» » Өңір дамуының жаңа белесі

Өңір дамуының жаңа белесі


Соңғы жылдарда өңірде индустриялды-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық саладан бас­тап, барлық сала бойынша соны серпін байқалады. Соның нәтижесі болса керек, Қызылорда облысы республика бойынша қарқынды дамып келе жатқан бес облыстың қатарына енді. Ол рас, экономиканың күре тамыры саналатын мұнай өңдеуден асық алшысынан түсіп отырған жоқ. Соңғы жылда қара алтын өндірісі 10,7 млн. тоннадан 6,4 млн. тоннаға азайған. Өткен жылдың өзінде мұнай 420 мың тонна кем өндірілсе, биыл өндіріс 1 млн. тонна мұнайға азаймақ. Әрине, бұл экономиканың барлық саласына әсер етпей қоймайды. Алайда, облыста қара алтын өндіруде пайда болған құлдыраудан экономиканы әлсіретпеу мақсатында 2013 жылдан бері индустрияландыру арқылы шешіліп келеді. Индустрияландыру арқылы экономика әртараптандырылып, өңірдің жаңа тынысы ашылуда. Бұл жайында облыс әкімі Қ.Көшербаев кезекті халыққа есеп беру жиынында мәлім етті.
Күлтөбе мен халық арасын жақындатқан дәстүр­лі кездесуге ҚР Ішкі істер министрінің бірін­ші орынбасары Ж.Сүлейменов, ҚР Президенті Әкім­шілі­гінен Н.Тілешев, Премьер-Министр кеңсесінен М.Сұлтанғалиев, Кәсіподақтар федерациясының төра­ғасы Б.Әбдірайым, "Казатомпром "ҰАК" АҚ Басқарма төрағасы Г.Пірматов және тағы басқалар қатысты. Жиынға жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, аймақтағы 264 елді мекеннің өкілдері және халықтың барлық топтарының, саяси партиялар мен қозғалыстардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ еңбек ұжымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференция барлық жеті аудан және Байқоңыр қаласы байланысқа шықты.
Аймақ басшысының айтуынша, мұнай өндіру көлемінің айтарлықтай төмендегеніне қарамастан, соңғы 4 жылда алғаш рет 2017 жылы Қызылорда облысы жалпы өңірлік өнімнің көрсеткіші бойынша 2016 жылғы деңгейден 100,8 процентке көтерілді. 2013-2018 жылдары облыс экономикасына 1,7 трлн. теңге тікелей инвестиция тартылды. Өткен жылдың өзінде инвестиция көлемі 25,5 процентке артты. Соның нәтижесі болар, 2013 жылдан бері 70-тен астам жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді. Салдарынан бұл саладағы еңбек өнімділігі тек соңғы жылдың өзінде 25 процентке өсті. Сондай-ақ, 2018 жылы өңдеу саласында өнім өндіру 2013 жылмен салыстырғанда 31,6 процентке ұлғайған. Соңғы үш жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция көлемі 2,3 есе, жалпы қосымша құн көлемі 12 проценттен астам, шикізаттық емес өнім экспортының көлемі 22,7 процентке артқан. Бірнеше жыл ішінде облыстың жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 3,7 процентке өскен. Өңірден экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдері соңғы 6 жылда 3-тен 15 түрге жетті.
– 2018-2020 жылдары аймақта Жаппай кә­сіп­­керлік­ті дамытудың үш жылдығы ретінде жарияланды. Осы негізде даярланған кешенді «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жол картасы» шеңберінде әртүрлі көздерден 32 млрд. теңгеден астам қаржы тартылған. Мәселен мыңнан астам жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жалпы көлемі 4,3 млрд. теңге көлемінде несие алып, 1000-нан астам шағын бизнес жобасын іске асырып, 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді, – деді Қ.Елеуұлы.
Аймақ басшысы шынтуайтына келгенде тек аймақта ғана емес, өңірде ақсап тұрған жеңіл өнеркәсіп мәселесін де қаузады. Уақытында тек республика емес, одақ көлемінде (КСРО) аты шыққан аяқ киім фабрикасының тарихына да аз-кем шолып шықты. Мұндағы мақсаты – жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша аймақтық бағдарлама жасақталарын сүйіншілеу еді. Жаппай тұтыну тауарларын шығару бағытындағы өндірістерді құруға – тоқыма, тігін, тері және тамақ, т.б. өнеркәсіптер үшін өңірлік инвестициялық орталық арқылы 10-20 млн. теңге көлемінде 8 процентпен 5 жылға несие беріледі. Аймақ басшысының айтуына қарағанда, бағдарламаны бірінші кезеңде жүзеге асыруға 800 млн. теңге бағытталады.
Баспана салуда өңір ел бойынша алдыңғы қатарға көтерілді. Соңғы 6 жылда 3 млн. шаршы метр шамасында тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс орталығының өзінде 2013-2018 жылдары 15 жаңа шағын аудан бой көтерді. 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, 2018 жылы тұрғын үй берудің жылдық көлемі 2,6 есеге өсті, яғни 700 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Айта кету керек, есеп беру барысында аймақ басшысы қысқа мерзімде халықтың әлеуметтік қорғалмаған санатын: көпбалалы отбасылар, мүгедектер, жетім балалар және т.б. тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Облыс ел көлемінде апатты әлеуметтік нысандарды жойғандығымен алдыңғы орынға шықты. Қазір өңірде апаттық сипаттағы білім ошақтары жоқ, ал денсаулық сақтау саласында бұл мәселе 86 процентке шешімін тапқан. Мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін өңірде апатты мектептердің орнына 37 жаңа мектеп салынды. Биыл Жаңақорған және Жалағаш аудандарында апатты жағдайдағы 2 мектептің орнына жаңа ғимарат салынады. Сондай-ақ, үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешілді. 3-тен 6-жасқа дейінгі балалар толықтай мектепке дейінгі біліммен қамтылды. Балабақшалардың 71 пайызы жеке меншік негізде. 2013 жылдан бастап мұндай балабақша саны 2 есеге өсті.
Айта кететін бір жайт, соңғы екі жылда мектеп бітіруші түлектердің 97 пайызы орта және жоғары оқу орындарына түсті. Қызылорда облысы – 2014 жылдан бастап 520 түлекке Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметінің грантымен оқуын ұйымдастырған еліміздегі бірден-бір аймақ. Алғашқы 32 түлек оқуды 2018 жылы аяқтап, аймақ кәсіпорындарында жұмыс істесе, қалған 42 түлек магистратурада оқуларын жалғастыруда. Биыл тағы 123 студент оқуын аяқтайды. 2018 жылы Мәскеу және Санкт-Петербург жоғары оқу орындарына тағы 58 қызылордалық түлек оқуға түсті. Мұнан өзге, 2013 жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалды. 2018 жылы аталмыш грант саны 2 есеге артып, 205-ке жетті, қазір 900 жас аймақта еңбек ресурстары балансына сәйкес облысқа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алуда.
- Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы жылдың 30 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тұрғындардың кіріс және өмір сапасы – бұл еліміздің негізгі басымдықтарының бірі, мемлекет дамуының басты критерийі екенін айтты. Сондықтан, біздің бастамамызбен осы жылдың 7 ақпанында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында көтерілген мәселелер бойынша ағымдағы жылы жұмыстар жүргізуіміз керек, – деді аймақ басшысы.
– Мемлекет басшысының төра­ғалы­ғымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Үкімет­тің және орталық мемлекеттік органдардың қол­дауымен шешілетін Қызылорда облысының өзек­ті мәселелері арнайы қаралды. Қауіпсіздік кеңесін­де Байқоңыр қаласын дамыту мәселелері, су шаруашылығы, соның ішінде Солтүстік Арал жобасы, жаңа жылу электр орталығының және «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды» автокөлік жолы­ның құрылысына қа­тысты мәселелер көтерілді. Мәселелердің түйіні тарқайтынын сүйіншілей хабар­лаған аймақ басшысы өңір тұрғындарынан келіп түскен сауалдарға тұщымды жауап беріп, есепті кездесуді аяқтады.


«Қт» ақпарат
18 ақпан 2019 ж. 578 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031