» » ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Біздің кездесуіміз Елбасымыздың Америка Құрама Штаттарына жасаған тарихи сапары аяқтала салысымен өтуде. Осы сапар арқылы Қазақ елінің басшысы Астана мен Вашингтон арасындағы стратегиялық әріптестіктің мүлде жаңа дәуіріне жол ашты. Екі ел басшыларының Ақ үйдегі нәтижелі кездесулеріне өздеріңіз де куә болдыңыздар. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы ретінде Дональд Трамптың Қазақстан Президентінің сапарын 47 миллион жазылушысы бар twitter-дегі парақшасында елден бұрын өзі жарнамалағанын да білесіздер. Онлайн режимнен Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөйлеген сөзін де тыңдадыңыздар. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік қауымдастыққа жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі сенімді одан әрі нығайтуға және әділетті әлемдік тәртіп орнатуға қатысты аса маңызды алты шараны ұсынды. Президентіміздің бұл бастамаларын әлемге әйгілі саясаткерлер мен сарапшылар сол сәтте-ақ қызу қолдап, жоғары баға берді. Елбасы сөздерін әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жариялады. Сіздердің де желі арқылы еліміздің еңсесін биіктеткен Елбасымызға ерекше қолдау көрсеткендеріңізді жақсы білемін. Сондықтан ел мүддесі жолында жұдырықтай жұмылған баршаңызға ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Еліміз бен Елбасымыздың жаһандық деңгейдегі абыройының арқасында халқымыздың да беделі арта түсетіні анық. Бұл – қазақстандық патриотизмнің шынайы көрінісі.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед бір топ отандық сарапшылар және қоғам қайраткер­лерімен кездесті. Іс-шараға қатысушылардың барлығы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, экономика, руханият және тағы басқа да өзекті тақырыптарда өз пікірін ашық білдіріп жүрген білікті мамандар.
Отырысты ашқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары кездесудің Елбасымыздың Америка Құрама Штаттарына жасаған тарихи сапары аяқтала салысымен өтіп жатқанына назар аударды. Сондай-ақ ол осы сапар арқылы Қазақ елінің басшысы Астана мен Вашингтон арасындағы стратегиялық әріптестіктің мүлде жаңа дәуіріне жол ашқанын атап өтті.
– Екі ел басшыларының Ақ үйдегі нәтижелі кездесулеріне өздеріңіз де куә болдыңыздар. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы ретінде Дональд Трамптың Қазақстан Прези­дентінің сапарын 47 миллион жазылушысы бар twitter-дегі парақшасында елден бұрын өзі жарнамалағанын да білесіздер. Онлайн режимнен Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сөйлеген сөзін де тыңдадыңыздар. Мемлекет басшысы дүниежүзілік қауымдастыққа жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі сенімді одан әрі нығайтуға және әділетті әлемдік тәртіп орнатуға қатысты аса маңызды алты шараны ұсынды. Президентіміздің бұл бастамаларын әлемге әйгілі саясаткерлер мен сарапшылар сол сәтте-ақ қызу қолдап, жоғары баға берді. Елбасы сөздерін әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жариялады, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы бастамаларына қызу қолдау көрсеткендері үшін сарапшылар қауымына ризашылығын білдірді.
– Еліміз бен Елбасымыздың жаһандық деңгейдегі абыройының арқасында халқымыздың да беделі биіктей түсетіні белгілі. Қазақстандық патриотизмнің шынайы көрінісі дегеніміз осы, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Отырыс барысында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы басым бағыттар кеңінен талқыланды. Одан бөлек Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген партия қызметін жаңғырту туралы нақты тапсырмасы жөнінде сөз болды.
Еліміздегі басты саяси күштің жұмысындағы басым бағыт ашықтық пен жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастыру болуы тиіс. Сондықтан «Нұр Отан» Еуропа, Азия және Америкадағы жетекші партиялардың тәжірибесіне сүйеніп, жарқын болашақ жолында жұмыс істеуі керек. Осы тұрғыдан келгенде, қатысушылар кең ауқымды партиялық жаңғыру үшін талқылау және шешім қабылдау үдерістеріне сарапшылар қауымын көптеп тарту керектігіне ерекше назар аударды. Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед нұротан­дықтарға «экспертократия» терминін айналымға ен­гізуді ұсынды. Өз кезегінде экспертократия пар­тия­лық және мемлекеттік мәселелерді оңтайлы шешу жолында мүлдем жаңа жүйемен жұмыс істеуі тиіс.
– Елбасы, партия Төрағасының тікелей бастама­сымен бүгінде еліміз ауқымды экономи­калық, саяси және рухани жаңғыруды табысты жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында ел дамуының он басым бағытын айқындап берді. Соның арқасында Қазақстанға Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне бастайтын жаңа мүмкіндіктерді жемісті жүзеге асыруға жол ашылды. Еліміздің бас партиясы осы айтулы жұмыстың алдыңғы легінде жүруі тиіс және тарихи міндеттердің жоғары деңгейіне сай болу керек. Бүкіл қоғамды ортақ мақсатқа ұйыстыруда сарапшылар қауымының да рөлі ерекше. Өйткені бүгінде әрбір кәсіби сарапшының қоғамдық пікір қалыптастырып, бір өзі білдей бір масс-медианың қызметін атқаруға мүмкіндігі бар. Сондықтан біздің партия халықты алаңдатқан мәселелерді талдау және сараптау жұмыстарын бұрынғыдан да қарқынды жүргізуге, қоғаммен тиімді байланыс орнатуға мүдделі, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары барлық сарапшылар үшін партияның есігі әрдайым ашық екенін айтып, оларды Үкімет мүшелерінің есебі тыңдалатын партиялық тыңдауларға шақырды. Сол арқылы министрлер мен ұлттық компания басшыларына тікелей сауал жолдауға мүмкіндік барын да жеткізді.
Кездесуге қатысқан барлық сарапшы өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша нақты ұсыныстарын айтып, ой-пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Атамекен» ҰКП президиумының мүшесі Мұрат Әбенов «Серпін» жалпыұлттық бастамасын сәтті жүзеге асыру арқылы ішкі көші-қон мәселелерін оңтайлы шешуді ұсынды. Оның айтуынша, бүгінде аталған мәселеге қатысты бірқатар түйткілдер бар. Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл жұмыстың партия бақылауына алынатынын айтты.
«Эксклюзив» интернет-ресурсының бас редакторы Қарлығаш Еженова ұлттық жоспарлау және стратегиялық құжаттарды дайындау жүйесін қайта қарау мәселесін көтерді. Бұл мәселе жөнінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жаңғыру аясында Талдау және болжау орталығы мен Стратегиялық бастамалар орта­лығынан тұратын Талдау, болжау және стратегиялық бастамалар институты құрылғанын атап өтті.
Өз кезегінде саясаттанушы, Еуразия перспективалы мәселелерді зерттеу орталығы және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев әртүрлі алаңдарда соның ішінде әлеуметтік желілерде партияның ұстанымын білдіретін спикерлер пулын құруға назар аударды. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Рахым Ошақбаев экономикалық мәселелерді талқылау үшін арнайы сарапшылар алаңын ұйымдастыруды ұсынды. Мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбаева теледидар мен әлеуметтік желілердің кері әсерінен қазақ жастары ұлттық құнды­лықтардан алыстап бара жатқанына, бұл мәселенің ең өзекті екеніне тоқталды.
Бұдан басқа саясаттанушы және қоғам қайраткері Айдос Сарым, PhD Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, қоғам қайраткері Шыңғыс Лепсібаев, «Интеллект-инкубатор» қорының жетекшісі Нұрлан Жаңай және тағы басқа белгілі сарапшылар сөз алып, өз ұсыныстарын жолдады. Соның ішінде осындай кездесулерді өңірлерде де өткізуді қолға алудың берері мол екені айтылды.
Іс-шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының алаңында мүшелері тұрақты түрде бас қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық талқылайтын тәуелсіз Сарапшылар кеңесін құруды ұсынды. Сондай-ақ ол сарапшылардың білімі мен біліктілігін, тәжірибесі мен комму­никативті мүмкіндіктерін жалпыұлттық күн тәртібіндегі маңызды міндеттерді шешуге қажетті сараптамалық және ақпараттық өнімге айнал­дыруға болатынын да атап өтті.
Нәтижесінде, барлық қатысушылар партиялық жаңғыру еліміздің экономикалық, саяси және рухани жаңғыруының басым бағыты болуы керектігін, ол үшін жетекші сарапшыларды шақыру арқылы барлық партиялық бастамаларды жүйелі жүргізудің маңызы зор екенін айтты.
Еламан ҚОҢЫР,
Суретті түсірген Рустам АМАНТАЙ
Мұрат ӘБЕНОВ:
– Партия қызметін жаң­ғыртуды неден бас­таған жөн? Әрине, ең алдымен еркін пікірталас өткізгеннің берері мол. Өйткені ол жерде әр тарап, яғни партия өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар өз ойларын ашық білдіруге мүмкіндік алады. Бірінші кезекте мұндай диалогтар ең өзекті мәселелер мен оларды шешуге барлық тараптың күш біріктіруге дайын екенін анықтауға көмектеседі. Сондықтан осындай басқосуларда тек ақиқатты ғана айтуымыз керек. Әділ сыни пікірлер де айтылуы тиіс. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бүгінгі сарапшы қауыммен кездесуін ұйымдастырушылар да дәл осындай мақсат-міндетті көздеді деп ойлаймын.
Іс-шараға қатысқан әрқайсымыз бізді алаңдатқан, әсіресе өзіміз айналысып жүрген мәселелер жайында кеңірек айтуға мүмкіндік алдық. Мәселен, мен «Серпін» әлеуметтік жобасына қатысты мәселені көтердім. Жергілікті билік ішкі көші-қонның осы бір бастамасына қолдау білдіруге құлықсыздық танытып отыр. Соның салдарынан жастардың жобаға деген сенімі төмендеп барады. Мұның бәрі әр министрліктің бұл жалпыұлттық міндетке немқұрайлы қарауынан туындауда. Жергілікті органдармен өзара іс-әрекет жүйеленбеген. Салдарынан жастарымыздың жартысы кері кетуге мәжбүр болуда. Арман қуып, үлкен сеніммен алып-ұшып келген жастардың лайықты қолдау таппағаны қынжылтады. Мұхтар Абрарұлы біздің «Серпін» жобасы партияның бақылауына алынатынын, жақын күндері әріптестік форматында бірлескен іс-әрекет жоспары дайын­далатынын айтты.
Нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп үміттенемін. Өзіме осындай іскерлік бағыттағы әңгімелер ұнайды. Әрбір сарапшы өзі айналысып жүрген, жанына жақын мәселелер жайын қаузап, өз пікірін білдірді. Кейбір түйткілдерге қатысты ортақ пікірлер айтылып, соған байланысты күш біріктіру жайы да сөз болды. Жаңа форматтың бастамасы жаман емес. Егер осы негізде бірлесіп маңызды жобаларды тиімді жүзеге асыра білсек, шын мәнінде қоғамға пайдалы іс болмақ.
Шавхат САБЫРОВ:
– Меніңше, өте дұрыс. Барлық нәр­сенің жай-жапсарын анықтап алу керек.
Әлі есімде, 2008 жылы сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед нақты бір бағытта жұмыс істеу керектігі туралы айтып, бәрімізді (сол кезде жеке маған қатысты айтылғандай әсер алдым) жан-жаққа шашырамай өз саламыз бойынша сарапшы маман болуға шақырған еді. Содан бері көп уақыт өтіп, бірқатар дүние өзгерді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының жанынан Сарапшылар кеңесінің құрылуын қолдаймын.
 
 
 
Дәрмен СӘДУАҚАСОВ:
– «Нұр Отан» тал­қылаулар мен пікір­та­ластарға бұрынғыдан да жақындай түсіп, өзінің әдіс-тәсілдерін өзгер­тіп, қызметін жаңғыртуда. Белгілі сарап­шылар, саясаттанушылар, академиялық және азаматтық орта өкілдерімен бірге партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесіп, екі жарым сағат пікір алмастық.
Сарапшылар үшін өз ойларын айтып, тың идеяларын ұсынуға мол мүмкіндік туды. Ақпараттық саясат, әлеуметтік желілердің, әсіресе, инстаграмның әсерін көп талқыладық. Іс-шарада айтылған мына бір дерек ерекше есімде қалды. Зерттеулер нәтижесі бойынша, жастардың басым бөлігі әлеуметтік желілердегі видеолардың алғашқы 14 секундындағы ақпараттарды ғана қабылдайды екен. Одан кейін қызығушылық бірден жоғалатын көрінеді. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш енді аз жылдан соң 8 секундқа дейін қысқармақ. Бүгінгі трендтің жайы осындай.
Тағы бір мәдениет саласындағы сарапшының Қазақстандағы ақпарат, білім және мәдениеттің сойылын соғып жүрген саясат­керлер жастарды терең әрі страте­гиялық тұрғыда ойлауға тәрбиелеу керек деген пікірі есімде қалды.
Шыңғыс ЛЕПСІБАЕВ:
– Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Мұхтар Құл-Мұхаммедпен және әр салада жүрген белгілі сарапшылармен мағыналы кездесу өтті. Әркім өз пікірін ашық білдірді.
Партия жаңа ақпараттық дәуір, яғни әлеуметтік желілердің нәтижесінде пайда болған қазіргі заманғы сын-қатерлермен бұрынғыдан да белсенді әрі нақты жұмыс істеу керектігін түсінді. Сондай-ақ тек партияның өзіне ғана емес, сайланбалы өкілдері, бірінші кезекте депутаттарға да ашықтық керектігіне назар аударыла бастады.
Меніңше, бұл – көпшілік үшін қызықты бастама. Бұдан басқа да көптеген өзекті мәселелер шынайы әрі еш әсірелеусіз талқыланды. Алдағы уақытта да осындай форматтағы іс-шаралар жалғасын табады деп үміттенемін.
 
Ақерке БЕРЛІБАЙ:
– Қазіргі таңда пар­тияда біздің күт­ке­ні­мізден де зор жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде бүгінде партия қабырғасында қолға алынған игі бастамалар батылдығымен, ашықтығымен таң­ғалдыруда. Атап айтқанда: сарапшылар қауымы және масс-медиамен жұмысы (NurOtanTalks-ты мысалға келтірсек болады), мамандардың әлеуетін тиімді пайдалану (жаңа есімдер, тағайындаулар), ең бастысы, «Жас Отанның» жаңғыруын ерекше атап өткен жөн.
Жаңа жеңістер мен жемістер тілеймін! Келесі NurOtanTalks-ты асыға күтеміз.


26 қаңтар 2018 ж. 872 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031