тең жартысы қалыпты жағдайда жұмыс істей алмайды. Яғни 120 мың адам тұрақты табыс көзін қажет етіп отыр.
Еңбек тиімділігін арттыру – Қасым-Жомарт Тоқаев атаған алтыншы міндет. Президент бұл мәселеге кешенді түрде қарау керектігін айтты. Барлық шешім шенділердің емес, қарапайым тұрғындардың мүддесімен ұштасуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл мәселеге кешенді түрде қарау керек. Шенеуніктерге емес, адамдарға ыңғайлы болатын тиімді жолдарын қарастыру қажет. Үкімет пен әкімдерге бірлесіп мобильді еңбектің тиімділігін арттыру тетіктерін жасауды тапсырамын.
Үкіметке жүктелген соңғы міндет – гендерлік құқықты нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу қажеттігін айтты. Осы айтылған міндеттер орындалар болса, еңбек және жұмыспен қамту саласында қазіргідей кереғарлық бәлкім болмас та еді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

18 мамыр 2019 ж. 836 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031