» » ХАЛЫҚТЫҢ СӨЗІ – АҚИҚАТТЫҢ ӨЗІ

ХАЛЫҚТЫҢ СӨЗІ – АҚИҚАТТЫҢ ӨЗІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын нығайтудағы салалардың бірі – кәсіпкерлік екенін айта келе, елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты жою мақсатында ұсынған мемлекеттік бағдар­ламалары аясында көптеген серпінді істер жүзеге асып жатқаны рас.


Сол бағдарламалар негізінде ауыл­шаруа­шылығының әр саласында өріс бар. Қармақшының қазіргі тынысы қалай? Әрине, бұл жайында аудан әкімінің есебінде айшықталды.
Өткен жылы өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында түрлі қаржы ұйымынан 227 жобаны жүзеге асыруға 774 млн. теңге несие бөлініп, нәтижелі атқарылған жұмыс арқасында жаңадан 300 жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге, аймақта кәсіпкерлік саласын дамытудың Жол картасына сәйкес, «Бастау-бизнес» оқу курсы бойынша 220 азамат, «Бизнес-кеңесші» оқу курсы бойынша 156 азамат білімін жетілдірсе, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде 10 жоба қаржыландырылды. Мұнан бөлек түрлі қаржы ұйымдарынан жоғарыда аталған бағдарлама бойынша 33 жоба иесі қайтарымсыз несиеге ие болса, «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында 22 жоба, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен» қаржыландырылған 161 жоба иесі алған несиесін мақсатты жұмсауға жұмыс істеуде. Сондай-ақ, өткен жылы аудан орталығы мен барлық елді мекенде 29 кәсіпкерлік нысан іске қосылса, өңірдегі кәсіпкерлік субъектінің жалпы саны – 3357 болып, есепті кезеңмен салыстырғанда 101,5 пайызға артты.
Қармақшы ауданы тұрғындарының негізгі кәсібі ауылшаруашылығы дақылдарын өндіру болса, диқандар 2018 жылы өздеріне бектілген 23957 гектар егістік алқапқа күріш, бақша, картоп, көкөніс орналастырып, ала-жаздайғы еселі еңбегінің жемісін көрді. Аудан бойынша күріштің әр гектарынан 58,5 центнерден өнім алынып, ел қамбасына 81 мың тоннадан астам Сыр салысы құйылды. Осы жерде айта кетерлік бір жайт, білікті сала маманы Орынбасар Төлепов басқаратын «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтағы егін шаруашылығымен айналысушы құрылымдар арасында «Үздік шаруашылық» номинациясын жеңіп алды. Сонымен бірге, аталмыш шаруашылық өткен жылы қалдықсыз өнім өндіретін зауыт пен қойманы ел мүддесіне пайдалануға берсе, ауыл сыртынан түрлі алма сортын егіп, күтімге алды.
Ауданда өткен жылы мал шаруашылығын дамыту бойынша да ілкімді істермен өрнектелді. Нақтысын айтқанда, 2018 жылы өңірде жылқы 8463 бас, түйе 3168 бас, мүйізді ірі қара 26472 бас болып тіркелсе, осы төрт түлікті өркендету мақсатында мемлекеттен 58,3 млн. теңге субсидия бөлінді. Осындай жұмыстардың нәтижесімен 3419,2 тонна ет, 5522,7 тонна сүт және 708,3 мың дана жұмыртқа өндірілді. Иіркөл, Қуаңдария және Көмекбаев елді мекені тұрғындарын қолдау мақсатында трактор тіркемесімен және соқа сатып алынды.
Ал, өңірде құрылыс саласы да игі істер­мен айшықталғанын айта кету ләзім. Аудан орталығынан көптен шешімі табылмай келген түйткілді мәселелерінің бірі – №183 мектептің жағдайы еді. Бұл мәселе де шешімін тапты. «Мөлтек» шағын ауданынан заманауи үлгіде пайдалануға берілген аталмыш мектеп кент дәулетіне сәулет қосып тұрған көрікті ғимарат қатарына қосылды. Бүгінде мектепте 300-ден астам шәкірт жан-жақты білім нәрімен сусындауда. Сонымен бірге, Иіркөл және Төребай би ауылы тұрғындары заман талабына сай салынған 50 орындық балабақшаның игілігін көруде. Төретам кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде бірнеше спорт түрі бойынша жас спортшылар жаттығуда. Көлік қатынасын реттеуде де Иіркөл, Төребай би, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал ауылдары мен Төретам кентінің кіреберіс жолына және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінен «Ақжар-Тұрмағамбет-Көмек­баев» автожолының 6,7 шақырымына орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге, аудан әкімінің іс-қимыл бағдарламасы аясында өңір тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында 889 жаңа жұмыс орны ашылса, 2895 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.
«Спорт – денсаулық кепілі» дегендей, өткен жылы да аудан спортшылары әлемдік, халықаралық, республикалық спорттық жарыстарда топ жарып, ел мерейін асқақтатты. Нақтырақ айтқанда, ҚР чемпионаттары мен басқа жарыстарда 12 алтын, 15 күміс және 25 қола, ал Әлем және Азия біріншіліктерінде 5 алтын, 6 күміс, және 1 қола медаль иеленіп, абырой биігінен көрінді.
Міне, аудан әкімі Сұлтан Мақашов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы басқа да игі істерді осылай суреттей келе, ағымдағы жылы атқарылатын жобалар жайына да тоқталды. Атап айтқанда, биыл Жосалы кентін газдандыру жұмысы басталатынын, Қызылтам елді мекенінің кіреберісі жөнделетінін және «Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев» автожолын жөндеу жұмысы, балалардың жазғы тынығу лагері құрылысы да жалғасын табатынын, «Тұрмағамбет» шаруашылығы соя дақылын егуді бастайтынын, «Ақтөбе и К» шаруашылығы күріштің ирандық «Тором Хошими» сортын егуді ұлғайтып, оны шет елге сатуды жоспарға қойғанын, сол ауылда құрылысы жүргізіліп жатқан құс фабрикасын аяқтау туралы әңгімеледі. Аудандағы бірнеше білім беру мекемесі мен әлеуметтік нысандар сұйытылған газға көшірілетінін, 10 елді мекендегі спорт алаңына жаңғырту жұмысы жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, бірнеше елді мекеннің әлеуетін арттыруға арналған жобалардың құжаттары әзірленіп жатқанын сөз етті.
Алқалы жиында аудан тұрғындары Шегебай Құндақбаев, Райкүл Төребаева, Әбдімүталлап Ниязбаев, Қуаныш Төреев, Зоя Боранбаева, Қаршыға Есдәулетовтер Жосалы кенті көшелері бойындағы электр желілері мен аудандық электр тарату мекемесіне қарасты электр стансасына жаңғырту жұмысын жүргізу, Төретам кенті тұрғындары үшін көптен түйіні шешілмей келе жатқан тұрғын үй салу үшін жер бөлу мәселесі, аудан жастарына қолдау көрсету, зейнет жасына шыққан мамандардың орнын жастармен толықтыру, кент көшелеріне жөндеу жүргізу және басқа да сауалдарын қойып, қойылған сұрақтары бойынша олар аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлынан тұщымды жауап алды.
Жиын соңынан сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев аудан басшысы Сұлтан Мақашовтың өңір тұрғындарының әлеуетін арттыруға ар­налған есепті баяндамасына өз бағасын берді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
28 қаңтар 2019 ж. 756 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 82

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 228

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930