ДӘН ҚАДІРІ
Ауыл шаруашылығы – табандылықты, терең білім мен мол тәжірибені қажет ететін сала. Оның әрбір жетістігінің артында тынымсыз еңбек, жерге деген жанашырлық пен жауапкершілік жатыр. Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырып, саналы ғұмырын егіншілікке арнаған азаматтың бірі – Үсенбек Сәденов.
Үсенбек Өмірсерікұлы 1977 жылы Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1984-1994 жылдары №109 орта мектепте білім алған. Әскери борышын өтеп келген соң, еңбек жолын ауыл орталығындағы күріш ақтау диірменінде жұмысшы болып бастайды.
Кейін күріш сушысы, бригадир көмекшісі қызметтерін атқарып, егін шаруашылығының қыр-сырын меңгерді. 2015 жылы «Ақтөбе и К» ЖШС өндірістік егіс бригадасына бригадир болып тағайындалды. Басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мен еңбекқорлығының арқасында бригада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Кәсіби білімін жетілдіруді де назардан тыс қалдырмаған ол 2015-2018 жылдары Ақтөбе жоғары ауыл шаруашылығы колледжінде «Агрономия» мамандығы бойынша білім алып, тиісті біліктілікке ие болды. 2017 жылдан бастап серіктестікте агроном болып еңбек етіп, қазір бас агроном қызметін атқарып келеді.
Маманның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы әрбір кезең үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе, егіншілік ауа райы мен су жағдайына тікелей тәуелді болғандықтан, жұмысты дұрыс ұйымдастырып, уақытты тиімді пайдалану маңызды. Сонымен қатар бүгінгі агрономия бұрынғы тәжірибемен шектелмей, заманауи тәсілдерді де меңгеруді қажет етеді. Жерді сапалы дайындау, тұқымды дұрыс таңдау, себу мерзімін сақтау, тыңайтқыштарды тиімді қолдану және су ресурстарын үнемдеу – мол өнім алудың негізгі шарты.
– Еңбек жолымда ауыл шаруашылығының әр сатысынан өттім. Әр қызметтің өзіндік қиындығы мен жауапкершілігі бар. Бригадир болған жылдар ұжыммен жұмыс істеуді, жұмысты ұйымдастырып, дер кезінде шешім қабылдауды үйретті. Бұл тәжірибе бүгінгі қызметімде де көп көмегін тигізіп келеді. Агроном үшін жердің жағдайын жақсы білу, әр алқаптың ерекшелігін ескеру маңызды. Қазір суды үнемдеп пайдалану да басты міндеттің бірі. Сондықтан агротехникалық шараларды уақытылы орындап, тәжірибе мен заманауи тәсілдерді ұштастыруға мән береміз. Ал жастарға айтарым – таңдаған мамандығының шебері болуға ұмтылып, білім алудан жалықпау және еңбектен қашпау керек. Адамды алға жетелейтін – үздіксіз ізденіс пен маңдай тер, – дейді ол.
Оның саладағы еселі еңбегі бірқатар марапатпен бағаланған. 2018 жылы «Алтын күз» мерекесінде Е.Сексенбайұлы атындағы төсбелгімен, 2019 жылы Қ.Әбішев атындағы төсбелгімен марапатталды. 2020 жылы «Ауданның үздік агрономы» номинациясын иеленсе, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасына ие болды. 2023 жылы аудан әкімінің І дәрежелі «Озат агроном» дипломымен марапатталды. Ал 2026 жылы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі О.Бектеновтің Алғыс хаты мен облыс әкімі Н.Нәлібаевтың Мақтау қағазына лайық деп танылды.
Қызметтегі жауапкершілікпен қатар, отбасындағы тәрбиеге де ерекше мән беретін Үсенбек ағаның жұбайы Ақмарал Байтанатова екеуі төрт бала өсіріп отыр. Балаларының бойына адалдық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет пен білімге құштарлық қасиеттерін сіңіруді басты міндет санайды.
Отбасындағы осы ұстанымның нәтижесі де көңіл қуантады. Үлкен ұлы Нұрдәулет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер» факультетін тәмамдап, бүгінде Алматы қаласындағы 16194 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүр. Қызы Нұржаухар «Болашақ» университетін ағылшын және қытай тілдері мұғалімі мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтады. Ұлы Нұрқуат №109 орта мектепті үздік аттестатпен тәмамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Кадастр және жерге орналастыру» мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атанды. Кенже қызы Ерке – осы мектептің 6-сынып оқушысы, оқу озаты.
Қарапайым жұмысшыдан бас агроном дәрежесіне дейін көтерілген сала маманының еңбек жолы табандылық пен кәсібіне адалдықтың айқын көрінісі. Ол үшін жұмыстың басты нәтижесі – марапаттан бұрын, жерден алынған өнім мен ел игілігіне қосылған үлес. Ал ұрпағының білімді, тәрбиелі болып өсуі – өмірдегі ең үлкен жетістігінің бірі.
Бауыржан ЖҮНІС















