ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ӨНЕГЕ МЕКТЕБІ
Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Олардың өнегесін дәріптеу, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және ұрпақтар сабақтастығын сақтау мақсатында «Руханият» орталығында мазмұнды кездесу өтті. «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ардагерлер рөлі» тақырыбындағы басқосуға аудан әкімі Жандос Еркінбек, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.
Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ашып, еліміздің бүгінгі жетістіктеріне аға буынның қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ үлкенді сыйлау, олардың өнегелі жолын кейінгі буынға жеткізу қазақ халқының тәрбиесінде ежелден маңызды орын алатынын атап өтті.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек ардагерлердің ел дамуына сіңірген еңбегі мен қоғамдық өмірдегі белсенділігін ерекше бағалайтынын жеткізді.
– Сіздер жүріп өткен еңбек жолы – біз үшін үлкен өнеге. Еліміздің бүгінгі жетістіктерінің негізінде сіздердің маңдай терлеріңіз бен адал еңбектеріңіз жатыр. Қазір де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға атсалысып келесіздер. Осы ретте ауданымыздың дамуына сіңірген өлшеусіз еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Басқосуда қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген бірқатар ардагер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жұмабек Әлиев ұлттық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосқан азаматтарға Құрмет грамотасы мен «Құрметті ардагер» медалін табыстады.
Кездесуде үлкенге құрмет, ұлттық тәрбие, дәстүрлі дін мен тарихи сананы сақтау мәселелері кеңінен қозғалды. Аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов үлкенді сыйлау мен ізеттіліктің отбасынан басталатынын атап өтсе, «Ораз ахун» мешітінің имамы Нұрбол Ибрагимов жастардың діни сауаттылығын арттырып, теріс ағымдардың ықпалынан сақтанудың маңызын түсіндірді. Ал Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, ауданның құрметті азаматы Шегебай Құндақбайұлы тарихи жады мен туған жер шежіресін кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселесіне тоқталды.
Жиында жастар тәрбиесі мен қоғамдық жауапкершілік те назардан тыс қалмады. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров жастардың қоғамдық белсенділігі туралы пікір білдірсе, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева отбасы құндылықтарын сөз етті. Ішкі істер органдарының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Есет Назарқұлов қоғамдық тәртіп пен жас буынның жауапкершілігіне назар аударды.
Бауыржан ЖҮНІС















