Қуаңдария ауылында аудан əкімінің есепті кездесуі
Қуаңдария ауылында жалғасқан аудан əкімі С.Мақашовтың өңір тұрғындарымен есепті кездесуінде ауылдық округ əкімі Р.Ефенов округ бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, ағымдағы жылға мақсатталған жопарларға тоқталды. Содан соң мінберге көтерілген аудан əкімі Сұлтан Ысқақұлы ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жүзеге асырылған жұмыстар жайында хабарлама жасады.
Əкім өз сөзінде өңір бойынша істелген ілкімді істер, оның ішінде құрылыс, кəсіпкерлік, білім мен жол қатынасы бойынша істелген жұмыстар мен жетістіктерді атап өтті. Сонымен қатар, өткен жылы күллі Түркі елінің абызы, аудан аумағында орналасқан Қорқыт ата кешенінің ЮНЕСКО тізіміне ілінгенін, сонымен бірге ел абыройын əлемде асқақтатып жүрген қармақшылық спортшылардың жетістігіне, Елбасының <Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру> бағдарламалық мақаласы аясында өткен ауданның 90 жылдық мерейтойы, Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдығы жəне Ақжар ауылының 60 жылдығына арналған мерекелік шаралардың жоғары дəрежеде аталып өткеніне айрықша тоқталды. Сондай-ақ, Қуаңдария ауылы бойынша атқарылған ілкімді істер туралы айтты.
Сөз кезегінде ауыл ақсақалы Ешмағамбет Дүйсебаев өткен жыл қуаңдариялықтар үшін ерекше жыл болғанын, нақтырақ айтқанда ауыл орталығына заман талабына сай мектеп салынғанын, аяқ жəне ауыз су мəселесі толық шешілгенін, сонымен бірге ауыл аумағындағы каналдар күрделі жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындарының бақша дақылдарын егуге көп септігін тигізгенін əнгімеледі. Сондай-ақ ауыл тұрғындары Серікбай Есіркепов пен Қайырбек Қабылановтар ауыл маңындағы каналдарға жөндеу жүргізген мекеме қызметкерлеріне алғаусыз алғысын айта келе, жұмыс барысында аяқталмай қалған жұмыстарды көктемге дейін, яғни аяқ су келгенше бітіріп берсе деген ауыл тұрғындарының өтінішін жеткізді. Сондай-ақ бүгінде елімізде кейбір азық- түлік тауарлары бойынша белең алған қымбатшылық туралы қойған сауалдарына мамандар нақты жауаптарын берді.