НАҚТЫ ІС, ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАР
Сәрсенбі күні аудандық мәдениет үйіндегі есепті кездесуде аудан әкімі Сұлтан Мақашев ауданның өткен жылғы әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, алдағы жоспарларды зерделеді. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы аудан халқының әлеуетін арттыру мақсатында көптеген іргелі істер атқарылғанын жеткізді.
Атқарылған жұмыстарды даралайтын болсақ, ауылшаруашылығы, оның ішінде егіншілік саласын дамыту мақсатында аудан диқандары ерте көктемнен бастап, алажаздайғы еткен еселі еңбектерінің арқасында 14209 гектар күріштің әр гектарынан 59,5 центнерден өнім алып, ел қамбасына 84543 тонна Сыр маржанын құйды. Сөйтіп Қармақшы ауданы өткен жылдың көрсеткішімен облыс бойынша «Озат аудан» номинациясын иеленсе, Нұрлан Іздібаев басқаратын «Ақтөбе и К» серіктестігі өздеріне бекітілген 1875 гектар күріштіктің әр гектарынан 76,5 центнерден өнім жинап, аймақ бойынша «Үздік егін шаруашылығы» номинациясының иегері атанды. Сондай-ақ, аталмыш шаруашылық өткен жылы Иран Ислам мемлекетінен әкелінген «Тором Хошими» атты күріш сортын егіп, одан да жақсы өнім алды. Ал, биыл осы күріш сортын егу көлемін 800 гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Тағы бір айта кетерлік жайт, шаруашылық биыл қуаттылығы 1500 тонна құс етін өндіретін зауыт салып, пайдалануға бермекші.
Сонымен бірге, сала мамандары 2017 жылы жаздық бидай мен мақсарыдан да, картоп пен бақша дақылдарынан да мол өнім алып, 60000 тонна мал азығын дайындады.
Сонымен қатар, өңірде мал шаруашылығын дамыту бағытында да атқарылған ілкімді істер жетерлік. Бұл сала бойынша өткен жылы Елбасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында, яғни мал шаруашылығын қолдауға 53.9 млн. теңге субсидия бөлінді. Сондай-ақ, ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамытуда 14 кооператив құрылып, оның 7-еуіне мүше болып кірген 234 азамат 601 млн. теңге несие алып, бүгінде олар ет және сүт бағытында 3206 бас мүйізді ірі қара малын сатып алды. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы өздерінің мал бордақылау алаңдарында жұмыс істеуде.
Тағы бір айта кетерлік жайт, көптен шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі, яғни, Қармақшы ауылында «Қожантай» тоспасы салынып, салынған тоспа сол өңірде мал шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. «Қаракөл», «Таскөл», «Қоңыраулы-Көлдей» каналдары тазаланып, олардың сағаларына 2 көзді, ал Қуаңдария өзегінің Қарақ учаскесі тұсынан 2 жерден 5 көзді су тоспасы салынды. Бұл тоспалар Қуаңдария және Көмекбаев елді мекендерінде мал және балық шаруашылығын дамытуға үлкен ықпалын тигізеді.
Мемлекет басшысы елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетуде. Оған дәлел ретінде бүгінде жүзеге асырылып жатқан көптеген мемлекеттік бағдарламаларды айтуға болады.
Міне, Елбасының осындай қолдауына ие болған аудан кәсіпкерлері өздерінің еткен кәсіптері бойынша өңір экономикасын дамытуға сүбелі үлесін қосуда. Өткен жылы аудан бойынша түрлі қаржы ұйымдарынан 330 жобаға жеңілдетілген несие берілді. Оның ішінде, мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 15 жоба қорғалып, бүгінде олар өз жобалары бойынша жұмыстарын бастап кетсе, бағдарламаның жобаларды ұйымдастыру және іске асыру мақсатындағы мемлекеттік гранттар беру компоненті бойынша 16 жоба 10.8 млн. теңгенің грантын жеңіп алды. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 7 жоба, «Даму Өңірлер» бағдарламасы бойынша 5 жоба, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 53 жоба жүзеге асырылды.
ІІІ Интернационал ауылының жеке кәсіпкері Г.Рагибова «Ақ сарай» қызметтік кешені арқылы тұрғындарға қызмет көрсетіп жатса, Ақай ауылының жеке кәсіпкері В.Павлов округ орталығынан күріш дәнінен жасалатын тағам түрлерін шығаратын цех ашып, бүгінде кәсіпкер өз өнімдерімен облыстағы көптеген сауда орталықтарын қамтамасыз етуде. Сонымен бірге, Жосалы кентінде «Мир-2001» ЖШС-нің құмқыш шығаратын шағын зауыты жұмыс істеуде. Құрылыс саласы бойынша да ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Өткен жылы Қуаңдария ауылында №186 орта мектеп пен аудан орталығынан 2 балабақша пайдалануға берілсе, биыл Жосалы кентінде №183 орта мектеп және балалардың жазғы тынығу лагері, сондай-ақ Төребай би мен Иіркөл ауылдарында 50 орындық екі балабақша мен Төретам кентінде денешынықтыру және сауықтыру кешені ел игілігіне пайдалануға берілмекші. Жеке кәсіпкерлер арасында да бірнеше заман талабына сай халыққа қызмет көрсету орталықтары іске қосылды.
Спорт, мәдениет, білім және басқа да салалар бойынша да аудан тұрғындары үшін жағымды да қуанышты жаңалықтарға толы болды.
Аудан әкімі аудан өміріндегі осындай жетістіктерді баяндай келе, алдағы жылы Жосалы кенті тұрғындарының үйлеріне газ кіргізілетін күн де алыс еместігін айтып қуантты. Сонымен бірге, аудан орталығы мен елді мекендердегі көшелерге де жөндеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.
Кездесу барысында еңбек ардагерлері Қ.Есдәулетов, Ж.Жәкеев, Ш.Айбергенов, Д.Жалғасбаева сөз сөйлеп, пікірлерін зерделесе, З.Боранбаева, О.Төлепов, Б.Маханова, Б.Әбжәлиев және А.Досмахановалар аудандық емханадан балаларға арналған тұрақты неврология кабинеті берілуі, Сырдария өзенінің аудан шекарасындағы 111 су бекеті жанынан 3 кубтық су бекеті салынуы туралы, сондай-ақ көктем айларында Сырдария өзенінде болатын су тасқынына дайындықты осы кезден күшейту туралы және басқа да сауалдарын қойып, мамандар тарапынан нақты жауаптар алды.
Есепті кездесуде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев сөз сөйлеп, аймақ бойынша Елбасының сара саясатын жүзеге асыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, алдағы жылға нақтыланған жоспарларды баяндады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
Пікір 1