ӨРЕЛІ ІСТЕРМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨЛКЕ
Аудан əкімі Сұлтан Мақашовтың аудан тұрғындарымен есепті кездесуі Жосалы ауылдық округінде жалғасты. Өткен жылы Төребай би ауылында ел-жұрттың əлеуетін арттыруға байланысты ілкімді істермен айшықталды десек артық айтқандық емес. 50 орындық жаңа балабақша пайдалануға берілді. Ауыл бөбектері үшін балабақша жанынан бір бөбекжай ашылды. Сондай-ақ, Қазиев көшесіне жарық орнатылса, ауыл тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында "Келте арық" каналы тазартылды. Тұрғындр арасында уақытқа дейін түйінді мəселе болып келген "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автодəлізінен ауыл орталығына дейінгі автожол да асфальталып, тұрғындар қуанышқа кенелді. Сонымен қатар, төребайбиліктердің негізгі кəсібі ауылшаруашылығы саласы бойынша да ілкімді істер атқарылды. Округтегі жеке тұрғындар 58 гектарға бақша, 32 гектарға көкөніс, 32 шектарға картоп ексе, шаруашылықтар 40 гектарға күріш, 40 гектарға бақша, 30 гектарға көкөніс пен картоп егіп, мол өнім алды. Дикандар өздері өндірген өнімін тіпті Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен Жосалы кенті тұрғындарына базар бағасынан арзанға сатты. Тіпті, Жосалының қауындарын өңір тұрғындары асыға күтіп, көптеп сатып алғандарының да куəсі болдық.
Міне, осындай берекесі тасыған ауылда өткен есепті кездесуде аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы өңір бойынша атқарылған жұмыстарды саралаған соң, ауыл тұрғындары Нағашыбай Өтемұратов, Кенжебай Дұрғазиев, Алтынбек Сарбасов, Дəуіржан Қалдашбаевтан ауылға аяқ су əкелетін каналды тазарту, жаңадан клуб үйін салынса, ауыл тұрғындарына арнап трактор сатып алып берілсе жəне басқа да көтерілген сауалдарға мамандар тарапынан жауаптар берілді.