КЕРЕКУДЕГІ БІЛІМ БӘСЕКЕСІ
Студент жастардың білімін шыңдап, ой өрісін, таным мен тағылымын кеңейте түсетін білім бәсекелері екені даусыз. Соның ішінде пән олимпиадаларының орны ерек.
Ұйымдастырылып келе жатқанына он бір жыл болған журналистика мамандығы бойынша білім додасы бұл жолы Кереку төрінде ту көтерді. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жалынды жастардың басы қосылып, өзара тәжірбие алмасып, ой бөлісті.
«Күш білімде» деп есептейтін студенттер тілшілік тіршілігінің қыр-сырын қаншалықты меңгергендігін осы бәсекеді дәлелдейді. Себебі бұл дода жастар «Ұлы даланың ұлағатын ұлықтап», өз оқу орнының мәртебесін көтеруге мүмкіндік алады. Сосын, бойдағы дарынының жан-жақты қырларын көрсетіп, бұрын мен бүгінді байланыстырған журналистиканың ішіне бүккен сырларын ұғынады. Айта кетейік, білім бәсекесінің басты ұстанымы да осы.
Кезең-кезең сайын журналистік шеберлікті қаншалықты игергендерін көрсететін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген шәкірттер «Таныстыру», «Эссе» кезеңдерінде бақ сынасып, таланттарын көрсетеді.
Ал, екінші кезеңде журналистиканың әр түрлі тармақтары бойынша тест тапсырып, теориялық білімдерін сарапқа салады. Одан соң, «Жедел ақпарат» жазып, желіге жүктейді.
Соңғы турда студенттер «Ертіс – Баян өңірінің тарихы мен келбеті менің әсерімде» атты бейнесюжет дайындап, іскерлікке шыңдалады. Бұл еңбекті қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтайды.
Керекудегі олимпиада студенттердің қала тынысымен танысып, қарт Ертіс бойындағы тарихи орындар сырларын білу мүмкіндігін сыйлады. Білім бәсекесі жалғасуда...
Айдар САЙЛАУОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті