Жастары мығым ел жасымайды
Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олар қай кезде де, қай қоғамда да аса белсенді. Тіпті Елбасы «Ел ертеңі жастардың қолында» деген еді. Бүгінде жастар озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді. Сәрсенбіде аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы «Жастар үйінде» бір топ белсенді жастармен кездесті. Шараның мақсаты – әрбір жастың көкейінде жүрген ұсыныс-тілектерін білу және бағыт беру.
– Жастар қабілетті буын. Олардың қолынан бәрі келеді. Оған Елбасы да, аймақ басшысы да сендіріп келеді. Бізге жастардың қарым-қабілетін пайдаланып, елдің дамуы үшін идеяларын пайдалануымыз керек. Егер жастар өзінің идеясымен жұмысын бастап жатса, оған мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер мен гранттар ұсынылады. Ал, қазіргі «Екі қолға бір күрек табылатын» заманда үйде жатып алып, мемлекеттен жалдамалы жұмыс күтудің қажеті жоқ. Адам тәуекелге бара білуі керек. Бірақ, іс толыққанды ойластырылып, шығыны, пайдасы бәрі есептелуі қажет. Сонда ғана іс жемісін береді», – деді аудан әкімі С.Мақашов.
Келелі жиында өңір дамуындағы ауқымды мәселелер сөз болды. Жастар қай істе де өз қолтаңбасын қалдыруға бейім. Әсіресе, кәсіпкерлік саласында. Аудан әкімі жастарға кәсіпкерліктен қорықпауға, несие алып, отбасылық кәсіпті өрістетуге кеңес берді. Ақпарат тасқыны толассыз жүріп жатқан дәуірде қол қусырып отыруға да болмайды. Жастары бейімделгіш, нарық заңдылығына иілгіш, қоғам талабына жауап беретін елдер әлде қашан өрге озды. Міне, Сұлтан Ысқақұлының талабы да сол, өңір жастары да өзгелерден үлгі алып, жаңашылдықтың, жаһанданудың алдында жүруі тиіс.
Қармақшы жастарының көшбасында жүрген аудандық аграрлы-техникалық колледжінің оқытушысы Азиз Дүкенбай аудан басшысының мінберден түсіп, жастар арасына келіп, келелі ойымен бөліскеніне разылығын білдірді. Бұл азаматтың көкейінде бірнеше өзекті идея бар екен. Айтулы жиында ағынан жарылып, Сұлтан Ысқақұлына бірнеше ұсынысын жеткізді.
– Менің бірнеше ұсынысым бар, біріншісі, жастар арасында «инновациялық идея» байқауын ұйымдастырсақ. Бүгінгі жас көптеген идея мен ойларға қанық. Барлығы бірауыздан ат салысады. Екінші ұсынысым, аудандағы аграрлы-техникалық колледжде 317 студент білім алады. Заманауи үлгідегі бір спорт алаңы болса дейміз. Үшінші ұсынысым, колледж жанынан кішігірім жылыжай салуды ұсынар едім. Студенттер де қолғабыс жасап, өндірген көкөністерін сатып, оқу орнының қаржы қалтасына аз да болса қаржы құйғысы келеді. Төртінші ұсынысым, аудандық оқушылар үйінен компьютерлік техникаларды ықшамдайтын, робот жасау, смартфондарды құрастырып үйренуге, білуге құштар, техникаға әуес жастарға үйірме ашып берсеңіз. Бесінші ұсынысым, ауданда көптеген сауда үйлері бар. Азық-түлік сататындары, киім жағынан бар, сол сауда үйінің әлеуметтік желіде парақшалары ашылса. Қай кезде жеңілдіктер бар, қай сауда үйінде баға қол жетімді дегендей, – деді ол.
Шара барысында жастар ойын емен-жарқын жеткізді. Әкімнен ақыл сұрап, кеңес алған жастар өз саласында жеткен жетістігін ортаға салып, қатарластарына тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, қазір өңірде жылыжай салу, сол арқылы өңірдегі азық-түлік қажеттілігін өтеу күн тәртібінен түспей тұр. Бұл жайында Ақай ауылының азаматы Азат өз ойымен бөлісті.
– Әкем екеуміз ақылдаса келіп, жылыжай салуды жоспарладық. Әрине, қыр-сырын білмегеннен кейін баста қиындау болатынын сездік. Шиеліге ат басын бұрып барғанымызда, осы кәсіптің жөнін білетін кісіден сұрастырып, тірлікке кірістік. Сонымен, 5 сотық жылыжайды да салдық. Қияр мен қызанақтан бастап көрдік. Қыстың күні өте қиындау болады екен. Түрлі дәрумен қажет дегендей. Шығын біз ойлағаннан көп кетті. Соған қарамай бізге сұраныс түсе бастады. Ақырындап бұл іске де үйрендік. Күннің көзін пайдалануды да білдік. Қазіргі күні осы кәсіптің маманы болып алдық. Мемлекеттен бөлінген грантты да жеңіп алдық. Ендігі кезекте осы жылыжайды 20 сотыққа жеткізбекшіміз. Сондықтан кез келген істі бастарда, тәуекелге бел буып кірісіп кеткен жөн. Сен бастасаң, мемлекет саған қашанда қолдау көрсетеді», – деді жас кәсіпкер.
Ауданымыздағы белсенді жастардың бірі «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Айдынбек Скендіров те өз кезегінде өңірдегі жастар саясатының жүзеге асуы барысын сөз етіп, жастардың бойындағы ұлтжандылық пен жаңашылдығы турасында әңгіме қозғады.
– Былтыр «Жас Отан» жастар қанатының ұсынысымен сізден жастарға арналған бір ғимарат беруіңізді сұраған болатынбыз. Көптен-көп рахмет. Бізге осындай бас қосып отыратын орталық алып бердіңіз. Міне, бүгін біз сізбен осы ғимарат ішінде кездесіп отырмыз. Менің де көкейімде жүрген бірнеше ұсынысым бар, бірінші, Жосалы кентіндегі саябақ қайтадан қалпына келтірілсе. Себебі, студенттер мен оқушылар демалысқа шыққан уақытта ауданымызда ешқандай демалатын орын жоқтың қасы. Демалыс саябағына жазда түрлі әткеншектер әкеліп, қыс айларында мұз айдынына айналдырғанымыз жөн болар еді. Екінші ұсынысым, аялдамаларға ауданымызға немесе елімізге белгілі тұлғалардың суреттері мен олар туралы мәліметтер ілінсе. Және үшінші ұсынысым, ақпан айының ортасынан бастап «Жастар news» газетінің алғашқы санын жарыққа шығарғалы отырмыз. Бұл газеттің мақсаты – жастарға ақпараттық қолдау көрсету, олардың танымдық көкжиегін кеңейтетін материалдар жариялау, – деді жасотандық көшбасшы.
Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы А.Скендіровтің ұсынысын қолдай келе жастардың рухани қажеттілігін арттыру, олардың ақпараттық шөлін басу үшін жастар басылымы керек екенін айтты. Алайда аудан әкімі бастаманы газет етуден гөрі, оның электронды нұсқасын қуаттады. Оның да себебі жоқ емес, жоғарыда айтқанымыздай жастар идеяның көзі, бастамашыл болуы керек. Елбасы өз Жолдауында сандық технологияны қай салаға болмасын енгізуді нұсқады. Ал жастардың дені интернетке жегілген. Мұнда шынайы ақпарат та, жалған ақпар да өріп жүр. Ал жастарды мемлекеттік жастар саясатында жүзеге асып жатқан өзекті ақпарлармен сусындату үшін сайт қажет.
Кездесу барысында ауданның мерейін спортпен өсірген №183 мектептің оқушысы, қазақ, самбо, дзюдо күрестерінен ҚР чемпионы Дамир Әбдековке аудан әкімі С.Мақашов алғыс білдіріп, бағалы сыйлық тарту етті. Сондай-ақ, жастармен кездесуді жылына бір мәрте емес, үш ай сайын ұйымдастыруды сала басшысына тапсырды.
«Галстуксыз жиында» айтылған мәселелер мен ұсыныстар жерде қалмайды, түйіні жуық арада тарқайды. Аудан әкімі соған сендірді.
Арайлым Абайқызы.