» » ҚОЛДАУ ДЕМ БЕРГЕН ЖОБАЛАР

ҚОЛДАУ ДЕМ БЕРГЕН ЖОБАЛАР

Біреуге алақан жаймай, өз қолыңды өз аузыңа жеткізу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл төңіректе мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау жетерлік. Мысалы, оның ішінде «Жастар корпусын дамыту» жобасын атап айтуға болады. Өңір жастарын жігерлендіріп, жалын сыйлаған жобаның бірі де осы.


«Жастар корпусын дамыту» жобасы аясында ауданнан 27 жоба ұсынылса, оның 13 жобасы жеңімпаз болған. Жеңімпаз жобаға барлығы 42 жас қатысып, бағын сынаған. Сала бойынша атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығында 3 жоба, ұлттық қолөнерде 5 жоба, балалардың ойын-сауық орталығын ашуда 2, сондай-ақ тамақ өнімінде 2 жоба, сән салонының жұмысын жандандыруда 1 жоба сәтті жүзеге асырылуда.
– Жобаға қатысушыларға «Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығы» тарапынан жұмыстан тыс уақытта материалдық-техникалық базасын пайдалануға, сонымен бірге басқа да қолжетімді мүмкіндіктер қарастырылған. Жалпы, жобаларды дамыту мен басқаруда ментор арқылы нұсқаулық берілуде, – дейді орталық директоры Әділ Ибрахим.
Айтса айтқандай, жастар ресурстық орталығының белсенділігіне дән риза болғанның бірі – Дүр Оңғар ауылының тұрғыны Жаңабай Сақтағанұлы. Ол бұған дейін Қызылорда қаласында «Жастар» театрында Қанат Арқабаевтың «Әпке» қойылымына, телеарнадан көрсетілген «Болашақ аялдамасы» көркем фильміне түсіп, жайдарманшылар тобында өнер көрсетіп жүрген. Жобаға қатысу идеясы – оған сол кездің өзінде келген екен. Бірақ, идея болғанымен оны іске асыратын тетіктің көзін таба алмапты. Енді міне, оның арманы орындалып, айы оңынан туды. Ол «Zhas project» жобасы арқылы «Балаларға базарлық» аниматорлық орталығын құрып, жұмысын бастады. Жас кәсіпкердің айтуынша, командаға өзі жетекшілік етеді. Топта 3 адам жұмыс істейді. 20 шақты аниматордың киімі бар. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы отбасы балаларына, сонымен қатар, әлеуметтік жағынан осал топ саналатын жандарға тегін қызмет көрсетіледі. Сақтағанмен телефон арқылы байланысқан едік. Сым тетіктің ар жағынан даусы жарқын шыққан жастың жобаға деген қуанышын аңғару қиын емес еді. Жақында ғана тобымен Қызылорда қаласында денсаулық сақтау ұйымында бірнеше қойылым көрсетіп келген ол, 30-желтоқсанда балаларға базарлық ретінде тарту ететін «Қош келдің, жаңа жыл» атты мерекелік шараға дайындық үстінде екенін алға тартты.
Айтулы жобаның шапағатын көріп отырған жастың бірі – «Тез тамақтану орталығын» ашқан жосалылық жас – Индира Көбекова. 3 баланың анасы жобаға дейін де кәсіппен айналысқан. Дегенмен, әр жерде бір жүріп сусын сатудың қиыншылығы да жоқ емес. Оған орнықты, тұрақты кәсіп керек еді. Бүгінде Жосалы кенті орталығындағы «Сыр гүлі» кафесін жалға алған Индираның да арман-мақсаты аз емес.
– Жоба адамды алға ұмтылдырады, қанаттандырады. Әсіресе, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға жақсы стимуль. Жобаны ұтқан соң, қыркүйек айынан бастап кәсіп аштым. Бұл жастарға үлкен серпін береді. Әрі қарай алып кету, дамыту – ол біздің жауаркершілігімізде. Тез дайындалатын тағамдар пісіреміз. 1 көшбасшы, 4 жұмысшы жұмылдырылған. Ай сайын аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен 10-15 мүмкіндігі шектеулі баланың тізімін алып, күтушісімен бірге тамақтандырамыз. Кәсібімнен – күш-жігер аламын. Осындай жастардың халыққа қызмет етуіне қолдау көрсеткен Елбасыға көптен-көп алғыс білдіреміз, – дейді топ басшысы.
Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар да өз кәсібін ашуға мүдделі. Олар да елге қызмет етіп, еңбегінің жемісін көргісі келеді. Дімкәс жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жобалар қанат бітіруде. Сондай жобаның бірі – «Даму» қоры мен әлеуметтік қорғау ұйымы. Айтулы қор мен ұйым қызметкерлерінен құрылған комиссияның шешімімен үстіміздегі жылы аудан тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі азамат Ерлібек Жармаханов жеңімпаз болып танылған еді. Етікші жеті жылдан бері мәсі тігумен айналысады. Ол облыстық деңгейде ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесінде ІІ орынды жеңіп алып, 700 мың теңгеге ие болды. Шебердің қолынан шыққан әрбір бұйым ұлттық өрнектерімен әрі сапалылығымен ерекшеленеді. Тапсырыс та жаман емес. Отбасында 6 бала, 2 келін мен немерелер тәрбиелеп отырған отағасының бұл кәсібі үлкен жанұясын асырап-бағуға қауқарлы екенін айтады.
Түйін:
Қармақшы – күллі түркі елінің абызы атанған Қорқыт бабаның мәңгілікке мекен тепкен қасиетті орны. Өңір әлеуметтік-экономикалық жағынан жыл санап дамуда. Ауданның өркендеп-көркеюінде мұндай жобалардың әлі де көбейе берері анық.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».
08 қаңтар 2019 ж. 707 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031