«Ұлы даланың жеті қырлы жастары»
«Ұлы даланың жеті қырлы жастары» атты аудандық жас педагогтар форумы өтті. Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған «Жас қанат» жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жеті қырлы жастары» атты аудандық жас педагогтар форумы өтті. Форумға облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Байназарова Райкул Мансурқызы, облыстық кәсіподақ комитеті төрайымының орынбасары Г.Есқалиева, облыстық кәсіподақ комитетінің құқықтық мәселелер жөніндегі маманы Е.Жұбатқанов, облыстық кәсіподақ комитетінің бас есепшісі М.Төребаева және Қызылорда облысы бойынша қалалық, аудандық кәсіподақ төрағалары мен жастар кеңесінің мүшелері қатысты.
Форумның 1-ші кезеңі Ш.Уалиханов атындағы №26 орта мектептің аудандық кәсіподақ әдістемелік кабинетінде «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел тренингпен басталып, қала, ауданнан келген жастар кеңесінің мүшелерін 4 топқа бөліп, «2019-2021 жыл кәсіпкерлікті дамыту жылы», «Жас ұстаздардың мәртебесін қалай көтереміз?», «Көшбасшылыққа не жетелейді?», «Жастар жылы – жаңа серпін бастауы» атты әр тақырыпта өз пікірлерін айтып, ойларын ортаға салды. Дөңгелек үстел соңында «Біз жастар жылынан не күтеміз, біз не бере аламыз?» деген сұраққа қатысушылар өздерінің ұсыныстарын білдірді.
Форумның 2-ші кезеңі аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі С.Мақашов жас ұстаздарды ҚР Елбасы бастамасымен жарияланған жастар жылымен құттықтап, өз алғысын білдіріп, ауданның белсенді жас ұстаздарын марапаттады. Облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Байназарова Райкул Мансурқызы құттықтау сөз сөйлеп, білім саласында бірге қызмет ететін, қызметте де отбасында да жетістікке жеткен алты жас ұстаздар отбасын марапаттап, Астана қаласына саяхатқа тегін жолдама табыс етті.
Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған «Жас қанат» жастар кеңесінің төрағасы Изкенов Куандык жас ұстаздарды жастар жылымен құттықтап, облыс бойынша білім саласында Жастар жылының тұсаукесері киелі Қармақшыдан бастау алып, кезекті эстафетаны Қызылорда қаласының білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған жастар кеңесінің төрағасы Қуанышов Еркінге тапсырды.
Аудандық жас педагогтар форумының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған «Жас қанат» жастар кеңесінің мүшелері би билеп, ән айтса, №80 мектеп-гимназиясының жас ұстаздарынан құрылған «Рухани times» үгіт насихат бригадасы өнер көрсетті.
Жастар жылының өскелең жас ұрпақ үшін жасалатын жақсылығы, қияға қанат самғататын қуатты қолдау күші, барды баянды қылатын қарымды қажыр-қайраты, болымды да толымды қорытындысы, түптеп келгенде жемісті нәтижесі болатынына сеніміміз мол.
Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің маманы Г.Серікбаева