» » ЕЛ СӨЗІН АЙТҚАН ЕР ЕДІ

ЕЛ СӨЗІН АЙТҚАН ЕР ЕДІ

Рахат есіме түссе, еріксіз жымиямын. Болмысы жарқын жан еді ғой… Айналасын күлкіге бөлеп, «тірі жанға залалым тимесін, көңілдерге кірбің түспесін» деп адам көңілін аялаумен жүретін.
Екеуміз 2007 жылдан бастап қыз­меттес болдық. Рахаттың жұ­мыс­сыз жүргенін Қанат Тілеу­хан­нан естіп, шақырттым. Себебі, Ра­хатты сырттай жақсы білуші едім, ой-өресі, ұстанымы берік жі­­гіттердің бірі екенін «Күл­тө­бе­ден», газеттегі мақалаларынан та­нығанмын. Бір кездері ол «Қа­зақ әдебиетіне» «Уа, қайда ба­ра­мыз?» деген мақала жазып, екі ап­тадан соң, менің «Уа, кімбіз?» де­ген жауап мақалам да шығып еді. Рахатпен кездескенде осыны ай­­тып, екеуміз күлісіп, ә дегеннен жа­қын араласып кеттік. Өзі де ор­­таға сыйымды, сыйлы азамат еді ғой… Ескі көлігі бар болатын, кеш­кісін соған сыйғанынша жур­налистерді салып алып, үй-үй­ле­ріне тасып жүретін.
2009 жылы «Алматы» арна­сы­на ауыстық, Рахат көрерменнің та­ным көкжиегін кеңейтер «Пі­кірлер пирамидасы» хабарын жүр­гізді. Бас продюсер Досымбек Қо­нысбекұлы екеуі пікірталас қыз­дыратын кейіпкерлер таңдай­ды, хабар жақсы шықса мәз бо­лып, «Секе, шылым шегейік те» деп жадырап келеді, сәтсіз болса да Рахаттың қабағынан білесің: «Е-е, елдің сөзін айтады деп едім, езді ғой», – дейді. Болды. Біреудің жер-жебіріне жете даттау оның та­биғатында жоқ. Досымбек «Заң» корпорациясына ауыс­қан­нан кейін, Бас продюсерлікке Ра­хат тағайындалды. Жігіттерде бас­шы екенмін деп бедірейіп оты­­ратын қасиет жоқ, Рахат продю­­сер болып жүріп те «Өзге Ал­­ма­ты» атты арнайы репортаждар жа­сады. Хабардың форматы қы­зық еді, журналист кейіпкердің өзі­не айналуы керек. Бірінші ха­бар бомждар жайлы болды. «Раха, бомж болып киінесің, қонатын жеріне барып, көресің» деп едім шо­шып кетті. «Ойбай-оу, Секе, те­ле­дидардан көрген біреу «Ана, Рахат, қаңғыбас болып, қайыр сұ­рап жүр екен» демей ме?» деді көзі жыпылықтап. Досан, Шынар бар, бәріміз жабылып жатып, мұ­ның журналистикадағы ерекше стиль екенін қайта-қайта айтып, көн­дірдік-ау. «Е, мейлі онда» деді де кірісті. Осы репортажды түсіру ке­зінде бір қызық оқиға болды. Ка­бинетте отыр едім Рахат кіріп кел­ді, өңі бұзылып тұр. «Не бол­ды?» десем, «Ана бомждармен бірге ас ішіп едім, оңбай ұшын­дым. Көлікте жүрегім ло­бып, әзер жет­тім» деді. Он минут­тай отыр­ды, жағдайы нашарлап барады. «Жүз граммға қалай едің?» дедім. «Ан­да-санда сыралататыным бол­маса, аса жоқпын» деді. Жас­тардың бірін жүгіртіп жіберіп, «че­куш­ка» алдырдым. Бір құйып «Тарт» дедім, сосын тағы. «Че­куш­­каның» түбі көрінгенде Ра­хаң­ның да жүзіне қан жүгірді.
Ертеңіне келді, жымың-жы­мың етеді.
– Не болды? Жазылдың ба?
– О, Секе, адам болдым. Не­гі­зі, сіздің «еміңіз» аздау болды, жұ­мыстан қайтып бара жатып Бә­кең (Бақ­тияр Әсіренкеев) екеу­міз тағы аздап «ем-дом» жа­са­дық. Содан көзім шарадай жан­ды ғой, – деп ыр­жияды.
Мені репортаж дайын бол­ған­да шақырды. Алғашқы кадр: екі бом­ж қоқыс салынған үлкен кон­тейнерді қопарып, бірдеңе іздеп жатыр. Бір мезетте екінің бірі бері бұ­рылып, камераға беттейді… Ре­портажды көргелі жиналған «сын­шының» бәрі ду ете қалды. Ра­хат! Қоқыс ақтарыпты, қаң­ғыбастарға арналған бейімдеу ор­талығына барып, оларға бе­рі­летін астың дәмін татып көріпті, тө­сегіне жатып, кітаптарын оқып­ты… Репортаж біз күткеннен де әсерлі болды. Айтпақшы, «Шаңырақ» фильмін түсірген ре­жиссер Едіге Болысбаевты осы ре­портажды әзірлеу кезінде тап­тық. Рахаттың аңғарымпаздығы арқасында режиссерді таныдық, «Тағдыр мен тұлғаға» кейіпкер еттік, қаңғыбас болып кеткен та­лант­ты ұлын елі де еске түсірді.
Репортаж әзірлеу барысында Ра­хат жалдамалының жағдайы қиын екенін білдіру үшін жүкші бол­ды, цемент тасыды, Кедендік одақ­тың қатерлі екенін, қазақтың күні авто деген аты ғана бар «Жи­гу­лиге» қарап қалатынын көлікті кө­шеде итеріп жүріп көрсетіп, ес­­кертті. Қызылағаштағы қа­сірет арнайы репортаж ауқымына сый­мады…
2010 жылдың наурыз айында Ал­маты облысындағы Қызылағаш ауылын тасқын шайып кеткені қабырғамызға қатты батты. Дереу Рахатты аттандырдық. Сағат сайын телефонмен хабар алып отыр­дым. «Сұмдық! Ауыл тып-ти­пыл болған ғой» дейді даусы ді­рілдеп. «Қызылағашты көр­сет­пеңдер» деген бұйрық Алматысы бар, Астанасы бар жан-жақтан тү­сіп жатты. Жаңалықтардың жауап­­ты редакторы Руслан Ер­бо­таға да жеке хабарласып, ескер­тіп­ті. «40 адам қырылып жатқанда үндемесек ұят болар. Кейінгісін көріп алдық?!» дедім. Рахат кешке орала сала, шұғыл материал әзір­леп жатқанда бұйрық жайлы айт­падық, жаңалықтардан көрсеттік. Содан кейін ғана жағдайды түсін­дір­дік. «Материал көп еді, обал бол­­ды, ә?» деп маған қарады. Кө­зінен бір тамшы жас байқадым. Сол түні екеуміз фильм әзірлеп, оны «Апат» деп атадық. Таңда ме­ні әкімдікке шақыртты, «Шұ­ғыл эфирге қойып жібер, шығарт­пай тастаулары мүмкін» дедім де қала әкімінің орынбасары Сей­ду­мановтан «Жаңалықтағы» сюжет үшін сөгіс естуге кеттім. Ка­бине­тіне кіріп, ашулы орынбасардың сөзін үнсіз тыңдап отырған кезде қосулы тұрған телевизорға көзім түсіп кетті, «Апат» басталды. Сая­си сақтық туралы қызу сөйлеп тұр­ған Серік Тұрарұлы да көріп, тұ­тығып қалды. Он минуттан аса­тын репортажды екеуміз үнсіз кө­ріп шықтық… Халықтың за­рын, Елбасына «халық орнықты, ас-су жеткілікті» деп есеп берген Мәсімов бастаған топтың өтірігін ашқан фильм еді «Апат».
Рахат продюсер болғанда «Өр­лік дастаны» атты мульт­фильм­дер циклын жасадық, техни­ка­мыз әлсіз, анимациямыз сол­ғын­дау болды, бірақ «қазақ бала­сы көретін түк жоқ» деп сынап, қол қусырып отырғандарға үлгі бо­ларлық іс еді. Көк тиын ақы ал­май еңбек еттік сол мульт­фильм­г­е. Кейін бір кездескенде осы­ны Қасым Аманжолға айтып едік: – Өлермен екенсіздер, – деп ба­сын шайқаған. Қазақ әнінің те­леантологиясын жасасақ деп «Бір әннің тарихы» атты хабар аш­тық. Тар студия, Рахат біреу­лер­ден сұрап әкелген, өзіміз қол­дан қызыл түске бояған пенопласт бал­балдар… Сөйтіп, жүріп жүзден аса әннің тарихын, нұсқаларын жи­нақтадық.
Бірде Досан Қызайбекұлы мен Рахат темекі тастаймыз деп бәс­теседі. Кім ұтылса, сол 100 дол­лар береді. Біз – куә. Байқай­мыз, екеуі де бір-екі күн сыр бер­мей жүрді, шылымқорлықтан та­за құтылатындай сыңайлары бар. Үшінші күні Досан келіп, сы­бырлады:
– Секе, сыртқа шығып қай­тайық­­шы?
Айта алмай тұрған әңгімесі бар екен деп далаға шықсам:
– Бір шылым берші, – дейді.
– Ау, сендер…
– Т-с-с. Рахатқа айтпа, ұты­лып қаламын.
Уәдемді алып, көкнәрға әзер жет­кен апиыншыдай шекесі шып-шып терлеп Досан шылы­мын шегіп алды. Кабинетке кіріп отыр­ғаныма он минут өтпей Ра­хат келіп тұр.
– Секе, далаға шығайықшы, бір әңгіме бар еді.
Шықтық.
– Бір шылым беріңізші… Айт­паңыз, иә?
Осылай екі күн шыдадым. Екеуін кезек ғимараттың сыртына апарып, шылым шеккізіп, жанда­рын жай тапқызам. Бұлардың те­мекі тастағаны маған қиын ти­ді. Сыртқа шыққан сайын, әңгі­ме­лесіп тұрып өзім де тартамын. Үшін­ші күні шыдамадым.
– Әй, – дедім түк болмағандай отырған екеуіне. – Сендердің шы­­лымқорлықтарыңды «ем­дей­мін» деп менің өкпем шіріп кете­тін болды ғой… Анаумен шығып бір шылым, мынаумен шығып бір шы­лым…
Досан күліп жіберді. Ұрлығы ашылғанына ұялып кеткен Рахат болса:
– Ой, Секе, сәл шыдамадыңыз ба? Сіздің өкпе деген бес адамға жетеді ғой, – деп қарап отыр.
– Ой, бір әпенді екенсің, – де­дім жорта ашуланып. Осыдан кейін оны «әпендім» деп кеттім. Қа­­сымда болса езу жиғызбайтын, екеу­міздің барлық суретімізде мен мәз болып түсіппін. Ей, дүние-ай… «Біз деген бір-ақ жапырақпыз ғой, мына Секең секілді аза­мат­тардан көбірек тұқым қалуы ке­рек», – деп дәулігімді әжуалай бе­ретін. Бірде Шынар Сағын­ды­қова «Бөрілер мен шибөрілер» деген арнайы репортаж жасады. Сабыр, Сары Алмас, Баха-фес­тиваль, Киса секілді 90-жылдар­дың серілерінің көріністерін тауып, қылмыс әлемінің жазыл­ма­ған заңы жайлы баяндаған ға­жап материал болды. Репортаж эфирге шыққаннан кейін, арнаға бір жігіттер келіп, күзетке
Шы­нар­ды шақыртады. Шықса, мой­ны күжірейген, беті тыртық-тыр­тық, зор денелі бір шойқара тұр дейді.
– Бандиттер туралы сен жаса­дың ба? – депті әлгі гүж етіп.
– Иә, – дейді зәресі ұшқан Шы­нар.
– Жүрші ана көліктің жанына ба­рып сөйлесейік, әңгіме бар…
Анау меңзеген көліктің жа­нын­да тағы екі адам тұрғанын кө­ріп, қорқынышын әзер жа­сыр­ған Шынар «Қазір, бастығымды ертіп шығайын» деп ішке сып бе­реді. Барып, Рахатқа «Жүрші, бір адамдармен сөйлесу керек» деп қолқа салады. Ойында түк жоқ, Шынарға ілесе шыққан Рә­кеңнің әлгілерді көргенде тілі бай­ланып қала жаздапты.
– Өй, жынды, мұндайларға Секеңді шақырмадың ба? – деп сы­бырлапты жаны қысылғанда. Сөй­тсе, әлгілер шынайы жасал­ған репортаж үшін рақмет айтуға ке­ліпті. «Жарайсыздар» деп Ра­хаң­ды арқадан кезек қағыпты. Кейі­нірек:
– Опырм-ой, сол дәулердің ор­­­тасында тұрып та қаймық­па­дым, ол аздай Секеңді «тістеп» тұр­дым ғой, жүректі екенмін, ә, – деп жа­дырай күліп жүретін еді.
Осыдан кейін Рахат «Азат­тық» радиосына ауысты. Қанша жыл өтсе де арадағы сыйластық жі­бі үзілмеді, оны үзбеген Рахат­тың ыстық ықыласы еді. Аракі­дік қоңырау шалады. Жай ғана тіл­десу үшін. – Даусыңызды сағы­на­мын ғой, – дейтін.
2017 жылдың 18 қарашасында «Информбюрода» қызметтес бол­ған қыз-жігіттер 20 жылдықты же­леу етіп, бас қостық. Алматы­да­ғы Мадина Балғабаева, Досым­бек Қонысбекұлы, Айнұр Асан­бер­ді, Шыңғыс Кіребай, Самал Мейрамқызы, Досан Қызай­бек­ұлы, Сәуле Сәкенова, Бақтияр Әсіренкеевтер жиналды, Аста­на­дан Шынар Сағындықова, Шым­кент­тен Мира Сүлейменова келді. Бәріміз елегізіп, Рахатты іздедік. Ке­шікті. Бір уақытта телефоным шыр етті. Рахат екен, «Қайда­сыз­дар? Кетіп қалмаңыздар, мен Ке­геннен келе жатырмын» дейді. Бесінде жиналғандар түнгі 10-ға дейін Рахатты тостық. Жетті-ау, алып-ұшып жігіттерді құшақтап, қыздардың бетінен сүйіп, ортаны қыз­дырып жіберді. «Сағындым бәріңді» дей берді. Ол кезде бұл Ра­хатты соңғы мәрте көруіміз еке­нін, аз уақыттан кейін оның көп­ті сағынышқа бөлеп, мәңгі­лік­ке аттанарын білмедік қой, жал­ған-ай. Интеллектуал, шын мә­нінде зиялы, қылшылдаған қы­рыққа енді келетін, білім­дар­лықты жоғары бағалайтын жі­гіт­тің мына фәнидегі жолы ерте үзі­леді деп кім ойлаған?!
Қош, әпендім! Иманың са­ла­мат, топырағың торқа болсын! Көр­меген қызығыңды ұрпағың – бес қарғаң көрсін!
 
Серік ӘБІКЕН
 
27 қаңтар 2018 ж. 1 091 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031