50 ЖЫЛ БІРГЕ
Жастарға отбасының адам өміріндегі ең басты құндылық екендігін дәріптеу, отбасы дәстүрін берік ұстауға, қадірлей білуге үйрету мақсатында ауылдық әйелдер кеңесінің жоспарына сай С.Бөртебайұлы атындағы клуб үйінде отау құрғандарына 50 жыл толған алтын той иелері – Төленді Айтұрсынов пен Саламат Байқадамовамен «Шаңырақ шаттығы» атты мерекелік сұхбат кеші ұйымдастырылды.
Мерекеге жиналғандар «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!» атты акциясына үн қосып, клубтың айналасына ағаш отырғызды.
«Той жыры» әнімен сахнаға көтерілген жарты ғасыр бойы қол ұстасып, сыйластықпен татутәтті өмір сүрген мерейтой иелері мен сол кезде «қыз жолдас» пен «жігіт жолдас» болғандарға шашу шашылды. Кешті ауыл әкімшілігінің бас маманы Сәрсенкүл Нақыбайқызы құттықтау сөзбен ашып, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Көркем сөз үйірмесінің мүшелері ата, әжелеріне өздерінің жүрекжарды тілегін арнады.
«Ораз ахун» шаруа қожалығы құттықтау адресатын тапсырып, сый-сияпат жасады. Ардагерлер Алмагүл Нұрпейсова, Шырын Жүсіпбаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсығали Арықбаев, аналар кеңесінің мүшелері Сағира Шоқбарова, Ақмарал Рақымжанова, кеш қонақтары мен ұрпақтары ізгі лебіздерін жеткізді.
Кеш той иелері мен көрермендермен ойнатылған «Есіңде ме сол бір кез?» атты әзілге құрылған сұрақ-жауап ойынымен қыза түсті. Әсіресе балаларының шашу шашып, немерелерінің неке сақинасын салуы, сондай-ақ кештен естелік ретінде Рая Қайырқызының «Алтын той куәлігін» тапсыруы ерекше әсер сыйлады.
Іс-шарада ауыл өнерпаздары Ақмарал Рақымжанова, Марат Хасенов, кішкентай өнерпаздар Мұстафа, Нұрали, Шахкәрім, Айарулардың әке, ана, ата, әже, туған ел жайлы әндеріне көпшілік риза болысты.
Кеш қонақтары естелік суретке түсіп, «Тәтті нандар шеруінен» дәм татып, тілек дәптерін толтырды. Кештен ауыл тұрғындары кереметтей әсермен тарасты.
Рая ЖӨНЕЙТОВА,
Ақжар ауыл














