БЕЙБІТШІЛІК ПЕН БІРЛІК МЕРЕКЕСІ


Қабырғам алаштан, керегем ағаштан,
Өсірген қара жер, көтерген көк аспан,
Жалынды жастармыз достығы жарасқан, – деп әуелеткен әншілерге көрермен ерекше қошемет білдірді. Бірінен соң бірі айтылған әсем әнді қосыла шырқап, билеп тұрды. Жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламалары өзінің мазмұндылығымен, мағыналылығымен көпшілікке естен кетпес мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бар ынта-ықыласпен шараны тамашалап тұрған тұрғындардың жанына аяңдап көңіл-күйін сұрадық.
- Жастық шағымызда 1 май – асыға күтетін мерекелердің бірегейі-тін. Міндетті түрде сол күні киімді жаңадан киетінбіз. Қыздар мерекеге арнайы көйлек тіктіртеді. 1 ай бұрын қызу дайындық басталады. Күнде орталық алаңға келіп сапта жүріп жаттығамыз. Матаға, плакатқа бидай, күріштен, бояумен «1 май», «Труд», «Мир» деп жазып, ұрандатамыз. Мінберде тұрған ел ағалары, зиялы қауым қол соғып, қошемет көрсетеді. Сондай әсерлі күн, әдемі шара бірлігімізді бұдан бетер бекемдейтіндей. Қазіргі мейрам тым өзгеше. Жаңа нақышта. Бәрі уақыттың ағамымен ғой, – дейді жастары алпыстан асқан қос құрбы Нағима Сағындықова мен Раушан Төребаева өткен шақтарын сағынышпен еске алып.
Ақ түйенің қарны жарылған бұл күні бір шаңырақ астына өмір сүріп жатқан Қазақстан халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрі әдемі жарасымын тапты. Осындай мерекелік шаралар аудандық барлық ауылдарында да аталып өтті. Мызғымас достықта ғұмыр кешіп жатқан халықтардың келешегі бұдан да баянды, мұнан да жарқын болатынына олар нық сенімді.
Туа бітті қанына ынтымақ пен татулықты серік еткен қазақтай дархан көңіл, қонақжай халық өте сирек. Атадан балаға асыл қасиет болып дарыған осы бір дәстүрдің түпкі тамырында ел бірлігін сақтаған, ел тыныштығын күзеткен, ел мерейін өсірген шынайы көрініс бар.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
Суреттерді түсірген Қазбек ТАЙБАҒАРОВ.