Жемқорлықпен жұмыла күрессек жеңеміз
Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген тағылымы мол қанатты сөз бар. Сүбелі сөз астарына үңілсек, бұл ұлағаттың әділдікті ту етіп, шындықтың шырайын шығарған билерден қалғанын ұғынамыз. Яғни, әрбір адам немесе басшы мен мемлекеттік қызметші бүкіл болмыс-бітімімен адал, әділ, турашыл, таза болып, нақтырақ айтқанда өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқармайынша қоғам түзелмейді, елдің дамуы алға жылжымайды. Сол себепті, мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет қана емес, зор жауапкершілік һәм ел үшін туып, ел үшін қызмет етумен тең.
Шыны керек, біз бала күнімізде ата-әжелерімізден «Нағыз ер – ел үшін туады» деген сөзді естіп өстік. Бұл сөздің мағынасын өсе келе ұқтық. Қазақ бұл сөзге ер азаматтың атқаратын қызметі әрқашан елге, Туған жерге арналуы қажет екенін сыйдырса керек. Ал, халқымыздың «біреуге пайдаңды тигізе алмасаң, зиянынды да тигізбе» деген мына бір тағылымды сөзі тіптен ерекше. Бұдан біз нені ұғамыз? Әуелі, өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Қай тарапта, қай талапта жүрсек те өзімізге де, өзгеге де зиянымызды тигізбей, ардан аттамай, сенім мен жауапкершілік жүгін келесі буынға адал аманаттауды басты қағида етуіміз қажет.
Қазақ үшін хәкім Абайдың қара сөздерінен асқан даналық жоқ екені анық. Ұлы Абайдың он төртінші қара сөзінде терең ой мен пайымды пікір ұштасқан. Он төртінші қара сөзде: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» делінген. Яғни, жаманшылыққа бір бой алдырсақ, одан құтылудың жолын табу оңай емес. Тіпті, қиынның қиыны. «Дәніккеннен құныққан жаман» деп айтылатыны да сондықтан. Міне, бүгінгі таңда сізбен біз үшін маңызды мәселеге айналған жемқорлық та осындай түрлі келеңсіздіктерден құралады, соңы өкінішпен аяқталады. Оған қарапайым өмірде нақты дәлелдер көп.
Жалпы, тарихы тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отыр. Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, тыныс-тіршіліктің барлық саласы мен жүйесін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын зерттеп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек.
Негізінен, егемен елімізде мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру, сала жұмысын оңтайландыру, жетілдіру бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Оның ішінде сыбайласжемқорлық көріністерінің алдын алу мен болдырмау бағытындағы іс-шаралардың мәні зор, маңызы айрықша. Түптеп келгенде, жемқорлықпен күресу бір ғана мемлекеттік орган атқаратын жұмыс емес, тұтас мемлекеттің саяси басым бағытына айналды. Бұл қоғамның нәтижелі іске бағыт алғанын, тиімділігі мол өзгерістер көшіне ілескенін білдіреді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге ерекше тоқталды. «Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі. Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр»,- деген Елбасы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне бірқатар нақты тапсырма берді. Соның ішінде мемлекеттік қызметші мәртебесін арттыру бағытындағы кешенді іс-шаралардың қоғам үшін тиімділігі зор. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрестің ауқымы кеңейе түседі және бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің өз ісіне адал болуына тікелей әсер етпек.
Барлық жұмыстардың, әсіресе мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтыққа, қолжетімділікке негізделу керектігін айтқан Елбасы жемқорлықты түп-тамырымен жоюға басымдық берді. Осыған орай, бүгінде Жолдау аясында ел Үкіметі мен әкімдіктер нақты жұмыстарды бастап кетті. Тіпті, жемқорлық факторлары көп кездесетін кәсіпкерлік саласындағы азаматтардың өз кәсібімен емін-еркін айналысуына, құқықтарының қорғалуына, қажетті кеңестер мен жеңілдіктерді пайдалануына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де атсалысуда. Өйткені, агенттіктің басты мақсаты – халыққа сапалы қызмет көрсету болып табылады.
Бұл бір жағынан қоғамдағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесіп, адал, әділ, таза қоғам қалыптастырудың алғышарттарын құрайды. Кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз болып, ел дамуына тың серпін бермек. Ал, ол үшін бұл салада жемқорлық, сыбайластық, бармақ басты, көз қысты іс-әрекеттер болмауы керек.
Расында да бір саладағы жемқорлықты жою арқылы біз көптеген жетістіктерге жетеміз. Сол себепті, әрбір азамат сыбайластыққа жан-тәнімен қарсы болуы керек. Оның белгілерін білген, көрген жағдайда құзырлы органдарға хабарлаудың да маңызы ерекше. Қорытындылай келе, «қоғамдық дертке» айналған қауіпті кеселмен күресу – әрбір азаматтың парызы болуы қажет. Түйіндей айтқанда, жемқорлықты жұмыла күрескенде ғана жеңеміз.
Мұрат Ысқақов
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері
және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы