ЖАСТАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ САЛЫНАДЫ
«Бүкіл адамзаттың келешегі − жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты» деген Ғабит Мүсірепов. Осы орайда, облыс әкімінің бесінші есеп беру жиынының қарсаңында аймақта жастар саясаты бағытында жүзеге асқан бірнеше жобаларды ерекше атап өткіміз келеді. Себебі әкімнің қолдауымен жүзеге асқан жобалар бүгінде өз жемісін беруде. Мәселен, облыс әкімі аймаққа алғаш келген уақытта «Жастар орталығын» құруды тапсырды. Бүгінде «Жастар ресурстық орталығы» болып қайта құрылған мекеме құтты шаңыраққа айналды. Барлық аудандар мен Байқоңыр қаласында бөлімшелері ашылып, жастармен жұмыс жасау бір жүйеге қойылды. Орталықтың есігінен енген әбір жасқа құқықтық, психологиялық кеңес, әлеуметтік қызметтер, шығармашылық, спорттық үйірмелер, тіл үйірмелері тегін жұмыс жасауда. Орталықтың жанынан ашылған жұмыспен қамту бөлімі мен «Жас құрылысшылар жасағы» жұмыссыз жастардың тұрақты еңбекпен қамтылуына жағдай жасап келеді. «Басқа облыстағыдай жастар үйі салынып, барлық жастар ұйымы бір жерде шоғырланса, концерт залы, мәжіліс залы бар ғимарат бізге де бұйырса екен» - деген ұсынысқа да аймақ басшысы қолдау білдірді. Алдағы жылы Сырдарияның сол жағалауынан «Жастарға қызмет көрсету орталығы» ғимараты салынып, онда қажетті барлық заманауи қызмет көрсету бөлімдері болмақ. Бұл жаңалық барша Сыр жастары үшін үлкен қуаныш.
Мұнан бөлек, аймағымызда барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестер жүйелі жұмыс жасауда. Кеңес отырыстарын көшпелі негізде елдімекендерде өткізу дәстүрге айналды. Республикада бұл тәжірибе Сыр өңірінен бастау алды. 2013 жылдан бастап көшпелі кеңестер облысқа қарасты аудандарда өткізіліп келеді. Сонымен қатар, әрбір ауылдық округте жастар ісі жөніндегі арнайы мамандар қызмет етуде. Жаһандық бәсекелестік ғасырында Сыр жастарына жаңа жағдайларға бейімделу үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан әрбірінің өз саласында жоғары жетістікке жетіп, аймақ дамуына үлес қосуына зор мүмкіндік бар.